Kcell компаниясы айналым капиталын қаржыландыру үшін 90,5 млрд теңге кредит алды

Жарияланды
Шығарушы редактор

Фото: kursiv.media

Kcell компаниясы айналым капиталын қаржыландыру үшін 90,5 млрд теңге кредит алмақ. Қазіргі кезде осы қаржының 800 млн теңгесі қарыз алушының шотына түскен. Бұл жайында байланыс операторының Қазақстан қор биржасына жіберген хабарламасында жазылған.

Қарыз мөлшері эмитент активтерінің жалпы баланстық құнының 20 және одан да жоғары пайызын құрайды. Кредит алу туралы шешім биыл ақпан айының басында шығарылып, 15 ақпанда қарыз шартына қол қойылған. Ал 31 қазан күні компания 800 млн теңге алғашқы траншын алған.

Компания қарызды қайдан алды?

Актив көлемінің 18,15 пайызынан аспайтын несиені компания 2026 жылдың қазанына дейін толық өтеуі тиіс. Хабарламада кредитке қатысты басқа ақпарат нақтыланбаған.

Десе де, компанияның тамыз айында қор биржасына жіберген хабарламасында Халық банкінен қомақты несие алатыны жазылған еді. Соған сәйкес, несие сомасы «Кселл» активтерінің жалпы құнының 26,9%-ын құрауы тиіс еді. Жаңа хаарламада ол 18,15 пайызына аспайтыны жазылған. Ал компанияның жалпы активтері 2023 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша, 326,4 млрд теңгеге тең. Сарапшылар сол кезде қарыз қаражаты шамамен 85 млрд теңгені құрауы мүмкін екенін айтқан.

Экономист Бауыржан Шурманов компания қарызды ел бойынша 5G станцияларын салу үшін алуы мүмкін деген пікірде.

«Компания несиені не үшін алуы мүмкін? Ең ықтимал мақсаттарының бірі базалық станцияларды салу және 5G-ді дамыту болып табылады. Компания сонымен қатар сатылуы алдында қарыз алу арқылы өзінің акционерлік құнын арттыруы да мүмкін. «Қазақтелеком» ұялы байланыс операторларының бірін сатуға мәжбүр және ол «Кселл» болуы ықтимал. Егер сауда Almex/Halyk тобына қатысты боласа, бұл компанияны сатудың алғашқы қадамы», – деп есептейді сарапшы.

Қазақстанда 5G желісі қалай дамып жатыр?

Ал 5G желісін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мерзімінен бұрын, 2025 жылы толық қосуды тапсырғаны белгілі.

«2027 жылға дейін барлық облыс орталықтарын ұялы байланыстың жаңа буынымен қамту міндеті бұған дейін жүктелген болатын. Алайда технологияның қарыштап даму жағдайында біз де қарқынды арттыруымыз керек. Үкімет бұл жұмысты мерзімінен бұрын, яғни 2025 жылдың соңына дейін аяқтауы қажет», – деді ол.

2021 жылы жеке операторларға Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкентте 5G технологиясын тестілеу құқығы берілген еді. Жүргізілген сынақтар жақсы нәтиже көрсетікен: жиілікті қамтудың тиімді аймағы – 10 шаршы км астам, жылдамдық көрсеткіші – 1,6 Гбит/с дейін, кідіріс деңгейі – 10 мс кем болған. 

Бұған дейін телекоммуникация комитетінің басшысы Ержан Мейрамов 2027 жылы 5G еліміздің 75 пайызын қамтиды деп мәлімдеген. Бірақ бұған 1,2 трлн теңге көлемінде қаражат керек.

Желтоқсан айының соңында Kcell «Қазақтелекомға» тиесілі басқа үш оператормен (active, Tele2 және Altel) бірге Қазақстан тарихында алғаш рет 5G жиілік диапазонын ойнатқан аукционда жеңді. Аукцион нәтижесінде олар 156 млрд теңге төлейді: бірінші лот бойынша 62,7 млрд, ал екінші лот бойынша 93,87 млрд.

Мамыр айында Kcell ұялы байланыс операторы 3700-3800 МГц диапазонында 5G желісін орналастыру үшін мемлекеттен жиіліктерді пайдалану құқығын сатып алу мәмілесін аяқтағанын хабарлады.

Сонымен қатар, Kcell қыркүйек айында Jusan Bank-тің талап етуімен 40 млрд теңге қарызын мерзімінен бұрын өтеген. Өйткені Kcell аффилиирленген тұлға және банкпен ерекше қатынастармен байланысты компанияға айналған. Оған себеп – тамыз айының басында Jusan Bank акционері Ғалымжан Есенов Kcell ұялы байланыс операторындағы дауыс беретін акцияларының 10%-дан астамын иеленуі.

Қазақстан қор биржасындағы жария мәліметке сәйкес, байланыс операторының 51 пайыз акциясына «Қазақтелеком» АҚ иелік етеді. Ал 14,87 пайыз акциясы Ғалымжан Есеновке тиесілі болса, 9,08 пайызы «First Heartland Jusan Bank» АҚ-нің меншігінде. Қалған 7,06 пайыз акциясы Single accumulative pension fund JSC тиесілі.

Сондай-ақ оқыңыз