Жаңалықтар

«Zhaikmunai» табысы 2022 жылмен салыстырғанда екі есе азайған

Фото: kursiv.media

Nostrum Oil & Gas PLC еншілес ұйымы «Жайықмұнай» ЖШС үшінші тоқсандағы және тоғыз айдағы операциялық нәтижелерін жариялады.

Компания есебіне сәйкес тәуліктік өнім көлемі 10288 ВОЕ (мұнай баррелінің эквиваленті) құрады. Ал 2022 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 13684 ВОЕ болған. Орташа тәуліктік сату көлемі 9 096 ВОЕ болса, өткен жылдың тоғыз айында бұл көлем 12 780 ВОЕ құраған.

Ал 2023 жылдың 29 қыркүйегінде компания «Дала барысы» кен орындарында геологиялық барлау және бағалау жұмыстарының басталғаны туралы хабарлады. Жұмыс барысында үлгілерді алу және кеңейтілген эксплуатациялық сынақтарды жүргізу үшін Тепловское кен орнының екі ұңғымасын қайта іске қосу жоспарланған. Алынған мәліметтер кен орындарының коммерциялық әлеуетін бағалауға мүмкіндік береді және 2024 жылы кен орындарын кезең-кезеңімен игеру тұжырымдамасын бекітуде осы мәліметтер ескерілетін болады.

2023 жылғы 22 тамызда компания Директорлар кеңесі Чинаревское кен орнында 2023-2024 жылдарға іске асыру жоспарланған шектеулі ауқымды бұрғылау бағдарламасын бекіткенін хабарлады. Сондай-ақ Топ пайдаланылған газлифт жүйесінің қуатын екі есе арттыратын және Чинаревское кен орнындағы өндірістің құлдырау қарқынын бәсеңдететін жаңа компрессордың сәтті іске қосылғаны туралы хабарлады. Компрессор іске қосылғаннан кейін бірден пайда болған өндірістің өсуі басшылық күткеннен жоғары болған.

Компания Ресей мен Украина арасындағы қақтығысқа байланысты салынған санкциялар Топқа әсер етпегенін хабарлайды.

«Nostrum санкциялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету және олардың Ресей Федерациясына ықтимал теріс әсерін бақылау үшін санкцияланған тұлғалардың, заңды тұлғалардың және өнімдердің ағымдағы және үнемі кеңейтілетін тізімін бақылап отырады», делінген есепте.

Компания 2023 жылдың тоғыз айындағы кірісі 88 миллион доллардан асқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда біршама аз. 2022 жылы тоғыз айдағы кірісі 155,5 миллион доллар болған. Бұлайша кірістің төмендеуі өнімдердің орташа бағасының салыстырмалы түрде төмен болуымен түсіндіріледі. Көлем де соған сәйкес төмендеген. Десе де компнаия басшылығы сатылымдар мен кірістер 2023 жылдың жоспарына сәйкес келетінін мәлімдеген.

«Nostrum есепті кезеңде алға қойған мақсаттарына жетуге тырысады. «Дала барысы» кен орындары тобындағы барлау-бағалау жұмыстарының басталуы және УПГ-3 қайта іске қосылуы операциялық қызметіміздің тұрақтылығы мен тиімділігінің артқанын көрсетеді. Сондай-ақ, Чинаревское кен орнындағы шектеулі бұрғылау бағдарламасы және газлифт жүйесін кеңейту өндірістік активтеріміздің өнімділігін арттыруға ықпал ететініне сенімдіміз. Біз Қазақстанның солтүстік-батысындағы жалпы қуаттылығы жылына 4,2 миллиард текше метр газ өңдеу инфрақұрылымын пайдалануға баса назар аудара отырып, энергетикалық активтерімізді әртараптандыруға және стратегиямызды іске асыруға басымдық береміз»,- дейді Nostrum Oil & Gas бас атқарушы директоры Арфан Хан.

Еске сала кетсек, британдық Nostrum Oil & Gas Plc еншілес компаниясы «Жайықмұнай» ЖШС 9 млрд теңге көлемінде корпоративтік табыс салығы мен қосылған құн салығы және 2 млрд теңге айыппұл төледі. Осылайша, «Жайықмұнай» ЖШС бюджетке 11 млрд теңге төледі.

Сонымен бірге Чинарев мұнай кен орнын бұрғылау қайта басталатыны туралы жазғанбыз. Бұл бағдарлама құны 26 млн долларды құрайды.