No code: әлемдік және отандық трендтер туралы ой-толғам

Жарияланды

Фото:shutterstock

No code — бизнес-қолданушыларға техникалық білімі бар маман болмаса да, бірде-бір код жазбастан өнім жасап шығаруға мүмкіндік беретін тәсіл. Бұл тақырыпта бұған дейін көлемді сұхбат ұсынған едік. Ал бүгін No code трендтері туралы айтамыз. Бұл бағытта жұмыс істеп жүрген қазақстандық мамандар жұмыс процесін қалай ұйымдастырады? Қандай іліп алар жетістіктері бар?  

Кодсыз бағдарламалау бағытында курс жасап, осы салаға қызығатындардың басын біріктіргендердің бірі — iOs бағдарламалаушы, Booking.com компаниясының Амстердамдағы кеңсесінде істейтін Нәрікби Мақсұт. Өзі бағдарламалаушы болғанымен, техникалық білімі жоқ, бірақ тез арада өнімін жасап, сатуды ойластырып жүргендерге көмек беру үшін арнайы курс дайындап шыққан. Нәрікбидің айтуынша, қоғамда ноу-кодқа сұраныс жоғары.

Нәрікби Мақсұт, iOs бағдарламалаушы: Басты фокусты қазақ аудиториясына қойдық

          – Өз басым әлеуметтік желілер арқылы көпшілікпен байланысып, белсенді бола бастаған кезде мынадай бір ойға келдім. Оқырмандарыма белгілі бір машықтарды үйрететін платформа жасаса қалай болар екен дедім. Өзім бағдарламалаушымын. Бұл салада жүргеніме 10 жылдай уақыт болды. Сондықтан бұл жолдың қиын екенін білгендіктен, адам тарту қиын болған еді. Адамға бағдарламалау үйрету үшін бір жыл, тіпті бес жыл уақыт алуы мүмкін. Яғни тез үйреніп кететін сала емес. Көбіне соңына дейін жетуге шыдамы жетпей қалып жатады. Соның ішінде біз, қазақтар, ұзақ мерзімді үйренуге шыдамайтынымыз бар. Көпшіліктің сұранысын қарасақ, тез үйреніп алатын дүниелерге құмар болды. Содан ойлана келе No Code бағытын алған дұрыс болады деп шештім. Өйткені бүкіл компанияға керек, біздің нарықта сұранысы жоғары. Мен ноу-код бағдарламалаушы емеспін, бірақ бұл саланы білемін. Осы ой келген кезде бірден маман іздей бастадым.

Сөйтіп Бауыржан есімді досыммен бірлесіп, курс жасаймыз деп шештік. Ол — ноу-код саласының маманы, фултайм осы бағытта жұмыс істейді. Біздің басты фокус қазақ аудиториясында болды. Ақылы болғанымен, айтарлықтай қымбат болмады. Бір айда нөлден бастап сайт жасауды, оны ұсынып, сатуды үйреттік. Бір байқағаным, ноу-кодты үйрену оңай, қиыны — қосымша машықтарды меңгеру. Себебі сату өнері, маркетиңнен де хабардар болуыңыз керек. Соны ескере отырып, өзін ұсыну, сату жолдарын да үйрете бастадық. Бір айда ноу-кодты үйрендіңіз, енді не істеу керек? Сайт жасап болған соң, сол дайын өнімді барып клиентке ұсынасыз. Мысалы мен Голландияда тұрамын. Бұл жақта кез келген сервис ұсынатын мекеменің сайты бар. Ал Қазақстанда көбіне әлеуметтік желідегі парақша арқылы қызмет көрсетеді. Сайтты көп жасай бермейді. Ал негізі сайт өте керек. Сөйтіп курсқа қатысқандарға жасаған сайттарын сатуды ұсындық. Айталық, стоматологиялық қызмет ұсынатын компанияның сайтын істесе, барып біртірдеп кіріп шықсын. Клиент жетіп артылады. Тек өзіңізді дұрыс ұсына алсаңыз болғаны. Ақыры ноу-код үйреткеннен бұрын біз осы сату өнерін көбірек үйреткендей болдық. Онымыз жақсы нәтиже берді. Қазір курсты тоқтатқанымызбен, алдағы уақытта тағы қолға алу ойда бар.

Арсен Қылышбек, Whoock.ai негізі қалаушы әрі бас директоры: Көп стартапшы мыңдаған функция қоссақ, клиент риза болады деп ойлайды

Қазақстандық нарықта уеб-сайтты жасанды интеллект арқылы генерация жасап, толықтай дайындап беретін Whoock сервисі бар. Бұл ерте кезеңдегі MVP-ден бастап, preseed пен seed кезеңдеріне дейінгі стартаптардың әлемдік рейтиңінде ТОП-40 тізіміне енген. Жобаның негізін қалаған Арсен Қылышбек стартапқа ноу-код пен жасанды интеллект трендтерін қалай қосқанын айтып берді.

