2023 жылдың 30 қазанынан бастап Қазақстан аумағы арқылы бидайды теміржолмен транзиттік тасымалдауға ресми түрде рұқсат берілді.
Ауыл шаруашылық министрлігі биыл 25 қыркүйекте бидайды автомобиль және теміржол әкелуге алты айға тыйым салу туралы шешім қабылдаған. Алайда министрлік хабарлауынша, бұл шешім екіұшты түсіндіріліп жатқандықтан, бұйрыққа транзиттік тасымалдау туралы нақтылау енгізілген.
«Лицензияланған элеваторлардың, астық өңдеушілердің, құс шаруашылығы кәсіпорындарының мекенжайына темір жол көлігімен бидай әкелуді және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы бидай транзитін қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағына үшінші елдерден және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен темір жол көлігімен әкелуге тыйым салу енгізілсін», – делінген жаңа бұйрықта.
«Қазақстан аумағы арқылы бидайды темір жол көлігімен транзиттік тасымалдауға шектеу қойылмайтынын ескертеміз», – деп хабарлайды АШМ.
Тамыз айында Қазақстан Республикасының сырттан бидай әкелуге шектеу (6 ай көлемінде) енгізетіні мәлімделді. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұйрығының тиісті жобасы «Ашық НҚА (нормативтік-құқықтық актілер)» сайтында орналастырылды. Қазан айынан бастап бұйрық күшіне енді.
Қазақстан ресейлік бидайды автомобиль көлігімен тасымалдауға тыйым салуды 2024 жылдың 10 сәуіріне дейін ұзарту туралы шешім қабылданған еді. Бұл бидайды сұр схемамен экспорттауға тосқауыл болмақ.