Кино индустриясы: Бағытымыз – Қазақстан Бүгінде қазақстандық сериалдар бүкіл ТМД нарығында сұранысқа ие болып отыр

Жарияланды

ТМД аумағында кең тарап, көрерменнің көзайымына айналған көптеген веб-сериалдар бүгінде Қазақстанда түсіріліп, өз елімізде ғана емес, көрші мемлекеттерде де сұранысқа ие болуда. Кожобалар немесе қазақстандық актерлердің қатысуымен және қазақстандық болмыс ерекшелігі ескерілген киножобалар бүгінде тек Қырғызстанда ғана емес («Черный двор»), Ресейде де түсірілуде («Лада Голд»). Қазір, сондай-ақ ресейлік стримингтер де қазақстандық әртүрлі шоу жобаларға қызығушылық танытып, өз платформаларында көрсете бастаған. Соған қарағанда, «Лада Голд» сериалының бір кейіпкері айтпақшы, елдің бәрі «Қазақстанға бағыт алған» кез келсе керек, қалай дегенмен, Қазақстан бүгін танымал веб-сериалдарды шығарып та, тұтынып та отырған негізгі елдің бірі емес пе?

Осыны ескере отырып, «Курсив» бүгінгі материалында Асқар Ильясов, Азиз Бейшеналиев, Азамат Нигманов сынды қазақстандық актерлер де қатысқан криминалдық комедия жанрындағы ресейлік сериал туралы және отандық «НТК» арнасы түсірген «Алаяқтар» («Мошенники») сериалы жөнінде сөз қозғайды – қазақстандық бұл жобаға қазір ресейлік «Кинопоиск» платформасында сұраныс зор.

Орыс киносындағы қазақ дәуірі

Жоғарыда айтып өткеніміздей, бүгінгі таңда қазақстандық веб-сериал индустриясы туралы естімеген адам жоқ – бұған, көп жағдайда, Salem Social Media түсірген бірқатар тартымды кинотуындылар септік етуде. Атап айтсақ, Айтөре Жолдасқалидың Sheker, Алишер Утевтің «5:32» және «Сержан Братан», Диас Бертистің «Черный двор» (қырғыздармен арадағы кожоба) сериалдары, т.б. Бұл жобалар халықаралық марапттарға ие болумен қатар, оларды қазір бүкіл ТМД көрермені тамашалап жүр. Жалпы, бұл тұрғыдағы контентті тұтынушылар санымен есептегенде, ТМД аумағында Қазақстан нарығы Ресейден кейінгі екінші орында тұр. Украинадағы соғыстың басталуымен, бұған дейін қазақ көрерменін аса бағалай қоймаған солтүстік көршіміз енді қазақ нарығын игеруге барынша ден қойып, қазақстандық көрермендердің қатысуына негізделген алғашқы шоу жобаларын да ұсына бастады. Соның бірі – жас режиссер Никита Власов түсірген «Лада Голд» сериалы («Среда» компаниясы). Бұл жоба ivi онлайн кинотеатрында көрсетілді.

Сериал сюжеті бойынша оқиға желісі Қазақстаннан 350 км қашықтықта орналасқан ресейлік Тольятти қаласында өтіп жатады. Сонау 90-шы жылдары әйгілі болған екі кейіпкер: қылмыс әлемін бағындырған «криминалдық авторитет» Мидас пен кеңестік милицияның аңызына айналған Огурцовтың немерелері алтыннан жасалған «Лада» көлігінің иегері болып шығады. Мұны естіген Тольяттидегі мафия атаулы түгелдей көтеріліп, бұл екеуінің ізін кесуге аттанады. Сөйтіп, алтын көлік мінген екі жігіт тығылар жер таппай, Қазақстанға қашады. Әрине, қазақ жерінде бұл екеуін құшақ жайып қарсы алғысы келетіндер жоқ емес (мысалға, былтыр мобилизациядан қашқан жігіттерді күтіп алған секілді), алайда, орыс бандиттері бұған жол бере қоя ма – олар енді Қазақстанда да екі жігіттің ізіне түсіп, дес бермейді. Алтын көлікке деген талас – «Бумер», «Бригада», «Жмурки» сынды ресейлік криминалды кино жанрының ең танымал дәстүрлеріне сай түсірілген.

