«Алтын орда» базарында Болат Назарбаевтың «құлағы қылтия ма» – Сауда министрі жауап берді

Жарияланды (жаңартылды )
«Алтын орда» базарына Болат Назарбаев иелік ете ме / saliqaly.kz и shutterstock

Болат Назарбаев «Алтын Орда» базарының иесі емес екені анықталды. Сауда және интеграция министрлігінде өткен брифингте министр Арман Шаққалиев тексеру қорытындысы туралы мәлімдеді.

«Білесіздер ме, біз зерделеген құжаттарда ол базар иесі деп көрсетілмеген. Сондықтан мен оның тұлғасы туралы, Болат Назарбаев меншік иесі, оның «құлағы бір жерден қылтиып тұр» деп айта алмаймын. Заң бойынша айта алмаймын», – деді А. Шаққалиев.

Министр «Алтын Орда» базарының меншік иесі саналатын тұлғалар бар екенін, оның ЖШС екенін, олар жол картасына қол қойғанын, өздеріне жауапкершілік алғанын мәлімдеді.

«Біз барлығын солардан сұраймыз. Олар тізілімге тіркелген, ресми меншік иесі», – деді А. Шаққалиев.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта бұл іске Болат Назарбаевтың қатысы жоқ.

Министр тексеріс барысында «Алтын Орда» базарында санитарлық-гигиеналық талаптың орындалмауына, өртке қарсы қауіпсіздік шараларының бұзылуына, құрылыс нормаларының талапқа сай еместігіне, көші-қон заңнамасының сақталмауына қатысты әрекеттер әшкереленгенін жариялады.

«Тәртіпті қалпына келтіріп, заң бұзушылықты жою үшін құрамына құзырлы органдардың өкілдері енген арнайы топ құрылды. Бүгінгі таңда көрсетілген кемшіліктердің басым бөлігі дұрысталды. Біздің басты мақсатымыз «Алтын Орда» базарын қалыпты, өркениетті форматқа жеткізу», – деді А. Шаққалиев.

2023 жылдың 1-маусымы күні «Алтын Орда» базарының жұмысын қадағалайтын мобильді топ құрылатынын хабарлаған едік. 5 мыңнан астам сауда нүктесі бар «Алтын Орда» базарының жағдайы Үкіметте қаралған еді.

Бұл базарда 5 мыңнан астам сауда нүктесі бар және оған күніне 50 мыңнан астам сатып алушы келеді. Базар Алматы қаласы мен Алматы облысындағы көкөніс, ет өнімдері мен жемістердің көтерме саудасының 40%, бөлшек сауданың 70%-ын қамтиды. Мұнда отандық өнімдермен қоса, көршілес елдерден кірген өнімдер саудаланады.

«Күнделікті өнімнің үлкен ағынын ескере отырып, базарда аймақтық ауқымда бақыланбайтын олигополия құрылады. Бас прокуратура және мемлекеттік органдармен тексеру нәтижесінде санитариялық, ветеринариялық, экологиялық, су, еңбек, сәулет-құрылыс, өртке қарсы, салықтық бақылау, сондай-ақ бәсекелестікті қорғау саласында 300-ден астам ҚР заңнамасы нормаларын бұзушылықтар анықталды», делінген Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

«Алтын Орда» базарында бақылау-касса машиналарын қолданбай ақшалай есеп айырысатын нүктелер анықталған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз