Жаңалықтар

ҚазМұнайГаз Қытай және мажарлық компаниямен бірлесіп биыл «Рожковское» кен орнынан газ өндіруді бастайды

Фото: kursiv.media

«ҚазМұнайГаз» АҚ биыл мажарлық MOL және қытайлық Sinopec компанияларымен бірлесіп, «Рожковское» кен орнында газ өндіруді бастауды жоспарлап отыр, Биыл өндірілетін газ көлемі 13 миллион текше метр болады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚМГ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев мәлімдеді.

«Атап айтқанда, MOL компаниясымен біз Батыс Қазақстанда орналасқан Рожковское кен орнын игеріп жатырмыз. Ол жерде үш серіктес бар – біз, MOL және қытайлық Sinopec. Біз қазірдің өзінде өндірісті бастауды жоспарлап жатқанымызды атап өтуге болады. (…) Биыл шамамен 13 миллион текше метр газ беруді жоспарлап отырмыз», – деді Мырзағалиев бейсенбі күні Қазақстан Президентінің резиденциясында журналистерге.

Ол ұңғыманы бұрғылау және инфрақұрылымды дайындау жұмысы аяқталғанын, биыл газ өндірісін бастау жоспарланып отырғанын айтты.

«Жалпы Рожковское кен орнының қоры жылына шамамен 1 миллиард текше метр газ өндіруді жоспарлауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Мырзағалиев.

«Рожковское» кен орны Батыс Қазақстан облысында, «Чинаревское» кен орнынан 20 шақырым жерде орналасқан.

Жақында «ҚазМұнайГаз» тоғыз айдағы өндірісі нәтижесін жариялады. Соған сәйкес, леспе және табиғи газ өндіру көлемі (кері айдау көлеміне дейін) 17,9% өсіп, 7 008 млн м³ дейін артқан.

Қазақстан газ қоры бойынша әлемде 22-ші, ТМД елдері арасында Ресей мен Түрікменстаннан кейін 3-ші орында тұр. Барланған газ қорларының шамамен 98%-ы Қазақстанның батысында, бұл ретте 87%-ы ірі мұнай-газ және мұнай-газ конденсаты кен орындарында шоғырланған. Елімізде негізінен ілеспе мұнай газы өндіріледі. Бұл өндірілетін газдың 80%-ын Қарашығанақ, Қашаған, Теңіз және Жаңажол жобаларына тиесілі.

Қазақстанда өндірілетін газ қоры 3,8 триллион текше метрге тең. QazaqGaz Басқарма төрағасының орынбасары Арман Қасенов еліміздегі газ қоры 100 жылдан астам уақытқа жетеді деп мәлімдеген.