          – Біз компанияларға жасанды интеллектпен интеграция жасауға көмектесеміз. Осылайша AI оларға код жазып беріп, қызметкерлер қатарын толықтырады. Күнделікті күйбең шаруаларды жасанды интеллектіге табыстаған соң, бағдарламалау процесі жеделдей түседі. Осыдан үш жыл бұрын, пандемия кезінде ноу-кодқа қызыға бастадым. Алдымен уеб-сайт жасайтын агенттік аштым. Сөйтіп ол жерде ноу-кодты пайдаландық. Алғашқыда уордпресті қолдандық. Әрине, Tilda, Bubble сынды басқа да платформалар болды. Десе де, өз кодыңды қосуға мүмкіндік бар болғандықтан, WordPress-ке тоқтадым. Яғни қарапайым сайттарды жетілдіріп, код жазып, кейбір жерде PHP-скрипттер қосуға болады. Осы арқылы сайтты жақсартуға болады. Осылай тапсырыстар алып жүрдім. Бірақ жаңа дүние жасағым келіп тұратын. Ойлана келе, жасанды интеллект көмегімен санаулы минут ішінде сайт жасайтын қызмет ұсынамыз деген байламға келдік.

Бұл жобаны биыл жыл басында қолға алдық. Кішігірім MVP болды. Байқағаным, бағдарламалаушылардың дені стартап бастағанда бірден идеал қылып істеуге ұмтылады. Шын мәнінде, идеал дегеннің қандай болатынын да біле бермеуі мүмкін. Мысалы мыңдаған жаңа функция қоссақ, күрделі сервистер қоссақ, клиенттің бақыттан басы айналады деп ойлайды. Ал негізі оның қажеті шамалы. Артық қыламын деп тыртық қылып алуыңыз мүмкін. Біз не істедік? MVP жасағанда GPT-ге қоса салдық. Әрмен қарай жұмыс істей келе, ненің қалай екенін көресіз. Мысалы біз кәсібін енді бастағандармен жұмыс істедік. Сервисіміз үлкен компанияларға арналмағанын түсіндік. Одан соң тағы не қосуға болатынын ойландық. Жасанды интеллектіні қазір жұмыс істеп тұрған сервистермен біріктіруге болатынын ұқтық. Осыны енгізсек, ол командамен жұмыс істейтін жерлердегі жұмыс процестерін автоматтандыруға көмектеседі дедік. Нәтижесінде осыны енгіздік. Қазіргі таңда біздің сервис мидл деңгейінде код жаза алады. Бірақ жалпы алғанда джуниор мамандардың орнын баса алады. Бұл дегеніміз бағдарламалаушыларды жұмыссыз қалдыру емес, әрине. Бар болғаны біз толықтырып, жұмысты арзанырақ атқаруға көмектесеміз. Яғни жасанды интеллект енгізілсе де, оның қасында істейтін адам керек. Бірақ AI көмегімен жұмыс сапалырақ әрі тезірек орындалады.

Осы бағыттағы тағы бір қазақстандық жоба — Qtap. Биыл сәуірде іске қосылған мультиплатформаға отандық қана емес, америкалық нарық та қызығушылық білдірген. Атап айтқанда, Starta акселераторына шақырту алған. Десе де, команда MOST Ventures венчурлық қорының Investment Ready Accelerator (IRA) акселерациялық бағдарламасын таңдаған. Жобаның негізін қалаушы Мадат Каримов стартап туралы әңгімелеп берді.      

Мадат Каримов, Qtap негізін қалаушы әрі директоры: Біздің платформа толықтай ноу-кодта

          – Басты атап өткім келетіні — бздің платформамыз толықтай ноу-кодта. Әрине, уордпрестердегідей кәсіби сайт бола қоймас. Бірақ басты ерекшелігіміз сол —сайт арқылы келіссөздер жасасуға мүмкіндік бар. Яғни санаулы минут ішінде сайтыңызды жасап, төлем тәсілін қосып, бірден тауар не қызметіңізді сатып бастап кете аласыз. Оснымен бірге біз дижитал не физикалық контентіңізді монетизациялауға көмектесеміз. Ол, мәселен, донат  не жазылым түрінде болуы мүмкін. Осының бәрі біздің платформада тамаша интеграцияланған. Қолданушыларымыздың саны 60 мыңнан асты. Америка нарығына да біртіндеп шығып жатырмыз. Біз не ұсынамыз? Алдымен сіз тіркелесіз, никнейм таңдап, монетизация бөліміне кіріп, ол жерге батырманың түрін таңдап, сомасы қанша болатынын қосасыз. Осылайша тауарыңызды сайтқа саласыз. Егер тауар таусылып қалса, онда батырма басылмайтын қылып қоясыз. Сонда адамдар ол батырма арқылы өте алмайтын болады. Қолданушы бар болғаны тумблерді жылжытады да, қай тауарды, қанша көлемде алатынын көрсетіп, Apple Pay, Google Pay не банк картасының нөмірін жазу арқылы төлеп, сатып ала алады. Профайл иесіне ақша демде түседі. Ал біз екі ортадағы комиссияны бірден ұстап қаламыз. Процесс осылай өтеді. 

Сондай-ақ оқыңыз