1,5 мыңға жуық банк картасы есірткі саудасы үшін қолданылған: ҰБ шетелдіктерге Visa картасын ашуға тыйым салу себебін түсіндірді

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Шетелдіктер 1,5 мыңға жуық банк картасын есірткі саудасы үшін қолданған. Бұл жайлы Ұлттық банк хабаралды.

«Интернет-алаяқтықтың және электрондық құралдарды пайдалана отырып, заңсыз транзакциялардың өсуі аясында шетелдік азаматтардың қатысуымен банкке бармай немесе бір реттік негізде төлем карталарын (дренаждық карталар деп аталатын) шығару схемаларын пайдалану жағдайлары жиілеп кетті. Бұл карталар болашақта есірткі заттарын сату үшін заңсыз мақсаттарда пайдаланылуы мүмкін. Қазіргні уақытта мұндай 1,5 мыңнан шетелдік карта анықталды, айналымы бірнеше миллиард теңгені құрайды», дейді Ұлттық банк өкілі.

Осыған байланысты Ұлттық банк резидент еместердің карточка ашу шарттарын қатайтпақ. Есірткі құралдарының заңсыз таралуымен күресу үшін Қаржы мониторингі агенттігі, ҚР Ұлттық банкі және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ұсыныстары негізінде арнайы жоба әзірленді.

«Алынған позициялардың нәтижелері бойынша қылмыстық мақсатта төлем құралдары мен қаржы ұйымдарының қызметтерін пайдалану тәуекелдерін азайтуға және алдын алуға бағытталған механизм әзірленетін болады», – деп атап өтті Ұлттық банк өкілі.

Еске сала кетсек, қазанның 26-сы күні Ұлттық банк Қазақстанда тұруға ықтиярхаты немесе уақытша тұруға рұқсаты жоқ шетелдіктерге банк картасын беруге тыйым салатын қаулы жобасын жариялады.

Қаулы жобасында Қазақстанда уақытша жүрген немесе тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға банк картасы тұруға ықтиярхаты немесе уақытша тұруға рұқсат қағазы болса ғана ашылатыны жазылған. Құжат түсіндірмесінде банк картасын клиенттің өзі келіп және «Қазақстан аумағында жүруін растайтын құжаттарды» көрсеткен жағдайда ғана беруге болатыны айтылған.

«Қазақстан Республикасына уақытша келетін немесе тұрақты тұратын шетелдікке және азаматтығы жоқ адамға «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес алынған тиісінше Қазақстан Республикасында уақытша тұруға берілген рұқсатты немесе  Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға берілген рұқсатты ұсынған жағдайда, оларға төлем карточкасы шығарылады», – делінген құжатта.

Сондай-ақ оқыңыз