Қаржы министрі банкроттық рәсімдеу талаптарын жеңілдетуді ұсынды

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев үкімет отырысында жеке тұлғаның банкроттығын рәсімдеу үрдісін жеңілдету мәселесін көтерді.

Министр жекелеген борышкерлердің кейбір заңнамалық кедергілердің салдарынан банкроттық рәсімін кеңінен қолдана алмай отырғанын айтты. Осыған орай ол бірқатар жеңілдіктер енгізуді ұсынды.

«Біріншіден, соттан тыс банкроттыққа жататын қаржы ұйымдарының тізбесін кеңейтуді ұсынамыз. Яғни уәкілетті органның лицензияларынан айырылған, оның ішінде таратылған қаржы ұйымдарының міндеттемелерін қосу керек. Екіншіден, азаматтарды соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы өтінішке қосымша құжаттар беруден босату қажет. Үшіншіден, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспары бекітілгеннен кейін борышкердің шетелге шығуына тыйымды алып тастау мәселесін қарастырған жөн»,- деді министр.

Ол сонымен бірге банкроттыққа ұшырау барлық мәселені шешпейтінін, көбісі банкроттықтың салдарын жақсы түсінетінін айтты. Бұл ретте банкроттық процесін түсіндіру жұмыстары оң ықпал етіп жатқанын айтты.

Десе де, халықтың шектен тыс несие алуын азайтуда жеке тұлғалардың банкроттығы мен төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану өз септігігн тигізіп жатқанын жоққа шығармады.

«Қазір тиісті заң нормалары күшіне еніп, жұмыс істеуде. Оның ішінде неғұрлым сұранысқа ие болып отырғаны  соттан тыс банкроттық рәсімі. Оны тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады», деді министр.

Министр сонымен бірге жеке тұлғалардың банкроттығы бойынша «Qoldau» деп аталатын жаңа ақпараттық жүйе іске қосылғанын, бұл ақпараттық жүйе арқылы өтініш беру мүмкіндігін және өтініш берушінің тиісті критерийлерге сәйкестігін
24 мемлекеттік органдар мен ұйымдардың базалары арқылы автоматты түрде тексеруге болатынын атап өтті.

Министрдің мәліметінше, осы жылдың 3-ші наурызынан бастап банкроттықты рәсімдеуге 70 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Оның 80% астамы банкроттық рәсімге сәйкес келмейтіні анықталып, қабылданбаған. Ал 9 млрд теңгеден астам борышы бар 6 мыңнан астам азамат банкрот деп танылған.

Еске сала кетсек, банкроттыққа өтніш қабылдау  eGov.kz порталы мен eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы осы жылдың 3 наурызында басталды.

Соттан тыс банкроттық туралы алғашқы өтініш 29 наурызда мақұлданды.

3 қазанда Қазақстан Қаржы министрлігінің «Ақпараттық есептеу орталығы» АҚ баспасөз қызметі Қазақстан азаматтары банкроттық аясында 110 млрд теңгеден астам қарызды кешіруге өтініш тастағанын мәлімдеді. Бұл өтініштердің басым бөлігі Түркістан және Алматы облысы тұрғындарынан түскен. Наурыздан бері 3,7 мың адам банкрот деп танылды.

Қазіргі кезде соттан тыс банкроттыққа жалпы саны 67 мың өтініш келіп түскен. Ал сот арқылы банкрот деп тануға 1 мыңнан аса арыз берілген. Банкроттық процесі басталғалы бері 3768 өтініш беруші банкрот деп танылды.

Өзін банкрот деп жариялағысы келетіндер Халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ, электронды үкімет порталы сондай-ақ «e-Salyq Azamat» немесе «eGov Mobile» мобильді қосымшасы арқылы өтініш бере алады.

Сонымен қатар, 1414 нөміріне телефон шалып, немесе https://t.me/SalyqBot Telegram чат-ботына сұрақтар қоюға болады.

Банкроттыққа өтініш берген соң, соттан тыс банкроттық туралы шешім шыққан-шықпағанын тексеруге болады. Ол үшін tazalau.qoldau.kz сайтына кіріп, өз ЖСН мен аты-жөніңді енгізу керек.

Айта кету керек, соттан тыс банкроттық рәсімі тегін жүргізіледі.

Сондай-ақ оқыңыз