Кинодағы қазақтың бейнесі өзгере бастапты…

Аталған сериалға қатысты рецензия жазбас бұрын, ондағы өзіндік бір-екі өзгеріске тоқтала кетсек. «Лада Голд» – қызықты сценарийімен, қуақы кейіпкерлерімен және, ең бастысы, актерлердің мықты ойынымен ерекшеленетін сериалдың бірі. Сонымен қатар, мұнда қазақ кейіпкерлерін бейнелеу барысында да жаңа бір леп байқалады, дұрысын айтсақ, қазақ образын сомдауда менталдық өзгеріс бар. Яғни, қазақ енді бұрынғыдай «байғұс гастарбайтер» бейнесінде емес (орыс сериалдарында бұған дейін көрсетіліп келгендей, оның ішінде соғыс туралы фильмдер өз алдына бөлек тақырып), олар енді өз алдына бөлек-бөлек тұлға және олармен қазір қалжыңдаудың өзі артық. Мысалға, бұл сериалда олар өңкей «криминалдық авторитеттер». Біріншілері – тура ессіз қарақшы деуге тұрады – мексикандық баскесерлер мен жапондық якудзалардың о жақ, бұ жағы, олар ешкімнен де, ештеңеден де қорықпайды: бұл арада Асқар Ильясов жағымсыз бейнедегі кейіпкерді керемет сомдаған. Екіншілері – мейірбан да дана деуге тұрарлық (қылмыс әлемінің өкілі үшін бұлай айтқан орынсыз болса да): Азиз Бейшеналиев (қазақстандық-қырғыздық-ресейлік актер) өз кейіпкерін дәл осындай етіп көрсеткен. Әлбетте, мұнда «қарапайым адамдар» санатындағы кейіпкерлер де бар, бірақ олар енді Ресейде «қаңғып жүрген гастарбайтерлер» емес, олар, әншейін, автокөлікке техникалық қолдау көрсететін станцияның қызметкерлері – бұл образдарды ресейлік қазақ Азамат Нигманов пен өзбек актері Сейдулла Молдаханов сомдаған.

Бір қызығы – бұл сериалда «қазақтарды» көрсету үшін Ресей киносындағы азиат пішінді барлық актерді түгел жинаса керек, мысалға, мұнда қалмақ Евгений Сангаджиевті, Алтай Республикасы мен Тыва Республикасының еңбек сіңірген әртісі Амаду Мамадаковты көре аласыз. Ал Бешеналиевтің кейіпкерінің қызын ресейлік танымал актриса Стася Милославская ойнайды. Сол сияқты, бұл сериалда Қазақстанда дүниеге келсе де, біздің еліміз туралы жағымсыз пікірлерімен қазақтарды ашуландырып алған Павел Прилучный да бар (криминалдық басшы Мидасты ойнайды, ол туралы бұдан басқа айтарымыз жоқ).

Айтпақшы, сериалдағы оқиға желісі «Қазақстанға» ығысуымен қатар, мұндағы кейіпкерлер «Ирина Қайратовнаның» әндерін тыңдап, қазақша да сөйлейді (кейде қазақшаға ұқсас, бірақ шындығында қырғызша не татарша болуы мүмкін), реті келгенде қазақша балағаттап та жатады, сол кезде күлкіге дес берер «тілдік акцент» анық байқалады. Орыс актерлерінің бұл «қылықтары» шынында да күлкілі, өйткені олардың «қазақшасын» танып, түсіну мүмкін емес. Бұл тұрғыда, тіпті, «тэнге» дегенге де құлағың үйреніп қалғандай көрінеді. Сериал барысында, сондай-ақ, қазақ фильмдеріне тікелей сілтеме болар эпизодтарды да көзіміз шалып қалды, мысалға, бір тұсында сериал авторлары Гука Омарованың «Бақсы» фильмінен шабыт алса керек деп ойладық.

Назар аударыңыз! Материалда спойлер болар мәліметтер бар!

