Илон Маск: Starlink спутниктік желісі шығынсыз жұмыс істей бастады

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: kursiv.media

Илон Маск өзінің Х желісінде Starlink спутниктік желілерінің шығынсыз жұмыс істей бастағанын хабарлады.

Америкалық SpaceX компаниясының Starlink жаһандық спутниктік желісі ғарышқа алғашқы спутниктерді ұшырғаннан кейін төрт жыл өткен соң, шығынсыз жұмыс істей бастаған.

«Мен Starlink-тің шығынсыз жұмыс істей бастағанына қол жеткізгенін қуана хабарлаймын. Керемет команданың тамаша жұмысы», – деп жазды ол.

Кәсіпкер қазіргі уақытта орбитада жүрген белсенді спутниктердің көбісі Starlink-ке тиесілі екенін айтты. Сонымен бірге жерден алдағы уақытта ұшырылатын спутниктердің көбісін осы SpaceX орбитаға жібереді.

SpaceX 2019 жылдың мамыр айынан бастап Starlink спутниктерін орбитаға шығарды. Қыркүйек айындағы мәлімет бойынша Starlink жазылушыларының саны 2 миллионға жеткен.

Starlink желісі 5G стандартына сәйкес келетін секундына 1 гигабит трафик жылдамдығымен ғаламшардың кез келген нүктесінен Интернетке қолжетімділікті қамтамасыз етуге арналған. Қазіргі уақытта Жердің төмен орбитасында (Жер бетінен 550 км-ге дейін) 5 мыңнан астам осындай құрылғылар бар – бұл барлық белсенді жерсеріктердің жалпы санының жартысын құрайды. Әрбір құрылғы үш жарым жыл жұмыс істеуге арналған.

SpaceX 2019 жылдың мамыр айынан бастап бірнеше ондаған топтамамен орбитаға спутниктерді шығарып отырды. Компания жалпы 12 мыңға жуық спутник орналастыруды жоспарлап отыр. Ал болашақта бұл көлем 42 мың құрылғыға дейін ұлғаюы мүмкін. Компания 2021 жылы Интернетке қосылу және жазылу қызметі бар өз терминалдарын сата бастады.

Қазіргі уақытта компания әлемдегі ең ірі спутниктік оператор. Starlink Интернет желісі пайдаланушыларға 46 елде, соның ішінде Солтүстік Америкада, Еуропада, Қиыр Шығыста және Австралияда қол жетімді. Пентагонның айтуынша, бұл спутниктердің қызметтерін американдық әскерилер де белсенді пайдаланады. 

Еске сала кетсек, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қазан айында Илон Масктің SpaceX компаниясы Қазақстанның екі мыңға жуық ауылының мектептерін интернетпен қамтамасыз ететінін хабарлады.

«Біз осы уақытқа дейін байланыс операторларының ауылдарға жетуін күттік. Біз оларды олай да, бұлай да үгіттедік. Бірақ одан еш нәтиже шықпады. Ақырында SpaceX-ке жүгінуге тура келді. Бүгін біз Лоренмен (SpaceX-тің вице-президенті Лорен Дрейер) бірге президентке жағдайды баяндадық. Солайша интернетпен нақты проблема болған шалғай ауылдарға, спутниктік антенналар арқылы секундына 4 мегабит интернет алып жүрген екі мың мектептің қажеттілігін Starlink-пен бірге жарты жылда жабамыз деп жоспарлап отырмыз», деді Мусин Астанада өткен Digital Bridge 2023 форумында.

Министр  Қазақстан үкіметінің Starlink интернет байланынысына қанша ақша жұмсайтыны туралы айтқан болатын.

«Сіз интернет байланысының құны туралы айтқанда, бірінші кезекте мектептердің қазіргі уақытта секундына 4 МБ интернетке қанша қаражат жұмсайтынын сұрағаныңыз жөн. Қазіргі мектептер жұмсап жүрген қаражат шығындары Starlink-тің техникалық қызметіне және осы қызметті мектеп оқушыларына жеткізуге жұмсайтын сомаға тең. Біз мұнда 100-ден аспайтын оқушысы бар шағын мектептер туралы айтып отырмыз», деді ол.

Ал нақты қанша қаражат жұмсалатынын, келіссөздер жүргізіліп жатқаны себепті нақты айта алмайтынын, ол үшін әлі ерте екенін айтты.

Сондай-ақ оқыңыз