Кіріс аз, шығыс көп: 9 айда мемлекеттік қарыз шығынына 3,7 трлн теңге жұмсалған

Жарияланды
Шығарушы редактор

Фото: kursiv.media

Жыл басынан бері мемлекеттік қарызға қызмет көрсету және өтеу үшін бюджеттен 3,7 трлн теңге жұмсалған. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының талдау орталығы Қазақстанның биыл 9 айдағы жиынтық бюджетіне жасаған шолуда осындай дерек келтіріледі.

Қазақстан экономикасының өсімі жеделдегеніне, (2022 жылдың сәйкес кезеңіндегі ЖІӨ өсімі 2,8%-бен салыстырғанда 4,7%-ды құрады) биржалық металдар шығаратын кен орындары және басқа да пайдалы қазбаларға салынған салықтың айтарлықтай көтерілгеніне қарамастан, бюджетке түсетін салық түсімі шамалы ғана өскен.

Қазақстанда қызмет көрсету экономикасы (ЖІӨ-де қызмет көрсету үлесі басым) болғанымен, шоғырландырылған бюджетке қаржы негізінен мұнай экспортынан түседі. Ал есепті кезеңде Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы барреліне $81,9 құрады, бұл былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20%-ға төмен ($102,3), бірақ оның ел бюджетіне енгізілген болжамды бағасына ($85) жақын. Экономикалық белсенділік артса да, салықтың аз түсуінің себебі – осы.

Биыл қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанда ₸16,7 трлн салық жиналған, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырсақ, 8% жоғары. Ал 2022 жылдың 9 айында өсім 71%-ды құраған.

2023 жылдың аяқталуына 3 ай ғана қалса да, жиналатын салық жоспары тек 64 пайыз орындалған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 86 пайызды құраған еді.

Атап айтқанда, республикалық бюджеттің кіріс бөлігіне 1,1 трлн теңге (КТС бойынша салық түсімі – 819 млрд теңге, импорт бойынша ҚҚС – 243 млрд теңге, шикі мұнай бойынша ЕТП – 203 млрд теңге, пайдалы қазбаларды өндіру салығы- 145 млрд теңге) әлі түспеген.

Ал мембюжеттің шығысы кірісінен асып түсті. Биыл РБ шығысы бірден 19 пайыз, яғни 3,2 трлн теңгеге өсіп, жалпы 20,2 трлн теңгеге жетті. Шығыстың бұлай өсуіне – мемлекеттік қарызға кеткен шығын себеп. Биыл мемқарызға қызмет көрсету мен өтеуге кеткен қаражат бірден 39 пайызға өсіп, 3,7 трлн теңгеге жеткен. Яғни бүкіл бюжет шығысының 18 пайызы борышты өтеуге жұмсалған. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 2,7 трлн теңгені құраған. Одан кейін білім (+₸716 млрд), әлеуметтік көмек және қауіпсіздік (+₸583 млрд) салаларына жұмсалған шығыс артқан.

Ал әлеуметтік шығын мен жеңілдікті несиенің жоғары қарқынмен өсуі тұтынушылық сұраныстың артуына, ақша массасының өсуіне және соның салдарынан инфляцияның жоғарылауына, бюджет борыш жүктемесінің артуына әкеп соғады.

Қаржыгерлердің дерегі бойынша, бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін ₸5,1 трлн несие тартылды (91% орындалды). Салықтың жоспардан аз түсуі одан да көп қарыз алуымыз мүмкін екенін байқатады.

Салық аз түсіп, шығыны көбейіп тұрған бюджетті толықтырудың тағы бір жолы ретінде Үкімет ҚМГ акцияларын Ұлттық қорға сатуды қолға алған. Алайда бұл қордың негізгі функциясы: жинақтау (болашақ ұрпақ үшін шетел валютасындағы ресурсты жинақтау) және тұрақтандыруға (республикалық бюджеттің мұнай бағасына тәуелділігін төмендету) қарама-қайшы.

Сондай-ақ оқыңыз