Үкімет сирек және жерде сирек кездесетін металл өндірісін дамытуға 11,8 млрд теңге бөлмек

Жарияланды
Шығарушы редактор
Фото: shutterstock

Қазақстан үкіметі сирек және сирек жер металл өндірісін дамытуға 11,8 млрд теңге бөлмек. Бұл туралы «Сирек және жерде сирек кездесетін металдар саласын дамыту 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарында» жазылған.

«Жобаны іске асыру үшін жоспарланған шығын көлемі республикалық бюджеттен 11,79 млрд теңгені құрайды. Тиісті бюджеттік өтінімдер заңнамада белгіленген тәртіппен республикалық бюджет комиссиясының қарауына шығару үшін Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне жіберілетін болады», – делінген жоба түсіндірмесінде.

Қазіргі жағдай қандай?

«Ашық НҚА» порталында жарияланған жоспарда соңғы 20 жылда салада ішкі және сыртқы факторларымен байланысты жағымсыз тенденция байқалатыны жазылған. Қытайдың ірі өндірушілері әлемдік нарықта үздіксіз демпинг жасап, бұл әлемде, оның ішінде Қазақстанда бірқатар металдардың шығарылуын қысқартуға және тоқтата тұруға әкеп соққан.

Сирек және сирек жер металдары – әлемдік экономиканың жетекші салалары талап ететін шикізат түрі. Олардың қатарында отқа төзімді сирек металдар (цирконий, гафний, ванадий, ниобий, тантал, молибден, вольфрам, титан), сирек жеңіл металдар (литий, рубидий, цезий, бериллий), сирек шашыраңқы металдар (галлий, индий, таллий, германий, гафний, селен, теллур, рений, рубидий); сирек жер металдары (скандий, иттрий, лантан және лантанид) бар.

Бұндай металдар «жасыл» энергетикаға көшу, цифрлық технологияларды, қорғаныс, аэроғарыш, медициналық және басқа да жоғары технологиялық бағыттарды дамыту үшін қажет. Research Center консалтингтік компаниясының болжамы бойынша, 2023-2035 жылдары сирек кездесетін металдардың жаһандық нарығының орташа жылдық өсу қарқыны 8% құрайды. Сонымен қатар, алдағы онжылдықтарда сұраныс үсыныстан асып кетуі ықтимал,

Қазақстанның жер қойнауында вольфрам, молибден, бериллий, цирконий, гафний, ниобий, тантал, висмут, литий, цезий және рений сияқты сирек металл қоры, сондай-ақ иттрий, лантан, церий, празеодим, неодим, самарий, еуропий, гадолиний сынды сирек жер металдары шоғырланған. Қазіргі уақытта 600-ге жуық кен орны мен СМ және СЖМ көріністері анықталған.

«Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ әлемдік титан өндірушілері, «Үлбі металлургия зауыты» АҚ бериллий мен тантал арасында көшбасшы орында тұр. 2004 жылға дейін «Жезқазғансирекмет» РМК рений шығару бойынша әлемде екінші орын иеленген. Бірқатар өндірістер негізгі металдардың ірі өндірушілері негізінде ілеспе өнім ретінде жұмыс істейді.

Қандай кен орындары игерілмек?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел Үкіметіне 2026 жылға қарай Қазақстандағы геология тұрғысынан зерттелетін жер көлемін 2 миллион шаршы шақырымға дейін жеткізуді тапсырған. Соның ішінде басымдық сирек және шашыранды металдарды іздеуге берілуі тиіс.

Қазіргі кезде қосымша барлау және өндірудегі ең тартымды кен орны мыналар:

  • ванадий бойынша – Құрымсақ, Бала-Сауысқандық;
  • титан және циркония бойынша – Қараөткел, Обуховская, Шоқаш, Шпаковка, Құмкөл, Сабындыкөл, Прогнозное, Горьковское, Березовское, Заячья, Дружба, Ақеспе;
  • тантал мен ниобий бойынша – Жоғарғы Ырғыз, Кварцевое, Жоғарғы-Баймурзин, Қалай-Тапқан;
  • литий бойынша – Юбилейное, Жоғарғы-Баймурзин, Бакен, Белогорск, Ахметкино, Медведка;
  • молибден және вольфрам бойынша – Көктенкөл, Дрожилловское, Жоғарғы Қайрақты, Смирновское, Оңтүстік Жауыр, Жанет, Батыстау, Ақшата; Қараоба, Байназар;
  • бериллий бойынша-Нұраталды, Дарат;
  • сирек кездесетін жерлер бойынша – Ақбұлақ, Құндыбай, Жоғарғы-Эспе, Мойынқұм, Ақдала, Талайрық, Меловое, Томақ, Тайбоғар, Тасмұрын.

