Қазақстан энергетика саласына қажетті құрал-жабықтар өндірісін дамытуға ниетті

Жарияланды
Шығарушы редактор
Фото: shutterstock

Қазақстан 2028 жылға қарай энергетика саласында қалданылатын құрал-жабдықтардың жалпы қосылған құнын 4,5 есе арттыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың депутаттар сауалына берген жауабында жазылған.

Қазіргі кезде бұл саладағы өндіріс көлемі 21 млрд теңгені құрайды.

«Өнеркәсіпті одан әрі дамыту мақсатында үкімет Қазақстан машина жасаушылар одағы, салалық бірлестіктер және кәсіпорындармен бірлесіп, Қазақстан Республикасының машина жасау саласын дамытудың 2024–2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірледі. Құжатта энергетикалық саланы қоса алғанда, салалық мәселелердің кең ауқымын шешуге бағытталған шаралар қамтылған. Жоспардың басты мақсаты – саладағы жалпы қосылған құнды 2021 жылғы деңгеймен салыстырғанда 4,5 есе арттыру», – деп жазылған жауапта.

Осы мақсатта 2028 жылға дейін деректерді KEGOC, «Самұрық-Энерго» АҚ сынды табиғи монополисттер сайтында жариялау арқылы энергетика саласындағы өндіруші және таратушы кәсіпорындардың сұранысқа ие өнімді сатып алу қажеттіліктерін үздіксіз жинау, талдау және жаңарту жоспарланған. Отандық өндірушілерге сондай-ақ қолданыстағы құрылғыларды жаңғырту және кеңейту, сондай-ақ жаңа энергетикалық нысандарды, оның ішінде жаңартылатын энергия көздерін салу кезінде өз өнімдерін басымдықпен пайдалануға уәде беріледі.

Сонымен қатар, «инвестицияға айырбастау тарифі» саясаты шеңберінде энергетикалық кәсіпорындарға инфрақұрылым объектілерін, оның ішінде электрмен жабдықтау желілері мен жылу желілерін қайта жаңарту және жаңғырту кезінде отандық өнімді пайдалану міндеттелмек. Бұған қоса, Индустрия және құрылыс министрлігі салалық кәсіпорындармен бірлесіп, инвестициялау және өндірісті оқшаулау бойынша міндеттемелерді көздейтін өнеркәсіптік жинақтау туралы келісім жасау мәселесін пысықтап жатыр.

Сондай-ақ, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекске өзгерістер мен толықтыру енгізіліп, жер қойнауын пайдаланушылар, квазимемлекеттік сектор, жүйелік маңызы бар кәсіпорындар және табиғи монополиялар субъектілеріне өнеркәсiптi дамытуға бағытталған (офтейк келiсiм-шарттары) және мердiгерлiк сатып алу туралы келісім жасауы міндеттелуі мүмкін. Бұл келісімдер тек қана отандық өнімді, оның ішінде машина жасау саласындағы кәсіпорыннан сатып алуды көздейді.

Ынтымақтастықтың сәтті мысалы ретінде Смайылов «ҚазЭнергоПауэр» компаниясымен орташа кернеулі тарату құрылғыларын шығару жобасын жүзеге асырған SIEMENS AG компаниясын келтірді. Республика аумағында және ТМД елдеріне жеткізілетін өнімдегі қазақстандық үлес 65% құрайды. Сонымен бірге, SIEMENS AG Қазақстанда өндіріске арналған өнім түрлерін кеңейту мәселесін қарастырып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз