«АрселорМиттал Теміртау»: 3 млрд доллары бар инвестор қажет

Жарияланды

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына жеке инвестор тартылатынын мәлімдеді.

«Бізге жеке инвестор тарту қажет. Ол 3 млрд доллар инвестиция құюы керек. 1,3 млрд доллар дереу салынуы тиіс. Жағдай шұғыл шешімді талап етеді. Алдағы 3 жылға кем дегенде 3 млрд доллар қаржы қажет. Мұндай инвестициясыз кәсіпорынды қалыпты жағдайда дамыта алмаймыз. Отандық инвестор болады деп жоспарлап отырмыз», – деді Ә. Смайылов тілшілерге.

Журналистер премьер-министрден бұрынғы президент Н. Назарбаев жауапқа тартыла ма деп сұрады. Ол: «Экс президент бойынша. 1996 жылы меншік құқығы «АМТ»-ға берілді. Тағы да қайталайын, өте қиын кезең болды, экономикалық құлдырау мен үлкен инфляция болды, өндіріс деңгейі төмендеді, жалақы уақытында төленбеді. Ел үшін өте қиын уақыт болды. 30 мыңнан астам адам жұмыс істеген өндірісті сақтау маңызды міндет болды. Сондықтан болар осындай шешім қабылданды. Кінәлілерге келетін болсақ, тергеу жүргізілуде. Барлық кінәлілер жауапқа тартылады. 2023 жылдың тамызында 5 шахтер қаза тапты, қазір тергеу жүріп жатыр, аяқталу сатысында, – деп жауап берді.
Ә.Смайылов «АрселлорМиттал Теміртауда» қосымша акционерлер анықталмағанын айтты.

«Біз заңды рәсімдерді атқару кезінде «АрселорМитталдан» тиісті құжаттарды алдық. Компанияның 100% акциясы «АрселорМитталға» тиесілі. Оның басқа қосымша иелері жоқ», – деді ол.

Осылайша акционерлер арасында Назарбаев әулетінің өкілдері бар деген әңгімеге нүкте қойылды.

Үкімет басшысы Костенко шахтасындағы апатқа қатысты тергеу барысында шенеуніктер жауапкершіліктен жалтарып кете алмайтынын жеткізді.

«Үкімет өзінің жауапкершілігін де түсінеді. Қаза тапқандардың отбасыларына әріптестеріміздің атынан тағы да көңіл айтқым келеді. Біздің міндетіміз – жақын арада компанияны Қазақстанға қайтаруды қамтамасыз ету. Тұрақты жұмысты қамтамасыз ету және барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындау», – деді Ә. Смайылов.

Премьер-министр тілшілердің «АрселорМиттал Теміртау» компаниясын мемлекетке өткізу шарты қашан жарияланады деген сұрағына: «Былтыр желтоқсан айынан «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының иелерімен күрделі келіссөз бастадық. Біріншіден, біз ішкі инвестициялық ахуалды нашарлатпай, сақтауымыз керек. Елімізде мыңдаған шетелдік инвестор бар. Сонымен қатар қосымша ауқымды инвестицияларды тарту мақсатымыз бар. Мәселені халықаралық соттарда қаралатын дау-дамайға жеткізбеген дұрыс.

«АрселорМиттал Теміртау» ірі компания екенін ұмытпау керек. Ол жерде 30 мыңнан астам адам жұмыс істеп жатыр. Сондықтан бұл ірі компанияның тұрақты жұмысы қамтамасыз етілуі тиіс. Келіссөз біраз уақыт алды. 22 қазан күні алдын ала тиісті шартқа қол қойдық. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясын Қазақстан Республикасының меншігіне өткізу шарттарын келістік. Әзірге бұл шартты жария ете алмаймыз. Себебі заңды рәсімдерді толықтай аяқтауымыз керек. Алдын ала жасалған келісім бойынша біз 30 қарашаға дейін, яғни бір айдың ішінде барлық рәсімдерді аяқтауымыз қажет. Содан кейін барлық ақпаратты жариялаймыз», – деп жауап берді.

Сондай-ақ оқыңыз