«Лада Голд» сериалының оқиға желісі Тольяттиде өтіп жатқан екі бірдей жерлеу рәсімінен бастау алады. Оның бірінде қала жұрты «криминалдық авторитет», Мидас лақап атымен танымал Михаил Дасыгинмен, екіншісінде – оның өмірлік жауы, кеңестік кіршіксіз милицонер, зейнеткер, капитан Огурцовпен (Иван Фоминов) қоштасып жатады. Бірінші оқиғада «Мидас» атасымен қоштасуға оның Нидерландыдағы немересі – хипстер Артур (Роман Евдокимов) келген болса, милиционер Огурцовтың немересі, қашанда жолы болмайтын Павел (Эльдар Калимулин) атасының жерлеуіне өзі жауапты екенін жақсы түсінеді. Хипстер Артур атасын соңғы рет бұдан 20 жыл бұрын көрген және ол орыс бандиттерімен иықтас болуға құлықты емес: Мидастың ықтималды мирасқоры ретінде өзіне қастандық жасалуы мүмкін екенін ол жақсы біледі, бірақ тарихи отанын біржолата тастап кету ол үшін қиынға соғады. Ал Павел болса атасымен күні кеше ғана сөйлесіп отырған, ол аты аңызға айналған капитан Огурцовтың немересі екендігін мақтан тұтады, бірақ оның қалтасында көк тиын жоқ, өйткені ол жұмыссыз әрі әбден қарызға батқан – баспахана ашу туралы арманы әзірше орындала қоймаған. Атасынан қалған жалғыз мұра – ескі «Лада». Сөйтсе… ескі көлік тұтасымен, кезінде капитан Огурцов мафиядан тартып алған алтыннан жасалған болып шығады.

Мұны естіген тольяттилік қылмыс әлемі бекер отырсын ба – өңірдегі барлық бандиттер үдере көтеріліп Павел мен оның алтын көлігінің ізін кеседі, олардың арасында басынан жараланған «орыс терминаторы» Шамрай (Данил Воробьев), «Лысый» лақап атымен белгілі әккі қылмыскер (Кирилл Полухин), «қара жесір» атанған Буба (Марина Зудина) және дауысынан айырылған Гриша (Игорь Черневич) да бар. Қарақшылардан қашып құтылмақ болған Павел абайсызда көлігімен Артурды қағып кетеді, енді олар екеулеп қашуға мәжбүр. Жол бойында Артур «Қазақстанға бару керек» деп, бажылдап қоймайды – онда тұратын Қасым (Азиз Бейшеналиев) Мидасқа қарыз болса керек, ендеше ол бұл екеуіне көмектесуі тиіс. Алайда, Қазақстанға жету үшін «Лада» мінген екі жігітке, оттан да, судан да, шекарадан да тайынбай өтіп, «қазақ бекзадасы» Қасым ІІІ-мен (Артур іздеген Қасымның ессіз ұлы) кездесуге тура келеді. Сюжет барысында әйел кейіпкерлер де аз емес, мысалға, Павелдің құрбысы Полина (Анна Богомолова), Полинаның анасы (Ольга Тумайкина), т.б. Әрине, сериал соңында адалдық, махаббат және туыстық қатынастар (қалай дегенмен, оқиға Қазақстанға ауысты емес пе?!) үстемдік құрып, бәрін жеңіп шығады.

Ресей бандиттері туралы әзіл көзқарас

«Лада Голд» – орыс мафиясы арасындағы бүгінгі атыс-шабысты ұтымды да тапқыр етіп суреттейтін криминалдық драмеди жанрындағы сериал. Бір қарағанда, бұл тақырып барынша ескіріп, 90-шы жылдарға деген сәнмен бірген құрдымға кеткендей еді, бірақ ресейлік жас сценаристер Никита Власов (сонымен қатар, сериалдың режиссері) пен Егор Чичканов мұнда да  жаңа сюжет иірімдерін таба білген. Негізі, көпшілік түсіне алатындай сценарий жазып, оны 8 серияға шақтап, сыйғызу – оңай шаруа емес, авторлар екі бірдей уақыт кезеңіне құрылған оқиға желісін көрсете алған: бүгінгі күн мен әйгілі 90-жылдар туралы. Сондықтан да жасы 30-дан асатын кейіпкерлердің біразының жас кезіндегі бейнелері де есепке алынған, мысалға, 25 жыл бұрынғы Қасымды Евгений Сангаджиев сомдайды.

Сюжетті басқару барысында сценаристер оқиға желісін кездейсоқ кейіпкерлерге тапсыру секілді өзіндік тиімді тетіктерді қолданған. Айталық, Огурцовтың көршілері (оқиғаның қалай өрбігенін бір әйел екіншісіне тәптіштеп айтып отырады), көлік жуатын станцияның қызметкерлері, таяу маңда әңгіме соғып, бос отырған екі жігіт (олар Мидас пен Огурцовтың арасындағы текетірес туралы естігендерімен бөлісіп жатады), жалпы, осы оқиғаны еске алып, әңгіме қозғайтындар аз емес, арасында, тіпті, немересі бар бір атай және ескі камераның пленкасында кездейсоқ сақталып қалған сюжет те бар. Бұл тетік экран уақытын барынша үнемдеп, оқиға желісін көрерменге түсінікті етіп, шақтап берген. Негізі, болашақта біздің сценаристер де ескеруге тұратын ұтымды тетік.

