«Кейбірі кетуге дайын емес»: Сыртқы істер министрлігі Газа секторында Қазақстанның 76 азаматы бар екенін хабарлады

Жарияланды
ҚР СІМ Газа секторында қанша қазақстандық қалғанын айтты / shutterstock

Газа секторында Қазақстанның 76 азаматы бар. Отбасы мүшелерімен бірге санағанда олардың саны – 161 адам. Бұл туралы сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты.

«Биыл 1 қарашада шетелдік азаматтар мен қос азаматтығы бар палестиналықтарды эвакуациялау басталды. Өкінішке қарай, 4 қарашадан бастап Рафах пункті (Мысыр) арқылы шетелдіктер мен жаралыларды эвакуациялау тоқтатылды. Мысыр және Израиль талаптарына сәйкес әр елге Рафах пункті арқылы шетелдіктерге өтуіне белгілі бір күн беріледі. Мұнда ағымдағы өткізу қабілеті тәулігіне 500-ге жуық адам, сондай-ақ шамамен 45 елдің елшіліктері ұсынған тізімдегі адамдардың жалпы саны ескеріледі. Бұл шамамен 7 мың адам. Біздің деректеріміз бойынша, қазір Газа секторында Қазақстанның 76 азаматы бар. Отбасы мүшелерімен бірге санағанда олардың саны 161 адам», – деді Айбек Смадияров СІМ-де өткен брифингте.

Сондай-ақ шетелдіктердің отбасы мүшелерінің шығуына байланысты Мысыр және Израиль тарапынан белгілі бір талаптар бар. Мысылы, үштен бір бөлігі жоғарыда талаптарға сәйкес келмейді. Бұл – кәмелетке толған балалар, ерлі-зайыптылар, немере және балалардың жұбайлары.

«Осыған байланысты кейбір азаматтарымыз отбасы мүшелерін алып кетуге мүмкіндігі болмағандықтан Газа секторынан кетуге дайын емес. Біз Қазақстан азаматтарын эвакуациялауды мүмкіндігінше тезірек жасау үшін барлық күш-жігерімізді салып жатырмыз. Дегенмен көп нәрсе бізге байланысты емес. Бұл әскери дипломатиялық дағдарысты бүкіл әлем күресіп жатыр. Біз өз тарамыздан толық дайынбыз. Азаматтарымыз Мысыр шекарасынан өткеннен кейін арнайы эвакуациялық борт Каирден ұшып шығуға дайын», – деді СІМ ресми өкілі.

Айтуынша, шетелде қазақстандықтардың құқығы мен мүддесін қорғау – Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мен елшіліктердің міндеттердің бірі.

«Алдын алу шараларын қабылдау үшін Таяу шығыстағы жағдайды бақылап отырмыз. Өкінішке қарай оның шиелінісі күрделеніп келеді», – деді Смадияров.

Бұдан бұрын Сыртқы істер министрлігі Газа секторында Қазақстан азаматы қаза болғанын хабарлаған еді.

«22 қазанда Газа секторын атқылау салдарынан Қазақстан азаматы қаза болды. Өкінішке қарай, онымен бірге 23 жастағы қызы да көз жұмды. Қыз Палестина азаматы болатын»,- дедіСІМ баспасөз қызметі. 

Отандасымыз Газа секторында күйеуі Палестина азаматымен бірге ұзақ уақыттан бері тұрып келген. 

Айта кетейік, Айбек Смадияров Қазақстанның Иорданиядағы елшігінің хабарлауынша Газа секторында біздің еліміздің паспорты бар 25 азамат бар екенін айтты. Олар негізінен Палестина азаматтарына тұрмысқа шыққандар. 

Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі 10 қазан күні Астана уақыты бойынша сағат 16:45-те Израильдің Тель-Авив қаласынан Қазақстанға репатриациялық рейс ұшып шыққанын хабарлады.

«Бортта 166 жолаушы бар, олардың ішінде 124 ҚР азаматы және 42 шетелдік азамат. Бүгін кешке ұшақ Алматы қаласына келеді деп күтілуде», делінген министрлік таратқан хабарламада.

СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров борттағы 124 қазақстандық барлығы да елге қайтуға ниет білдіргендер екенін мәлім етті.

Ал, Bloomberg хабарлауынша, БҰҰ Газадан шетел азаматтарының шығуы тағы екі күнге тежелгенін айтқан. Соңғы екі күнде бірде бір шетел азаматы және қос азаматтығы бар палестиналықтар Газа аймағынан шыға алмаған. Бұдан бөлек, Газадан жаралы адамдардың шығуы да қиындап кеткен. БҰҰ әзірге «шетел азаматтары екі күннен кейін шығуы мүмкін» дегенімен, Bloomberg бұл ақпараттың «күмән тудыратынын» жазады.
БҰҰ гуманитарлық мәселелерге қатысты реттеу басқармасы Израиль, Хамас пен Мысыр өзара келісімге келе алмағандықтан, эвакуациялау тежеліп тұрғанын хабарлаған.

Сондай-ақ оқыңыз