«АрселорМиттал Теміртау» компаниясын Қазақстанның пайдасына беру рәсімдері аяқталу сатысында – Ә.Смайлов

Жарияланды (жаңартылды )
Смайылов «АрселорМиттал Теміртау» компаниясын Қазақстанға беру туралы айтты / shutterstock

Сейсенбі күні Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Үкімет отырысы Костенко шахтасында қаза болған кеншілерді еске алумен басталды. Министрлер кабинетінің басшысы отырысты қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырған апат салдарынан опат болған кеншілердің отбасыларына көңіл айтумен бастады. Оның айтуынша, шахтадағы апатқа кәсіпорын басшылығы кінәлі.

«Мемлекет басшысы Костенко шахтасында кеншілердің қаза болуына байланысты тергеу жұмысын жүргізіп, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. Осындай апат биыл тамыз айында да болған. Ол кезде 5 шахтер қаза тапты. Көп адам өліміне әкеп соққан апат өндірістегі қауіпсіздік талаптарының сақталмауына тікелей байланысты. Бұл – бірінші кезекте кәсіпорын басшылығының кінәсі», – деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысы «АрселорМиттал Теміртауды» Қазақстан пайдасына беру рәсімі қандай сатыда екенін жариялады.

«Мұндай әрекетсіздіктің салдары бірнеше жылдар бойы қайғылы жағдайларға әкеп соғуда. Компания өз міндеттемелерін орындаған жоқ. Қазіргі таңда, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясын Қазақстанның пайдасына беру рәсімдері аяқталу сатысында. Комиссия апаттың себептерін жан-жақты тексеріп, оған кінәлі адамдарды анықтау жұмыстарын жалғастырады», – деді Ә.Смайылов.

«ArcelorMittal» компаниясына қарасты Костенко шахтасында жарылыс болғаннан кейін, Президент Үкіметке «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату тапсырған болатын.

АМТ меншік иесінің ауысуы жұмысшылардың жалақысы мен әлеуметтік кепілдіктеріне әсер етпейтінін, зауыттың жаңа басшысы Вадим Басин мәлім еткен болатын.


Сондай-ақ оқыңыз