Өзіндік қызықты микс…

Сериал авторлары сәйкесуі мүмкін емес дейтін сюжеттерді де қызықты әрі үйлесімді етіп келістіре алған: 90-шы жылдар туралы криминалдық оқиғаларды Шекспирмен; ежелгі грек трагедияларын (қолы тигеннің бәрін алтынға айналдыратын Мидас патша туралы миф) түрме туралы американдық сериалдармен; мексикалық сериалдарға тән құмарлық пен үндіс фильмдеріндегі сюжет иірімдерін; қазақтарға тән туыстық қатынастар мен сүйгенінің соңынан тұра жүгіруге дайын тұрған әйелдердің оқиғасын. Айта кету керек, сериалдағы романтикалық оқиға желілері (мұнда осындай 4 оқиға бар) өте әдемі етіп берілген.

Сол сияқты, сценаристер әр кейіпкеріне ерекше реңк беруге тырысса керек, мысалға, Шамрай – Шварценеггерге еліктейтін кейіпкер, әйгілі Терминатордың әр сөзін қайталауға қашанда дайын. Ал «әнші Гришка» дауысынан айырылған («Breaking Bad»/«Во все тяжкие» сериалындағы Гектор Саламанка сияқты), өз ойын өзгелерге жеткізу үшін ол мұнда дыбыс шығарушы аппаратты қолданады (дыбыс толқындарын сөзге ұқсас дыбысқа айналдыратын өзіндік бір түтікше).

Сериалдағы актерлердің жұмысы ең талапшыл дейтін көрерменді де бейжай қалдырмайды: бас рөлдердегі Эльдар Калимуллин мен Роман Евдокимов өз кейіпкерлерін мықты сомдаған. Кішігірім рөлдердегі актерлердің жұмысы да өте әсерлі – үнемі жағымды кейіпкерлерді ойнайтын Асқар Ильясов шынымен де әккі жексұрынды керемет сомдаған, ал Азиз Бейшеналиевтің кейіпкері әдеттегідей әдепті боп шыққан. Мойындау керек, солтүстіктегі көршілеріміз кино кейіпкерлерін тартымды етіп сипаттауды жақсы біледі, оның ішінде, криминалдық образдарды да. Ал сериалдағы әйел кейіпкердің бейнесін өте мықты сомдаған актирса – Ольга Тумайкина, ол кезінде Некрасов жырлап кеткен орыс әйелдерінің көпке танымал бейнесін тамаша жеткізе білген.

Жалпылай алғанда, «Лада Голд» сериалы «голд» санатындағы туынды деуге тұрарлық, бірақ бұл сериалға қатысты екі бірдей сұрағымыз бар. Біріншісі сюжетке қатысты – алтын көліктің қозғаушы күші неден жасалған? Сериал бойы бұл көлікке бір тамшы бензин құйғанын не дөңгелегін ауыстырғанын көрген жоқпыз. Кез келген жерде «Феррари» іспетті жүйткіп жүрген «Ладаға» қатысты күмән көп. Сол сияқты, сериал кейіпкерлері ауыр жарақат алып жатады: біреуінің саусағын кесіп тастаса, екіншісінің кеудесіне оқ тиеді дегендей. Алайда, ертеңіне бәрі де дін-аман, түк болмағандай қайтадан шауып жүреді. Екінші сұрақ идеологиялық тұрғыда – әзілдің де, сезімнің де өз орны, өз болмысы, өз табиғаты бар, ал бұл сериалда қарақшылық пен қатыгездік атадан қалған мұрадай етіп көрсетілген, біздіңше, бұл шындап ойланатын нәрсе…

Ал енді қазақстандық «Алаяқтар» сериалына назар аударсақ – онда алаяқтық схемасының мың да бір жолы туралы баяндалып, көрерменге маңызды ескерту жасалған: өзіңіз туралы кез келген дерек, мәліметті құпия ұстап, өзгелерге қолды етуден аулақ болыңыздар!

