Жаңалықтар

ЕАЭС-ке мүше елдер ішінде инфляция мен жұмыссыздық жөнінен Қазақстан көш бастап тұр

Фото: kursiv.media

Қазақстанда инфляция мен жұмыссыздық көрсеткіштері өскен. Еліміз жұмыссыздық пен инфляция жөнінен ЕАЭО елдерінің ішінде алдыңғы орында.

2023 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстанна басқа, одаққа кіретін елдердің барлығында жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген жұмыссыздар саны айтарлықтай азайған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жұмыссыздар саны Қырғызстанда – 5,1%-ға, Арменияда – 13,7%-ға, Беларусьте – 26,2%-ға, Ресейде – 27,2%-ға азайған. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш, керісінше 14,1%-ға өскен.

ЖІӨ бойынша ЕАЭО-дағы ең жоғары көрсеткішке Армения мемлекеті жеткен. Бұл елде ЖІӨ – 10,5% құрады. Қазақстан +5,3% экономикалық өсіммен екінші орында тұрса, Қырғызстан +3,9% үшінші орында тұр. Ал Беларусьте ЖІӨ деңгейі сегіз айда 2%-ға ғана көтерілсе, Ресейде небары 1,6%-ға өскен.

Ал инфляциялық көрсеткіштер бойынша Қазақстан көш бастап тұр. Елімізде тамыз айының соңында ең жоғары инфляция – 13,1% құрады. Қырғызстанда инфляция 9,5%, Ресейде 5,2%, Беларусьте 2,3% болды. Ал Арменияда, керісінше, инфляция -0,2%-ға төмендеген.

Тұрғын үй құрылысы Арменияда +82,6%-ға, Қазақстанда +13%-ға Ресейде +0,7%-ға өскен. Беларусь пен Қырғызстанда өткен жылмен салыстырғанда, 6,7% және 1,7%-ға аз тұрғын үй пайдалануға берілген.

Экономикалық зерттеулер институты сарапшылары жүргізген зерттеуге сенсек, жұмыссыздық проблемасы еліміздің 20 өңірінің 8-де өте жоғары. Атап айтанда, Түркістан, Маңғыстау, Жетісу, Абай, Жамбыл, Батыс Қазақстан облыстары мен Алматы және Шымкент қалаларында жұмыссыздық мәселесі аса өткір.

Ал Ұлттық статистика бюросы қазан айында инфляция баяулап, 10.8% құрағанын хабарлады. Қыркүйекте бұл көрсеткіш – 11,8% болған.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің өсімі қаңтар-қыркүйекте 4,7%-ға дейін баяулағанын айтқан болатын.