Энергетикалық инфрақұрылымды жақсарту үшін тариф қымбаттауы керек – Министр

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Елдегі энергетика станцияларының 60%-ы күйреу жағдайында тұр. Оларды жаңартып, жаңа станциялар салу үшін энергетика үшін тариф қымбаттауы керек. Бұл туралы Алматы қаласына сапары барысында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты.

Оның сөзінше, осы кезге дейін әлеуметтік тұрақтылықты сақтап отыру үшін жылу тарифі төмен деңгейде сақталып келген. Алайда елдің бірқатар өңірінде болған апаттардан кейін жылу электр станцияларында жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жаңа станцияларды салу үшін қосымша қаржылай қолдау керегі белгілі болған. Бұл қолдауды әзірге мемлекеттік бюджет пен станция иелері көрсетіп отыр. Алайда жағдайды жақсарту үшін тариф бағасын көтеру де маңызды.

«Қазір энергетикалық инфраструктураны жақсарту үшін белгілі қадамдар жасалу керек. Олардың ең маңыздысы тариф бағасының өсуі. Осы саладағы компаниялар модернизациялау бағдарламаларын дайындап, бізге ұсынуы қажет. Бұл тариф төлеу инвестициясы болып қаралуы керек», – деді министр.

Жөндеу жұмыстарына және тариф бағасының өсуіне байланысты шешімді Энергетика министрлігі Экономика министрлігімен бірге талқылауы қажет екенін айта кетті. 

«Жөндеу жұмыстарына республикалық және аймақтық бюджеттен де қаржы бөлінеді. Үлкен апаттар болған кезде біз Үкімет резервіндегі қаржыны қолдандық. Осы резервтен 21 млрд теңге Екібастұз бен Риддердегі апаттың салдарымен күресуге жұмсалды», – деді министр.

Жеке меншік иелері апат салдарымен күресу үшін 16 млрд теңге жұмсаған.

Министр тариф бағасы бірден өспейтінін, алдын ала қоғамдық талқылау болып, мемлекеттік қолдауды да есептегеннен кейін ғана компаниялардың тарифті өсіру өтініштері қабылданатын айта кетті.Бұдан бөлек, энергетика саласында қызмет ететін жұмысшылардың жалақысы өте төмен екеніне мән беріп, олардың жалақысын көтеру мәселесі талқыланып жатқанын айтты. Жалақының көтерілуі де тариф бағасына әсер ететінін ескере кетті.

Былтыр қазан айында Риддер қаласындағы электр станциясында бірнеше апат болып, салдарынан қала тұрғындарын жылумен және электрмен қамтамасыз ету дұрыс жүргізілмеді. Оған себеп, ЖЭО-ның бұрынғы иелері оны жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстарына инвестиция салмаған, станцияның техникалық жай-күйі әбден тозған. Станция мемлекет меншігіне қайтарылған.

Ал былтырғы қарашада Екібастұз қалалық ЖЭО-да қазандық агрегаттары тоқтады. Қалаға барған Үкімет басшысы Әлихан Смайылов апатқа кінәлі адамдар жауапқа тартылады деп мәлімдеген.

Қазіргі кезде Қазақстанда 19 жылу электр станциясы апатты жағдайда тұр.

Сондай-ақ оқыңыз