Назар аударыңыз! Материалда спойлер болар мәліметтер бар!

Айта кетейік, отандық «НТК» телеарнасында түсірілген Олжас Нұрбайдың (басты кейіпкердің бірін өзі ойнайды) 12 сериялық жаңа фильмін «Кинопоиск» орыс тілінде көрсету үшін сатып алған болатын. Бұл жобаның ресейлік платформадағы рейтингі қазір өте жоғары – көремендер қалдырған 28 мыңға жуық пікір негізінде жасалған 10 балдық жүйеде 8.2 деген баға алған. Пікір қалдырушыларға қарап, дауыс бергендердің арасында қазақстандық қана емес, ресйлік көрермендер де бар екенін байқай алдық. «Кинопоиск» арқылы «Алаяқтар» сериалын басқа да қай елдерде көруге болатыны белгісіз, бірақ, біздіңше, мұның өзі кәдімгідей жемісті қадам.

Қазақстандық өнімнің бұл жетістігіне, ең алдымен, жоба авторы, яғни Bas Production тобы негіз болды деп ойлаймыз – отандық киноиндустрия саласында өткір де өзекті мәселелер көтеріп, ащы шындықты ашық айтатын, көрерменмен халық киносы тілінде сөйлестін киностудияның бірі дәл осы ұжым. Мысалға, бұл топтың табысты жобасының бірі жемқорлық тақырыбын қозғайтын комедиялық веб-сериал «Саке» («$ake»). Ал аталған ұжымның жаңа сериалы бүгінде ел ішінде емін-еркін орып жүрген алаяқтар тақырыбын қозғайды. Ақылға қонымсыз жағдай – соңғы екі жылдың өзінде ғана ел азаматтары қыруар ақшадан қағылып, әртүрлі алаяқтарға жем болған. Мәселен, 2022 жылы жеке тұлғаларға алаяқтардың әрекетінен келген шығын көлемі елімізде шамамен 100 млрд теңгені (дәлірек айтсақ, 10 айда 95,8 млрд теңге) құраған. Биылғы көрсеткіш бұдан да зор: «Курсив» таяуда жазған болатын, 2023 жылдың 9 айының өзінде ғана елімізде 15 мыңнан астам интернеттегі алаяқтық әрекеті тіркелген. Оның 3 мыңнан астамы банк қызметкерлерінің атынан жасалған. Бір ғана қазан айында алаяқтық туралы оннан астам жаңалық тарап кетті, ондағы оқиғалар бірінен бірі асады, мысалға, ел ішіндегі зейнеткер апайдың бірі 21млн теңгеге тоғытып кредит алып, бар ақшаны алаяқтарға ұстата салған…

«Алаяқтардың «қармағына» ілінбес үшін не істемек керек?

Сонымен, «Алаяқтар» сериалы туралы қысқаша синопсис: өте жоғары деңгейдегі алаяқ Дамир (Рүстем Омаров) және оның «оң қолы» болып жүрген Мақсат (Олжас Нұрбай) ештеңеден қорықпайтыны соншалықты, олар ІІМ алдында алаяқтық call-center ашып, 10–15 адамды жұмысқа алған. Бастапқыда телефон арқылы хабарласып, жұртты ұсақ-түйекпен алдап, олардың ондаған мың теңгесін қалтаға басқан алаяқтар, уақыт өте қаржылық пирамида ұйымдастырып, тіпті, медициналық орталық «ашуға» дейін барады. Әрине, онда емделушінің бойында атымен жоқ диагноздар қойылып, медицина қызметі үшін азаматтар кредит алуға мәжбүр болады.

Сериал авторлары тақырып бойынша көп материал жинаса керек, «Алаяқтардың» бастапқы бес сериясы Леонид Каневски жүргізетін «Следствие вели» жобасын еске салады. Яғни, киносериал мен деректі фильм тетіктері негізінде құрылған. Бастапқыда авторлар алаяқтықтың түрлері туралы айтып, біраз ескерту жасайды, мысалға, SMS-код түрінде келген қандай да бір мәліметті бөтен адамдарға айтуға болмайды деген сияқты: әдетте алаяқтар телефондағы ақпаратқа осылайша қол жеткізіп, қаражатыңызды жымқыруы мүмкін. Сериалдағы бір әйел дәл осындай жолмен ипоткалық жарна ретінде жинаған миилиондаған теңгесінен айырылып қалған.

