Bloomberg: Freedom Holding негізін қалаушы Тимур Турлов ақпараттық шабуылдан кейін күшейе түсті

Жарияланды
Bloomberg: Freedom Holding басшысына жасалған ақпараттық шабуыл оған тиімді болды / Валерий Аяпов

Акция бағасының құлдырауынан пайда көретін Hindenburg Research порталының трейдерлері тамыз айында жасаған ақпараттық шабуылдан кейін  Freedom Holding Corp. халықаралық холдингінің басшысы және негізін қалаушы Тимур Турлов күшейе түсті және дәулеті де өсті, деп жазады Bloomberg.

Тамыз айының соңында Hindenburg Research зерттеу материалын жариялап, онда Freedom Holding Corp. холдингін түрлі заңбұзушылықтарға барды және нарықта манипуляция жасады, антиресейлік санкцияларды айналып өтті деп айыптаған болатын. Турловтың өзі бұл айыптаулардың барлығы аты-жөні белгісіз дереккөз атынан жасалғанын алға тартып, оларды жоққа шығарған еді. Бизнесменнің пайымдауынша, жасырын айыптаушы компанияның бұрынғы қызметкері болуы мүмкін. Сонымен қатар, Турлов холдинг қызметін жүргізетін көптеген елдердегі реттеушілер тарапынан тексерулер жүргізілгенін атап өтті.  

Ақпараттық шабуыл жасалғаннан кейінгі уақыт аралығында Турловтың дәулеті 1 млрд доллардан аса ұлғайған. Оның негізгі бөлігі Freedom Holding Corp. акцияларынан тұрады, кәсіпкердің компаниядағы үлесі 71%. Қазіргі уақытта оның акциялар пакетінің құны 3,6 млрд доллар.  

Freedom Holding Corp. басшысы Hindenburg жасаған ақпараттық шабуылды «өте қымбат әрі сапалы сабақ» болды деп санайды. Кәсіпкер оның бизнес-үлгісі компания үшін тиімді болғанын мойындайды. Freedom Holding бизнесінің негізгі бағыты брокерлік қызмет ұсынумен байланысты. Ал, өтінімде көрсетілген эмитент акцияларының көп үлесін алуға талпынған клиеттер IPO-ға шыққан компаниялардың қағаздарымен бірге холдингтің де акцияларын сатып алуы тиіс. Акция бағаларының түсуінен пайда табуға ұмтылған «шабуылдаушылардың» әрекетінен кейін, клиенттер қысқа уақытқа болса да арзандаған Freedom Holding. акцияларын жаппай сатып алды. Нәтижесінде сұраныс артып, акция бағасы қайта көтерілді.  

Тамыз айының соңынан бастап, америкалық NASDAQ биржасында саудаланатын  Freedom Holding Corp. акциялары 11%-ға, ал жыл басынан бері 45%-ға қымбаттады. Бұған қоса, соңғы екі айдан аса уақыт ішінде брокердің маржиналды кредиттерімен жасалатын қысқа мәмілелерге тартылған холдинг акцияларының саны екі есе қысқарды.

Bloomberg-тің атап өтуінше, болашақта Freedom Holding Corp. компаниясы батыс нарықтарына көптеп шыға бастаған сайын, оған назар аударушылар да арта түседі. Қазір бұл нарықтардан компанияның  алып отырған жиынтық табысы 10% шамасында. S&P халықаралық рейтинг агенттігі брокер клиенттерінің арасында Еуроодақ азаматтарының саны өсіп келе жатқанын атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыз