Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында «АрселлорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаменті бас директорының міндетін атқарушы Вадим Басиннің парақорлыққа қатысы бар, не жоқ екеніне қатысты сұраққа жауап берді.
Тілші: «Кеншілер шахтаға жұмысқа кіру үшін несие алған деген мәлімет бар. Схеманы Вадим Басин ойлап тапқан делінеді. Үкімет тарапынан Антикордың тексеру жүргізуін талап етесіздер ме?» – деп сұрады.
Т. Дүйсенова мәселенің ақ-қарасы үкіметтік комиссияның жұмысынан кейін анықталатынын айтты.
«Еңбек инспекциясы үкіметтік комиссия құрамына кірді. Ол инспекция тәртіп бойынша міндетті түрде жұмыс жүргізеді. Бірақ Вадим Басин туралы ештеңе айта алмаймын. Ол тексеруден кейін белгілі болатын шығар», – деді ол.
Журналистер вице-премьерден сонымен қатар, «АрселорМиттал Теміртау» басқарушысы Палаватху Кришнан Наир Биджудың жалақысына қатысты сұрақ қойды.
«Бұл жеке кәсіпорын. Сондықтан мен олардың жалақысы туралы білмеймін. Біз оған араласпаймыз. Белгілі бір бөліміне жауап беретін қызметкеріне 3 миллион айыппұл салынды. Бұл еңбек қауіпсіздігінің тиісті жағдайын қамтамасыз етпеген нақты лауазымды тұлғаның жауапкершілігі», – деді премьер-министрдің орынбасары.
Осыған дейін «АрселорМиттал Теміртау» басқарушысы күніне 1 млн теңге жалақы алып отырғанын хабарлағанбыз.
Компания өзінің басқарушы Палаватху Кришнан Наир Биджуға 2021 жылы 375,9 млн теңге немесе айына 31,3 млн теңге төлеген. Компания басқарушысы бір күнде 1 млн теңге жалақы алып отырған.
АМТ көмір департаменті бас директорының міндетін атқарушы В. Басин меншік иесінің ауысуы жұмысшылардың жалақысы мен әлеуметтік кепілдіктеріне әсер етпейтінін айтқан.