Көбінесе жол апатына әйелдерге қарағанда ер адамдар, алматылықтарға қарағанда астаналықтар және жастардан гөрі орта жастағы жүргізушілер жиі түседі екен. Бұл туралы Мемлекеттік несие бюросы мен Freedom Insurance сақтандыру компаниясының сарапшылары хабарлады.
Мемлекеттік несие бюроның деректеріне сілтеме жасаған сақтандыру компаниясының мәліметінше, Қазақстанда ерлер жүргізуші әйелдерге қарағанда жол апатына 4,1 есе жиі ұшырайды. Осылайша 2022 жылдың қаңтарынан 2023 жылдың тамызын қоса алғанда, сақтандыру компаниясы жүргізуші ер адам болған 100 493 жол апатын және кінәлі әйел болған 24 117 жол апатын тіркеді.
Сондай-ақ, сақтандыру компаниясының мәліметі бойынша, 2022 жылғы қаңтардан 2023 жылғы тамызды қоса алғанда Астана жолдарында 24 181, Алматыда 22 745 сақтандыру оқиғасы орын алған. Соған қарамастан, Астанада осы кезеңдегі сақтандыру төлемдерінің жалпы сомасы 11,1 млрд теңгені, Алматыда 13,2 млрд құрады. Сарапшылардың айтуынша, бұл апатқа ұшыраған көліктердің құнына, сондай-ақ компания ұсынатын сақтандыру түріне байланысты болуы мүмкін. Сақтандыру оқиғаларының саны бойынша үшінші топты сақтандыру компаниялары мамандарының мәліметіне қарай Алматы облысында тіркелген автокөліктер саны 15 664-ті көрсетті. Олармен байланысты сақтандыру жағдайлары бойынша төлемдер 10,8 млрд теңгені құрады.
Мамандар Қазақстан жолдарында апатқа ұшыраған көлік түрлері туралы қызықты деректерге тоқталды.
Олардың деректерінде 2022 жылдың қаңтарынан 2023 жылдың тамызына дейін бұл антирейтинг бойынша жеңіл автокөліктер көш бастап тұр – 136 189 сақтандыру жағдайы, одан кейін жүк көліктері – 8 674 сақтандыру жағдайы, автобустар жол апатының деңгейі бойынша үшінші орында , яғни 4 306 оқиға сақтандырылған. Бұл таңқаларлық емес, өйткені 2023 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша Қазақстанда тіркелген 5,015 миллион көліктің ішінде ең үлкен топты жеңіл автокөліктер құрайды – 4,408 миллион (87,9%), екінші орында жүк көліктері – 0,501 млн (10%), ал үшінші орында автобустар – 0,105 млн (2,1%). Осы деректерге сүйене отырып, әрбір 32-ші жеңіл автокөлік иесі, әрбір 58-ші жүк көлігі және әрбір 24-ші автобус жүргізушісі жол апатына ұшырайтынын атап өтуге болады.
Freedom Insurance мәліметтері бойынша, көлік иелерінің ең қауіпті санаты 30-39 жас аралығындағы жүргізушілер. Аталмыш кезеңде бұл топта 44 261 рет апат болған (бұл ең жоғарғы көрсеткіш).
Жол-көлік оқиғаларының жиілігі рейтингі бойынша 40-49 жастағы жүргізушілер арасында 21 411 жағдай тіркелген. Жол апаты жиілігі бойынша 19 317 санымен үшінші орында 26 мен 29 жас аралығындағы көлік иелері тұр.