Үкімет ArcelorMittal Temirtau компаниясына шетелдік инвестор тартуды көздеп отырған жоқ – Шарлапаев

Жарияланды
Шығарушы редактор
Фото: shutterstock; freepik

Қазақстан ArcelorMittal Temirtau компаниясын басқару үшін ешқандай шетелдік инвестор тартуды көздеп отырған жоқ. Оған қоса кәсіпорынды мемлекет меншігіне қайтару барысында бюджеттен қаржы алынбайды. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, компания қарашаның соңына қарай толық мемлекет меншігіне өтуі тиіс.

«Үкімет ArcelorMittal Temirtau компаниясының меншік құқығы Қазақстан Республикасына өткен соң, ешқандай шетелдік инвестор тартуды көздеп отырған жоқ. Кәсіпорындағы кәсіподақтармен жасалған ұжымдық келісім негізінде қазіргі еңбекақы, қызметкерлердің саны, барлық еңбек жағдайы өзгеріссіз сақталады», – деді Қанат Шарлапаев сейсенбі күні үкімет брифингінде.

Алайда министр «АрселорМиттал Теміртау» бойынша келісім қандай шарттар бойынша жүзеге асып жатқанын нақтыламады. Тек үкімет алдағы уақытта шығынды өтемейтінін және бұл істе бюджет қаражатын пайдаланбайтынын айтты.

«Үкіметтің «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен келіссөз жүргізіп жатқанына біраз болды. Біз алдын ала құжаттарға 22 қазан күні қол қойдық. Өздеріңіз білетіндей, АМТ бұл ақпаратты растады, құжатқа шахтадағы қайғылы оқиғаға дейін қол қойылған», – деді Қанат Шарлапаев кулуарда.

Министрдің айтуынша, қазір ArcelorMittal акционер қатарынан шыққаннан кейін Қазақстанды одан әрі сот процестерінен қорғау бойынша құқықтық жұмыс жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар, министр компания басшылығы ауысқан соң атауы да өзгеретінін айтып өтті. Шарлапаев былтыр 3 млн доллар табыс тапқан кәсіпорын өз жұмысын жалғастыра береді деді.

ArcelorMittal Temirtau компаниясына қарасты Костенко шахтасында 46 кеншінің өмірін жалмаған жарылыстан кейін, Президент Үкіметке ArcelorMittal компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату тапсырған болатын.

ArcelorMittal компаниясының өзі бірнеше айдан бері Қазақстан Үкіметімен қазақстандық бизнесті мемлекет меншігіне алу туралы келіссөз жүргізіп келе жатқанын және өткен аптада билікпен осы шотқа «қағидаттық келісім» жасасқанын мәлімдеді.

Костенко шахтасындағы апат пен компанияның мемлекет меншігіне өтетіні туралы ақпараттан кейін ArcelorMittal қағаздары 5%-ға арзандады.

Бүгін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов «АрселорМиттал Теміртауды» Қазақстан пайдасына беру рәсімі аяқталып қалғанын айтты.

«Мұндай әрекетсіздіктің салдары бірнеше жылдар бойы қайғылы жағдайларға әкеп соғуда. Компания өз міндеттемелерін орындаған жоқ. Қазіргі таңда, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясын Қазақстанның пайдасына беру рәсімдері аяқталу сатысында. Комиссия апаттың себептерін жан-жақты тексеріп, оған кінәлі адамдарды анықтау жұмыстарын жалғастырады», – деді Ә.Смайылов.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ халықаралық ArcelorMittal болат концернінің бөлігі және Қазақстандағы 15 көмір кеніші мен темір рудасына иелік етеді. 

Сондай-ақ оқыңыз