Бұл сериалда алаяқтық схемалар туралы көптеген мәлімет бар – жиһаз әзірлеп береміз деп алдайтындардың әрекетінен бастап, аңқау да ақкөңіл әріптесінің көңілін аулап, тосыннан сыйлық жасауға дейін: кредит келісіміне қол қойғызып алу үшін. Алаяқтар, әдетте, алдымен таныстарына қымбат бағаға көлік, пәтер сатып, аудиторияны өздеріне «үйретіп, бағындырып» бастайды, ал оларға сенім артушылар қатары көбейген сайын, олар жұрттың ақшасын қалтасына басып, қашып кетеді. Кейде халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерінен жылжымайтын мүлікке салынған ауыртпалықты алып тастауды сұрап, уақытша деп жасалған мәміле негізінде мүлікті сатып, біреудің ақшасын қолды етуші схемалар да жоқ емес. Яғни, «Алаяқтар» сериалында біздің аңғал да аңқау, көп жағдайда, қаржылық және заңдық тұрғыда сауатсыз халқымызды алдау жолдарының ондаған түрлері мысал етіледі.

Былайша айтқанда, алаяқтардың әрекетінен хабарсыз көрермен үшін бұл сериал қызықты әрі пайдалы, ал дәстүрлі киноны күткендерді жалықтырып жіберуі мүмкін, бірақ аяғына дейін шыдасаңыз, біраз нәрседен мағлұмат аласыз, әсіресе, сериалдағы алаяқтар командасы жасақталып, кейіпкерлердің арасында өзара қарым-қатынас басталған тұста…

«Алаяқтар» көрерменді шынымен де баурай алады

Алаяқтар құрған call-center ішінде әр кейіпкердің өз функциясы бар. Біреуі – ІТ маманы, ол команда мүшелерін жасырын номерлермен қамтамасыз етіп, көңілшек, аңқау азаматтардың телефонын бұзып, аша алады; екіншісі – дропщик, яғни ақшалай қаражатты қолма-қол етумен айналысады; үшіншісі – тренинг «маманы», ол жұртқа қажетсіз заттарды сатудың хас шебері және әр адамның көңілін тауып, оңай алдай алады; төртіншісі – ерлердің құмарлық ермегін пайдаланып, оларды веб-камераға түсіріп, артынан ақша талап етіп, бопсалауды жолға қойған. Жалпы, бұл командада осындай 10 адам бар. Оқиға желісі осы топтағы Диана есімді (Фариза Ескермес) кейіпкермен тікелей байланысты.

Ал оқиғаны өрбітуге негіз болған кейіпкер – Берік есімді азамат, бұрынғы опер (Ақылхан Алмасов): ол кезінде осы алаяқтарға алданып қалған әйелінің кегін алмақ, оның мақсаты – қылмыскерлерді өз қолымен тұтқындау. Әрине, сериалда полиция қызметкерлерінің тұтас бір командасы да бар, бірақ олар жапа шеккендерге еш көмек көрсете алмайды, қолдарынан келетіні тек арыз жазғызып алу (Фархат есімді опердің рөлінде Азамат Нигманов). Сәйкесінше, қол астындағыларға айқайлап, нәтиже талап етумен жүрген басшылар да жоқ емес (олардың біреуін Bas production тобының бас продюсері Ақылбек Досжанов ойнайды). Асықпай, баяу өрбіп басталатын сюжет барысының әр эпизоды серия сайын көрерменді өзіне тартып, баурай бастайды, әсіресе, соңғы серияда саспинс тетігі өте ұтымды әрі әсерлі етіп қолданылған. Финалдық нәтижеде бірнеше сюжеттік желі біріктіріліп, келесі маусымға арқау болған.

«Алаяқтар» сериалының артықшылық тұстары арасында көрерменді жалықтырмайтын риторикалық айқын ұстанымды жазбай тануға болады: абай болыңыз, қырағы болыңыз, дейді сериал авторлары, байқамай осындай жағдайға тап болып жатсаңыз, сізге ЕШКІМ де көмектесе алмайды: полиция да, сот та, кредит берген банк те, досатырыңыз бен туыстарыңыз да. Оңай ақшаның арбауына түскен әр адамға ой салар басты түйін – әр нәрсенің өз сұрауы бар, мейлі о дүниеде не бұл дүниеде болсын, маңайдағы жұртты алдап, өзгенің дүниесін қолды ету, әншейін пендешілік әрекет емес, бұл – ауыр күнә, оның өз тиісті жазасы бар. Сондай-ақ, сериалда суицид мәселесі мен есіртке қолданудың салдары да назардан тыс қалмаған, жалпы, оқиға барысындағы құлдырау желісі дәл осы «құмарлықтан» бастау алады. Сюжет драмасына түпкілікті мән беру үшін алаяқтардан жапа шеккендер де көрсетіледі: олардың ішінде жылдар бойы үнемдеп жинаған ақшасынан қағылған жас отбасылар мен барлық жиып-тергенінен бір күнде айырылып қалып, жылап отырған егде жастағы апайлар да бар…

