Магатэ сарапшылары Үлкен ауылы аймағы АЭС салуға жарамды екенін айтты – Энергетика министрі

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Атом қуаты халықаралық агенттігінің (Магатэ) сарапшылары Қазақстанның АЭС салу мүмкіндігін бағалап, Үлкен аймағының станция салуға дайын екендігін айтқан. Бұл туралы Алматыға сапары кезінде Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәлемдеді.

Министрдің айтуынша, Магатэ мамандары Қазақстанның АЭС салуға деген дайындығы мен мүмкіндіктерін жоғары бағалап, осы бағытта қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізген.

«Агенттік бізге құрылыс қауіпсіздігін сақтаудан бастап, қажетті технологияларды таңдауға дейін көмектесуге дайын. Станция жұмысы басталғаннан кейін ядролық қалдықтардың утилизациясына да көмектесетін болады», – деді министрі.

Халықаралық агенттік Үлкен ауылы маңындағы аумақ АЭС салуға дайын әрі жарамды екенін айтқан.

Осыған дейін қазан айының басында Энергетика министрлігі АЭС салу үшін Магатэден қолдау сұрап, агенттік сарапшыларын Үлкен аймағында зерттеу жүргізуге шақырған болатын.

Естеріңізге сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы жазда шетелдік инвесторлар кеңесінің 34-ші пленарлық отырысында Қазақстанда АЭС салынатын жер анықталғанын айтты.

2022 жылдың 13 маусым күні, сол кездегі Энергетика министрі Болат Ақшолақов атом электр станциясының Алматы облысындағы Үлкен ауылы маңында салынатынын жария етті.

«Самұрық-Қазына» қоры 2022 жылдың қыркүйек айында Қазақстандағы 16 жаңа басым инвестициялық жобалар тізімін ұсынды. 16 жобаның ішінде 2032 жылға дейін АЭС салу бастамасы бар.

Биыл тамыз айында Үлкен ауылында алғаш рет АЭС құрылысына қатысты қоғамдық талқылау өтті. Жиынға қатысқандар ортақ мәмілеге келе алмай, жанжалдасып тарқады. Жиналыстың орыс тілінде басталғанына наразы болған тұрғындар «Халық қарсы» деп ұрандатты. Көпшіліктің пікірі екіге бөлінді.

Кейін Парламентте Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Атом электр станциясын салуға қатысты бұрмаланған ақпарат тарап жатқанын жариялап, журналистерге мәселенің мән-жайын түсіндірді.

Сондай-ақ оқыңыз