Қырғызстанға баратын жаңа көлік дәлізі Қазақстанды айналып өтеді

Жарияланды

Фото:

Орталық Азияда екі жаңа көлік дәлізі пайда болады. Оның бірі Қазақстанды айналып өтсе, екіншісі Ресейден Қазақстан арқылы Пәкістанға дейін барады. Бұл келісімге Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерінің Ташкенттегі транспорт форумында қол қойылды.

«Беларусь – Ресей – Қазақстан – Өзбекстан – Ауғанстан – Пәкістан» дәлізін құруға Өзбекстан, Қазақстан және Ресей өкілдері келісті. «Ресей – Каспий теңізі – Түркіменстан – Өзбекстан – Қырғызстан» транспорт дәлізін құруға Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан тарапы қол қойды.

Осыған дейін тамыз айында Қазақстан-Қырғызстан шекарасында жүк көліктерінің кептелісі пайда болған. Қазақстаннан Қырғызстанға өту жеңіл болғанымен кері маршрут кезінде шекара қызметі ұзақ уақыт тексеру өткізіп, Қырғызстан бекетінде адамдар көп жиналған.

Осыдан кейін Қырғызстанның Экономика министрлігі Еуразиялық экономикалық комиссияға қырғыз-қазақ шекарасындағы өткізу пунктінде жүк көліктерінің өтуіне қатысты жағдайды зерделеуді сұрап үндеу хат жолдаған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдайды екі ел арасында қалыптасқан серіктестік және бауырластық қарым-қатынас аясында реттеуді тапсырды.

Кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан мен Қырғызстанның бақылау бекеттеріндегі жағдайға қатысты түсініктеме беріп, шекара өту кезінде көптеген құқық бұзушылықтарын болатынын айта кеткен.

Қырғызстан шекарада болатын кептеліс салдарынан транспорттық тасымалдау Қазақстанды айналып өту жолдарын іздеп келеді. Орталық Азиядағы көлік хабына айналу үшін Қытайдан Еуропаға дейін жүк тасымалдау қызығушылық танытқан. Алайда Қытай, Қырғызстан мен Өзбекстан өзара келісімге келе алмай бұл жоба аяқсыз қалды.

Дегенмен, қазір Қытайдан Еуропаға емес Оңтүстік Азия елдеріне тауар тасымалдау дәлізіне айналды. Биыл Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан – Ауғанстан дәлізін құру келісімі жасалды.

Сондай-ақ оқыңыз