1,5 млрд теңге залал келтірген: Қаржы пирамидасын құрған ерлі-зайыптылар 6 және 10 жылға сотталды

Жарияланды

«Елімай-2019» тұтыну кооперативін ұйымдастырушылары қаржы пирамидасын құрғаны үшін бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі.

Ерлі-зайыптылар екі жыл бойы 3 мыңға жуық салымшының 1,5 млрд теңгеден асатын қаражатын заңсыз пайдаланған.

«ҚМА Алматы облысы бойынша департаменті «Елімай-2019» тұтыну кооперативі қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары 2019-2021 жылдар аралығында қайтарымсыз қарыз беру түрінде 3 мыңға жуық салымшының 1,5 млрд теңгеден аса қаражатын заңсыз тартқандығы анықталды»,- делінген баспасөз хабарламасында.

Осыған дейін ҚМА бұл ерлі зайыптылардың Ербол Кизбаев пен оның жары Жазира Өмірбаева екенін хабарлады. Агенттік 2022 жылдың 20 қаңтарында оларға мемлекетаралық іздеу жариялады. Ол кезде жұбайлардың үстінен 90 жуық арыз түскен. Ал екі күн өткен соң, яғни 22 қаңтарда ҚМА баспасөз қызметі ерлі-зайыптылардың ұсталып, уақытша қамауға алынғанын хабарлады.

Жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеу мақсатында тергеу басырында қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларына тиесілі құны 1,2 млрд теңгелік мүлік анықталып, мүлікке және 129 млн теңгеге шектеу қойылған.

Сот үкімімен қаржы пирамидасын ұйымдастырушы жұбайларға 6 және 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал шектеу қойылған мүлік жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеуге жұмсалады.

Қаржылық мониторинг агенттігі қаржы пирамидасын құру, басшылық ету және жарнамалау үшін қылмыстық жауапкершілік көзделетінін ескертеді. Мәселен, қаржы пирамидасы Mudarabah Capital-ды жарнамалап, соған қатысқан Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов кінәлі деп танылып, бес жылға бас бостандығынан айырылды.

Төребаев пен Шерниязовтан басқа сотталушылардың барлығы дерлік Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша, атап айтқанда, 217-бап – «қаржы пирамидасын құру және басқару» және 262-бап – «ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және басқару» бойынша кінәлі деп танылды.

Жалпы, қаржы пирамидаларынан келген залал 12,2 млрд теңгені құраған. Бұл бір жыл бұрынғыдан 2,1 есе артық. Оның ішінде жеке тұлғаларға келтірілген залал 12,1 млрд теңге болса, заңды тұлғаларға келітірлген залал үлесі 176,7 млн ​​теңге.

Еске салайық, қаражатты инвестициялау кезінде азаматтар белгілі бір компанияда қаржылық пирамида белгілерінің бар-жоғын тексеру үшін ҚМА телеграм ботын пайдалана алады. Жыл басынан бері бұл ботқа 3511 өтініш түскен.

Былтыр 2021 жылмен салыстырғанда, қаржы пирамидалары туралы қылмыстық істер 3 есеге өсіп, 32-ден 72-ге дейін жеткен. Бұл жайлы ҚР қаржылық монторинг агенттігінің басқарма басшысы Өмірсерік Тажмағанбетов мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз