Өзбекстан заңды күшейтті: көп әйел алуға үгіттегені және қоғамдық орында паранжа кигені үшін қомақты айыппұл салынады

Жарияланды
хиджаб
Өзбекстанда паранжа мен көп әйел алуға тиым салынады /Фото: shutterstock

Өзбекстанда қоғамдық орындарда паранжа киюге және көп әйел алуға үгіттеуге тыйым салынды. Осы елдің Әділет министрлігі президент Шавкат Мирзиеевтің арнайы заңға қол қойғанын хабарлады.

Министрлік хабарлауынша, бұл қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға бағытталған шара. Соның ішінде құқық қорғау органдары енгізіп жатқан «Қауіпсіз қала» ақпараттық жүйесі жұмысын жүргізуге бағытталған. Бұл жүйе қоғамдық орындарда адамның бет бейнесі арқылы ол туралы ақпарат алу мүмкіндігін береді. Ал бетті жауып жүретін паранжа бұл жұмысқа кедергі келтіреді.

Ережені бұзған адамдар $405 бастап $810 дейін айыппұл төлеуге міндетті. Алайда қызмет барысында бетті жабуға қажеттілік болса, айыппұл салынбайды.

«Қажетті медициналық көрсеткіштер бойынша мәдени немесе спорттық шараларды өткізуге кезінде, сондай-ақ, арнайы қызмет өкілдері жұмыс барысында бетті жабатын маскаларды пайдалана алады», – делінген хабарламада.

Өзбекстанда көп әйел алуға үгіттеу де енді қылмыстық іске жатады. Осы заң талаптарына сәйкес, ресми некеге тұрмай тұрып, діни жолмен неке қидырған азаматтар $810 бастап $1620 дейін айыппұл төлеуі керек. Көп әйел алуға үгіттегендер осы көлемде айыппұл төлейді немесе 15 күнге қамауға алынады.

Айта кетейік, қоғамдық орындарда никаб, хиджаб және шолақ шалбар киюге тыйым салу туралы талқы Қазақстанда да жүріп жатыр. Бірқатар мәжіліс депутаттарының сауалдарынан кейін ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаева «Дін туралы» заңға өзгеріс енгізуге қатысты пікір білдіріп, аталмыш заң қайта қаралатынын айтқан.

Курсив сауалына берген жауабында Ақпарат министрлігі қоғамдық орындарда паранжа киюге тыйым салу туралы ұсыныстың мәнін түсіндірген еді.

Мектеп мұғалімдерімен кездесу кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев дінге қатысты таңдауды бала есейген кезде өзі жасауы керегін ескерткен. Ал Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «Қазақстанда хиджаб кигені үшін мектепке қабылданбаған оқушы жоқ» екенін айтқан болатын.

Сондай-ақ оқыңыз