Фото: қордың баспасөз қызметі
«Өнеркәсіпті дамыту қоры» 7 500 жай акциясын қор нарығына орналастырды. Жалғыз акционері – Қазақстан даму банкі акцияларды басымдықпен сатып алу құқығын пайдаланады. Директорлар кеңесінің шешімі қордың KASE-ге жолдаған ақпаратында жазылған.
«Облигациялары Қазақстан қор биржасының (KASE) ресми тізімінде тұрған «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ Директорлар кеңесінің 2023 жылдың 01 қарашадағы қоғамның жалғыз акционерінің басым құқығын іске асыру жолымен бір акция үшін 2,0 млн теңге бағамен жарияланған акциялар саны шегінде 7 500 жай акцияны орналастыру шешімі туралы KASE-ге хабарлады», – деліген ақпаратта.
Қордың бір жай акциясының бағасы – 2 млн теңге. 7500 акцияға қор жалпы сомасы 15 млрд теңге тартпақ.
KASE дерегі бойынша, Қордағы жарияланған жай акцияларының саны – 1 436 430 дана болса, орналастырылған акциялар саны – 1 246 430 дана.
«Өнеркәсіпті дамыту қоры» 2020 жылы Индустриялық даму және «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламаларының жұмыс істеп тұрған қаржы операторы – «ҚДБ-Лизинг»АҚ негізінде құрылған.
Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ еншілес ұйымы және «Бәйтерек «Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ құрылымына кіреді. Оның қызметі қаражат, оның ішінде өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері шеңберінде жиналатын қаражат есебінен 3%-дан аспайтын мөлшерлеме бойынша серпінді өңдеуші кәсіпорындарға қолжетімді кредит беруді қамтамасыз етуге бағытталған.
Аталмыш қор 4 пайызбен автонесие беру бағдарламасының операторы болды. Қазақстанда жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы 2022 жылдың мамырында басталған еді. Алайда қазіргі кезде автонесие қаражаты қоғамдық көлік алуға жұмсалып жатыр.
Қор маусым айында әр данасы 2 млн теңге тұратын 50 мың жай акциясын, қыркүйек айында тағы да 10 мың жай акциясын орналастырды.
Биыл қазан айында Ринат Гаппаров «Өнеркәсіпті дамыту қорының» Басқарма төрағасы болып сайланды.