Антикор Австрия, БАӘ, Лихтенштейн мен Түркиядан 160 млрд теңгенің активтерін қайтартты

Жарияланды
Шығарушы редактор

Фото: kursiv.media

Антикор 2022 жылдан бері бюджет пен квазимемлекеттік сектор субъектілеріне құны 857 млрд теңге болатын дүние-мүлікті қайтартқан. Соның ішінде 159,8 млрд теңгесі – шетелден қайтарылған актив сомасы. Бұл сома мемлекет бюджетіне түсті. Мәселен, Австриядан 36,8 млрд, Лихтенштейннен 116,7 млрд, Біріккен Араб Әмірліктерінен 6,3 млрд, Түркиядан 253 млн теңге қайтарылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 10 айдағы жұмыс нәтижесін шығарды.

Есепті кезеңде елімізде 1500-ге жуық жемқорлық қылмыс тіркеліп, 1100-ден астам адам әшкереленген. Соның 158-і – әртүрлі деңгейдегі басшылар. Сотқа 1 мыңнан астам іс жіберілді, олар бойынша 282 млрд теңге залал өтелді. Жыл басынан бері өңірлерде барлығы 215 лауазымды тұлға әшкереленсе, оның 137-сі – басшылар.

Жемқорлыққа барған мемлекеттік қызметшілердің басым бөлігі Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Ақмола, Абай және Жетісу облыстарында тұрады.

Мемлекеттік сатып алу порталының мониторингі барысында Антикор 38 млрд теңгеден астам шығындардың алдын алған.

«Еліміздің облыстарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын іске асыру шеңберінде жалпы бюджеті 2,44 трлн теңгені құрайтын 156 әлеуметтік нысан белгіленді. Оларды жымқыруға жол бермеу мақсатында құрылыс барысына мониторинг жүргізіледі», делінген хабарламада.

Бұған дейін Қазақстан әлемдегі ең жемқор елдер тізіміне кіретінін жоққа шығарған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз