Жаңалықтар

Энергетика министрі Қазақстанның Қытайға қосымша 10 миллион тонна мұнай экспорттай алатынына кепілдік берді

Фото: shutterstock

Қазақстан Қытайға қосымша 10 миллион тоннаға дейін мұнай экспорттай алады. Бұл жайлы Алматыда өткен брифингте Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты.

«Қазіргі уақытта Қазақстан экспортының көлемі аз. Биыл бұл көрсеткіш 1 миллион тоннадан сәл ғана асты. Бізде қосымша экспорттық мүмкіндіктер бар. Яғни, құбырда бос орын бар, мен сол туралы айтып отырмын. Біз Қытайлық серіктестермен бірлесіп екі жобаны жүзеге асыру арқылы сол бос орындарды толтыруды көздеп отырмыз. Алдағы уақытта Кеңқияқ – Атырау және Кеңқияқ – Құмкөл магистральдық газ құбырының екі учаскесін кеңейтіліп, батыс облыстардан мұнай жіберуге мүмкіндік туады», – деді министр.

Ол Қазақстан қазір Қытай тарапымен алдын ала жобаларды әзірлеу туралы келісімге келгенін, ендігі тұста мұнай жеткізудің тиісті көлеміне кепілдік беру мәселесі тұрғанын айтты.

«Біз министрлік ретінде Қазақстан мұнайын Қытайға қосымша 10 миллион тоннаға дейін жеткізуді қамтамасыз ете алатынымызға кепілдік береміз», – деді Сәтқалиев.

Брифингте Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанның Қытайға жылына 11 млрд текше метрге дейін газ экспорттай алатынын да айтты.

«Қазір біз жылына 11 миллиард текше метр көлем туралы айтып отырмыз, бірақ бұл көлем біздің мүмкіндіктерге қарай реттелетін болады, газ Қазақстан-Қытай газ құбырының бағыттары бойынша экспортталатын болады», – деді министр.

Еске сала кетсек, осы жылы Қытай Қазақстаннан импортталатын шикі мұнай көлемін 9,3%-ға, 2,6 млрд долларға дейін төмендеген.

Қазақстанмен бірге Ресей де Қазақстан арқылы Қытайға тасымалданатын мұнай көлемін арттырмақ. Энергетика министрлігі дайындаған құжатта Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Мұнай транзитінің көлемі 10 млн тоннаға жеткізілетіні айтылған.