Жаңалықтар

46 кенші қаза болған Костенко шахтасында жұмыс істеген құтқарушылар: бірінші күні жұмыстан келгеннен кейін жыладым

Фото: http://gov.kz и http://instagram.com/msu.city

Костенко атындағы шахтаға барлау жұмысын жүргізуге барған Қарағанды облысының тау-кен құтқарушылары жантүршігерлік жағдайды жариялады.
Вадим есімді тау-кен құтқарушысы әріптестерімен бірге апаттан кейінгі жағдайды тексергенін, әдеттегідей шахтадағы жауапсыздық пен орашолақтыққа куә болғанын баяндады.
Оның сөзінен таңғы 04:00-де шахтаға келген тау-кен құтқарушылары қайғылы оқиғаның қайталануына жол бермегенін, апаттың алдын алғанын түсіндік.

«Біз өрт ошағын анықтадық. Өрт сөндіру құралын тауып алып, өртті сөндіруге кірістік. Авариялық аймақ қатты газданған. Су жоқ, су іздей бастадық. Бұл бірінші рет емес. Бар мәселе бақылауда», – деді ол.

Құтқарушының айтуынша, 540 метр тереңдікте тағы да жарылыс болуы мүмкін еді.

«Біз бұл жерге 2 сағат кеш келсек, тағыда катастрофа болатын еді. Мұнда жарылыстың толқынынан өте көп шаң жиналған. Лента жана бастаған. Себебі үстінен тұтанған. Шлюзге түскен шоқ лентаны жандыра бастаған. Бұл түтінге, жалпы пластың қызуына әкеледі. Салдарынан міндетті түрде жарылыс болады», – деді сұхбат беруші.

Тау-кен құтқарушысы Александр Григорьев қайтыс болғандардың туған-туыстарына көңіл айтып, бала кезінде әкесінің қызметін мақтан тұтқанын, қазір өзінің жұмысынан ұялатынын мәлімдеді.

«Біз шахтаға келеміз. Біздің мұнда қадіріміз жоқ. Біз ештеңе істей алмаймыз. Біздің негізгі міндетіміз жарылыстың болатынын ескерту. Біз барлау жасауға, қарауға, тексеруге, ескерту жасауға тиіспіз. Ескерту жасаймыз, оның тең жартысы болмайды. «Арселор тұрып қалса, бізге бірдеңе айтса, келісімшартты бұзады» дейді. Мен кім екенімді білмеймін. Бізден барлығын тартып алды. Негізі біз тау-кен құтқарушыларымыз. Бірақ қазір шынымды айтсам, құтқарушымыз ба, білмеймін?!» – деді ол.

А.Григорьев «Қазақстан» шахтасындағы өрт конвейердің қысылуынан, әбден шаңға толғаннан болғанын баяндады.

«Роликтер қызды, шаң тұтанды, барлығы жана бастады. Біз осының барлығын айтамыз. Ескерту жасаймыз. Ескертуге көз жұма қарайды. Біз ештеңе таппағандай боламыз. Бұрын взвод командирі конвейерді тоқтата алатын. Электр энергиясынан ажырата алатын. Ескерту бойынша қорытынды жазып беретін. Кемшілік түзелгенше шахта қызметін жалғастырмайтын. Өндіріс тоқтайтын. Бұрын ескертуге қатысты мәселе жарты немесе бір сағаттың ішінде шешілетін. Өйткені бұл өндіріс үшін қыруар шығын. Қазір бізде барлығы ақша үшін терлейді», – деді А. Григорьев.

Ол шахталарда қолдану мерзімі өтіп кеткен өрт сөндіру құралдары тұратынын, конвейерлер, роликтер, өрттің тұтануына себеп болатын шаң дер кезінде тазаланбайтынын тізбектеп берді.

Костенко шахтасындағы қазіргі жағдай қалай деп сұраған адамға А. Григорьев:

«Барлығы төңкеріліп жатыр, сіз не туралы айтып тұрсыз?! Сіз елестете де алмайсыз, онда барлығы төңкеріліп жатыр. Ондағы жарылыс адамдарды ғана бөлшектеп тастаған жоқ, темірлерді балқытып жіберді. Сіз не айтып тұрсыз?! Онда ештеңе түсініксіз. Жүретін жол жоқ. Барлығы көміліп жатыр. Біз ескерту жинаған жоқпыз. Себебі оны мәні жоқ. Тозақта қалай екенін білмеймін, бірақ мұнда өте жаман», – деп эмоциямен жауап берді.

Құтқарушы басшылық оларға адам ретінде қарамайтынын, қит етсе орындарына басқа адам табатындарын айтатынын жеткізді.

Ол апат кезінде қалай жұмыс істегенін еске алып: «Біз бірінші денелерді, кейін аяқ, қол, бастарды шығардық. Ары қарай не шығарып жатқанымызды түсінбей қалдық», – деді.

Мүрделерді жердің бетіне шығарумен айналысқан тау-кен құтқарушыларының күйзеліске ұшырағаны көзге көрініп тұрды. Осы мәселе қозғалғанда А. Григорьев:

«Жұмыс орнында психолог 2 ай бұрын ғана пайда болды. Бізде бұл бағытта жұмыс атқарылмайды. Психолог штатта тіркеліп тұр. Шынымды айтайын, бірінші күні жұмыстан келгеннен кейін жыладым. Ер адамдар табыс табу үшін, отбасын асырау үшін жұмысқа барды. Ақыры осылай болды», – деді.

Тау-кен құтқарушылары мардымсыз жалақы алады. Оларға қауіпті жұмыс атқарғаны үшін үстемеақы төленбейді. Құтқарушылар сыйақы алып көрмеген. Тау-кен құтқарушылары киімдерінің тозығы жеткен. 2008 жылы сатып алынған респираторлардың қолдану мерзімі 2018 жылы өткен.

Тау-кен құтқарушылары осы мәселелерді көтергені үшін жұмыстан қуылған әріптестерін, сонымен қатар «Қазкөміркәсіподағы» көмір өндірушілер кәсіподағына қарасты ПГСКО кәсіподақ ұйымының төрағасын қызметке қайта қабылдауды сұрайды.