Алаяқтық түбі кедейлік пе?

Неге екені белгісіз, сценаристер бұл сериалда алаяқтарды бір типті кейіпкерлер қатарына жатқызған – жетім өскендер, жағызбасты аналар, жолы болмаған спортшылар, ата-анасы ауыр халде жатқан соң осындай жолға түскендер, нашақорлар, бір сөзбен айтқанда, бұл өмірде сенім артар ешкімі жоқ адамдар деген сияқты. Алайда, алаяқтың психологиясы өте бай әрі алуан түрлі, олардың бәрін әлжуаз топтардың өкілі деуге келмейді, олардың арасында ауқатты адамдар да жетіп асады. Алаяқтардың арасында жанашырлық сезімнен жұрдай, айтқан сөзінде бір ауыз шындық сөз кездеспейтін патологиялық өтірікшілер де бар. Жұртты алдаудан ләззат алатын құмар ойыншылар мен жатып ішер жалқаулар да бар. Сериалда жылы қарым-қатынас орнатуға тырысқан қылмыскерлердің манипуляциялық әдіс-тәсілдері де көрсетілген.

Десек те, біздіңше, сериалдың бірінші маусымында басты алаяқ Дамирдің образы толық ашыла қоймаған. Әрине, ол кез келген адамның өмірін қиып, өлтіре салатын қатыгез де жауыз адам, ол, тіпті айтар сөзін де еш эмоциясыз, суық та сабырлы кейіпте жеткізе алады. Ия, басты алаяқ осындай болуы тиіс те шығар, оның алдағы қимыл-әрекетінен былайғы жұрт мүлдем хабарсыз. Әйтсе де оның әкесімен арадағы қарым-қатынасын (ол кезінде алаяқтардан жапа шегіп, шөгіп қалған әкесін жек көреді) әрі қарай тереңдетіп көрсетуге болар еді. Сериалда бұл оқиға  бір ауыз сөзбен жеткізіледі – әлде ол әдеттегідей өтірік айтып отыр ма? Бұл жағы көрерменге түсініксіз, бірақ, мүмкін, сериалдың екінші маусымында белгілі болып қалар.

Осы арада актерлердің жұмысына да тоқтала кетсек: біріншіден, әрқашан мінсіз әрі кез келген рөлге әп сәтте жараса кететін Рүстем Омаров – Қазақстанға тән қай оқиғада болмасын ол туа біткен кейіпкер. Екіншіден, режиссер Олжас Нұрбайдың орындауындағы драмаға толы актерлік мықты ойын. Үшіншіден, өз кейіпкерін Фариза Ескермес те мейлінше жақсы сомдаған. Сол сияқты, қоюшы оператор Бағдат Арғыновтың жұмысы да өте әсерлі: бұл жолы ол ымырт түсірілімді қолданған, сюжет ішінде көбінесе әншейін силуэттер ғана көрінеді – бұл алаяқтық әлемнің сұрқай сұры, экранға қадала қарасаң да, миллиардтаған теңгені айналдырып жүрген осынау түнеріңкі қапастан не күтуге болатынын, сіз бәрібір білмейсіз…

Ашығын айту керек, артық та кем тұстарына қарамастан, «Алаяқтар» – отандық көрермен үшін шынымен пайдалы дейтін, нағыз халықтық сериал. Онда алаяқтық тақырыбы барынша ашық та әсерлі етіп қозғалып, ең бастысы, халықты сауаттандыруға ұмтылыс жасалған. Енді біраздан кейін біз алаяқтарды оларға тән өзіндік тіл ерекшелігі мен сөйлеу мәнерімен ғана емес, өзге де ерекшеліктеріне қарап, тани аламыз деген үміттеміз.

Сондай-ақ оқыңыз