Қазақстан Ресейден 2,2 млрд теңгеге тұмауға қарсы вакцина сатып алды

Жарияланды
Шығарушы редактор

Фото: shutterstock.com

Қазақстан Ресейден 2,2 миллиард теңгеге тұмауға қарсы вакцина сатып алды. «ГРИППОЛ +» деп аталатын вакцинаның 2 млн 414 мың дозасы халықтың 12 пайызын екпемен қамтуға жетеді. Бұл туралы Оорталық коммуникациялар қызметінде  ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова мәлім етті.

«Биыл бюджет қаражатына 2,2 млрд теңге сомасына Ресейде шығарылған «ГРИППОЛ +» вакцинасының 2 млн 414 мың дозасы сатып алынды. Вакцина құрамында алдағы маусымда болатын штаммға қарсы штаммдар бар. Бұл республика халқының 12%-ын қамтуға мүмкіндік береді. ДДҰ ұсынған көрсеткіш – кемінде 10%», – деді Айжан Есмағамбетова.

Соңғы мәлімет бойынша, елімізде 1 миллион 516 мың адам екпе алған. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі бюджет қаражаты есебінен халықтың осал топтарына екпе салынып жатқанын атап өтті.

Қазан айында Қазақстанда ЖРВИ-мен 638 208 адам ауырған, оның 66%-ы – 14 жасқа дейінгі балалар. Дегенмен, вице-министр былтырғы кезеңімен салыстырғанда ауру көрсеткіші 27 пайызға төмендегенін алға тартады.

«Биыл 23-29 қазаны аралығында республикада ЖРВИ-ді 119 792 адам жұқтырған өткен аптамен салыстырғанда көрсеткіш 25,8%-ға төмендеді. Министрлік тұмау және басқа да тұмау емес вирустардың айналымын бақылап отыр. Маусым басынан бері тұмауға 2543 сынама тексерілді, тұмау вирусы анықталған жоқ», – деп түйіндеді сөзін Есмағамбетова.

Айта кетейік, Қазақстанда 1 қазаннан бастап тұмауға қарсы тегін екпе салына бастады. Тұмауға қарсы екпені медицина қызметкерлері, жүкті әйелдер, медициналық мекемеде есепте тұрған балалар, балалар үйінің тәрбиеленушілері, қарттар үйінің тұрғындары тегін ала алады.

Сондай-ақ эпидемиологиялық себептер бойынша инфекция жұқтыру қаупі жоғары азаматтар, жүрек-қантамыр жүйесінің созылмалы аурулары бар науқастар, мектеп жасындағы балалар, медициналық-әлеуметтік мекеме қызметтерін алушылар да тегін вакцина алуға құқылы.

Бұған дейін Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер «2023-2024 жылдар аралығындағы эпидемиялық маусымда тұмау және ЖРВИ бойынша санитарлық-профилактикалық, санитарлық-эпидемияға қарсы іс-шаралар өткізу туралы» қаулыға қол қойған. Соған сәйкес, бір сыныптағы оқушылардың 30 пайызында ЖРВИ тіркелсе, онда онлайн оқуға көшеді.

Сондай-ақ оқыңыз