Сонымен қатар, молибден мен вольфрам, фосфориттер, ванадий, титан мен цирконийдің және қазба көмірдің жекелеген кен орындарында сирек жерлерді ілеспе өндіру мүмкін.

Қазіргі уақытта қорлардың мемлекеттік балансында ескерілген сирек және сирек жер маталы кен орындарынан тек титан, цирконий және молибден қорлары әзірленуде. Титан өндірумен жоғары сапалы титан губкасын шығаратын «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ айналысады. Цирконий кенін өндіру мен байытуды «Экспоинжиниринг» ЖШС, молибден кенін – «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС жүргізеді. Алынған цирконий және молибден концентраттары экспортқа жөнелтіледі.

Қазақстанның көптеген кен орындарының кендері кешенді. Кен орындарының өндірістік құндылығын анықтайтын негізгі компоненттерден басқа, олардың құрамында СМ және СЖМ қоспалары бар. Мысалы, «Казцинк» ЖШС селенді, висмутты, индий мен таллийді, «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС – мыс теллуридін, «Қазақмыс Прогресс» ЖШС – селенді, «Қазақстан алюминийі» АҚ – галлий ілеспе алу технологиясын игерді.

Қазатомөнеркәсіп «ҰАҚ» АҚ уран өндірісінде жерасты ұңғымалық сілтісіздендіру ерітінділерінен СЖМ алудың технологиялық мүмкіндігі бар. Алайда, көптеген отандық кәсіпорындардың технологиялары негізгі компоненттерді алуға бағытталған. Сонымен қатар, СM және СЖM көптеген түрлері үйінділерге түседі, олардың көлемі үнемі өсіп отырады. ТМҚ-ны өңдеудің жылдық деңгейі жылдық өнімділіктің шамамен 11% құрайды, ал қалдықтарды өңдеудің әлемдік деңгейі шамамен 70% құрайды.

Пайдалы қазбалардың барлық барланған кен орындарын СМ және СЖМ салаларының ресурстық базасына тарту әлеуеті бар. Заманауи технологиялар негізгі металдар мен химиялық өнімдерді алу процесінде сирек және сирек жер металдарын алуға мүмкіндік береді. Мәселе КСРО кезеңінде қалыптасқан кен базасының қарқынды қазба өндірісі аясында аз толып кетуінде жатыр.

Қазіргі уақытта Қазақстанда қайта өңдеу және кәдеге жарату жүргізілмейтін электрондық қалдықтар СМ және СЖМ-нің перспективалы көзі болуы мүмкін. Осылайша, БҰҰ оқу және ғылыми-зерттеу институтының (UNITAR) деректері бойынша елімізде электрондық қалдықтардың түзілу көлемі 2019 жылы 136,1 мың тоннадан 2050 жылы 432 мың тоннаға дейін өседі. Бұл қалдықтарды сирек және сирек жер металдар саласындағы отандық кәсіпорындарда кәдеге жарату және қайта өңдеу мүмкіндігін қарастырған жөн.

Жалпы, Қазақстанның сирек және сирек жер металл саласын тиімді дамыту үшін минералды-шикізат базасын кеңейту және осы металдарды кешенді алу технологияларын енгізу қажет.

Бұған дейін, үкімет басшысы Әлихан Смайылов жоғары технологиялық өнімдерді өндіруге негіз болатын сирек және сирек жер металдарын барлау жұмыстары баяу қарқынмен жүріп жатқанын мәлімдеген еді.

«12 жыл ішінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге 2 трлн теңгеден астам жеке инвестициялар салынды. Бірақ, соған қарамастан, біз жаңа кен орындарын барлауға жұмсалатын салымдар бойынша артта қалып отырмыз. Аталған проблемаларды шешу үшін қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер қабылданды», — деді Әлихан Смайылов.

Индустрия және құрылыс министрлігі Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетовтың айтуынша, жаңа кен орындарына геологиялық барлау жүргізілмесе, Қазақстандағы бағалы және түсті металдар қоры алдағы 10-15 жылда сарқылуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз