Самұрық-Энерго 38,5 млрд теңгеге жай акцияларын орналастырды

Жарияланды
Шығарушы редактор

Фото: kursiv.media

«Самұрық-Энерго» АҚ 38,5 млрд теңгеге өзінің 403 750 жай акциясын орналастырды. Компанияның орналастырылатын акцияларын жалғыз акционері сатып алды. Бұл туралы компанияның Қазақстан қор биржасына жіберген хабарламасында жазылған.

«2023 жылғы 24 қазанда «Самұрық-Энерго» АҚ бір жай акцияға орналастыру бағасы 95 468 теңгені құрайтын жарияланған акциялар саны шегінде 403 750 жай акцияны орналастырды. Бұл акционердің акцияларды басымдықпен сатып алу құқығы арқылы жүзеге асырылды. Сатып алынған акциялардың жалпы сомасы 38 545 205 000 теңгені құрады», делінген хабарламада.

«Самұрық-Энерго» компаниясының 99,4 пайыз акциясы «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына тиесілі. 27 қазандағы жағдай бойынша, компанияның жарияланған жай акцияларының саны 8 602 187 болса, соның ішінде 5 908 217 жай акциясы орналастырылған. Жаңадан орналастыратын 403 750 акцияны есепке алсақ, енді олардың саны 6,3 млн асады.

Жалғыз акционері  «Самұрық-Энерго» компаниясын екі кәсіпорынға бөлмек. Олардың бірінде барлық көмір активтері қалады.

«Самұрық-Энерго» АҚ-ның «жасыл» активтері «Qazaq Green Power» атты жаңа энергетикалық компания иелігіне берілмек. «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Серік Түйтебаевтың айтуынша, компанияны 2024 жылы IPO-ға шығару жоспарланып отыр. Qazaq Green Power жария компаниясы 2022 жылғы 4 қарашада АХҚО юрисдикциясында тіркелген.

2007 жылы құрылған «Самұрық-Энергоның» иелігіне Qazaq Green Power-тен басқа, «Алматы электр желілері», Екібастұз ГРЭС-1, Балқаш ЖЭС, «АлматыЭнергоСбыт», Шардара ГЭС-інің 100% акциялары және жаңартылатын энергия саласындағы бірнеше жобалар кіреді. Сондай-ақ, холдинг «Богатырь Көмір» және «Ресурсэнергоголь» көмір компанияларының 50%-ын, Екібастұз ГРЭС-2 және бірнеше ГЭС-тің бақылаушы үлестеріне ие. 

Қазан айының басында «Самұрық-Энерго» басшылығында ауқымды өзгеріс болған.

Сондай-ақ оқыңыз