Атырау мұнай өңдеу зауыты жоспарлы тексерістен кейін толық қуатында жұмыс істеп тұр

Жарияланды
Шығарушы редактор

Фото: компанияның баспасөз қызметі

Атырау мұнай өңдеу зауытында (АМӨЗ) жоспарлы алдын ала тексеру аяқталып, зауыт толық қуатында жұмыс істеп тұр. Бұл туралы зауыттың баспасөз қызметі хабарлады.

Қазіргі кезде кәсіпорын ҚР Энергетика министрлігі бекіткен жоспарға сәйкес сұйытылған мұнай газы, автобензин және дизель отынын өндіріп, жөнелтеді.

«29 қазан күні каталитикалық крекинг қондырғысы белгіленген мерзімнен бұрын тұрақты жұмыс режиміне шығарылған болатын. Одан бір апта бұрын технологиялық қондырғылардың бірінші кезеңі сәтті іске қосылды», делінген хабарламада.

Жоспарлы алдын ала тексеру – жабдықтардың тұрақты жұмыс жағдайын сақтап, өндірістің тиімділігін арттыруға арналған жыл сайын іске асырылатын шара.

Биыл 2 753 бақылау-өлшеу аспабы мен автоматика құралдарын тексеру, 723 бірлік электр қозғалтқышына техникалық қызмет көрсету, тексеру және сынау, 62 бірлік қосалқы станция жабдығын тексеру және сынау, жоғары қысыммен жұмыс істейтін 803 бірлік түтікшені, сондай-ақ 1 539 бірлік технологиялық құбырды техникалық және өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасынан өткізілген.

13-қыркүйек күні Атырау мұнай өңдеу зауыты бірқатар қондырғылардың жұмысы тоқтағанын хабарлаған болатын. Оған электр қуатының сөнуі себеп болған.

Ал 21 қазанда Атырау МӨЗ-і жоспарлы алдын-ала тексеру жұмысының аралық қорытындысы аяқталып, технологиялық қондырғылардың бірінші кезеңі іске қосылғанын жария етті.

Биыл жыл соңына дейін зауыттың төрт технологиялық қондырғысына автоматты бақылау жүйесі енгізілмек.

Атырау МӨЗ-і – Қазақстандағы үш ірі мұнай өңдеу зауытының бірі. Кәсіпорынның негізгі иесі  –  «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы. Зауытта мұнайды қайта өңдеудің жобалық қуаты жылына 5,5 млн тоннаға пара-пар, ал қайта өңдеу тереңдігі – 86,4%-ға дейін жетеді. 

Сондай-ақ оқыңыз