Ресейлік Urals мұнайының бағасы Brent бағасынан асып түсті

Жарияланды
Фото:shutterstock

Батыстың ресейлік мұнайға белгілеген баға шегі жайына қалды. Қазан айында  Urals мұнайының бағасы эталондық Brent бағасынан асып түсті. Бұл туралы Қолданбалы экономикалық зерттеулер орталығының талдауында жазылған.

Орталық соңғы айлардағы Санкт-Петербург тауар-шикізат биржасының мәліметтерін зерделеген.

2023 жылдың қыркүйегінде Urals брендінің орташа сараланған бағасы барреліне 96,36 долларды құрады, бұл Brent маркалы шикізат фьючерсінің орта бағасынан 5,12%-ға жоғары.

2023 жылдың қазан айында Urals мұнайының орташа сараланған бағасы тағы да Brent маркалы «қара алтынан» 4%-ға жоғары болды, барреліне 91,58 долларды құрады.

2023 жылдың 9 қазаны мен 23 қазаны аралығындағы кезеңде ресейлік мұнайдың бағасы Brent маркасынан тағы да асып түсті және тұрақты өсіп, барреліне максимум 101,27 долларға жетті. Бірақ 24 қазаннан бастап Urals мұнайының құны төмендегені байқалды. Осылайша орта есеппен 92 долларға дейін төмендеді. Бұл эталондық шикізаттың құнымен шамалас көрсеткіш.

«Мұндай динамика биылғы жылдың тамыз айынан бастап байқалуда. Тек 24 қазанда ғана ресейлік «қара алтын» құны Brent маркасының бағасымен теңесе бастады», – деп атап өтті орталық сарапшылары.

Бұл тұста The Wall Street Journal басылымының сарапшылары Мәскеудің әскери шығындарын шектеуге бағытталған баға шегі сақталмай келе жатқанан айтады.

«Еуропалық одақ пен АҚШ санкциялық шаралар пакеті шеңберінде Ресей экономикасын құлдыратуға тырысып, барреліне 60 доллар баға шегін белгіледі. Бастапқыда мұның РФ бюджетіне айтарлықтай кері ықпалы болды. Үндістан Ресейден жеңілдіктер талап етіп, рубль бағамы құбылды. Алайда кейін нарықтағы баға қалпына келді», – деп жазды басылым.

The Wall Street Journal сарапшылары АҚШ-тың бастамасы сәтсіз аяқталды деп есептейді.

«Енгізілген шектеулер барған сайын тиімсіз болып барады және қазір Ресейдің кірісіне мүлде әсер етпейді», – деп хабарлады басылым.

Мұны статистикалық деректер айғақтайды. Мәселен, Ресей билігі жариялаған деректерге сүйенсек, қазан айында ел бюджетінің кірісі өскен. Бұл кезеңде РФ қазынасына мұнай мен газды сатудан қыркүйекпен салыстырғанда екі есе, ал өткен жылдың қазан айымен салыстырғанда төрттен бір есе көп кіріс түскен.

Естеріңізге сала кетейік, баға шегі 2022 жылдың желтоқсанында енгізілген болатын. Құжатқа сәйкес, Urals мұнайының бағасы барреліне 60 доллардан аспауы керек. Тіпті, көрсеткішті барреліне 30 долларға дейін төмендету туралы ұсыныстар да айтылған.

WSJ сарапшылары енгізілген шектеулердің ескіргенін және енді жұмыс істемейтінін мәлімдеді. «Ресейлік Urals мұнайы мен эталондық Brent мұнайының бағасы арасындағы айырмашылық айтарлықтай төмендеді,  салдарынан Мәскеу қомақты пайта тауып отыр. Бұл бюджет тапшылығының күрт төмендеуіне әкелді», – деп жазды басылым.

Сарапшылар жыл соңына дейін аталған елдегі бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің 2 пайызын құрайды деп топшылап отыр.  Бұған дейін көптеген батыстық экономистер тапшылық 5 пайыздан асады пайымдаған. Алайда Ресей мұнайының қымбаттауы болжамның орындалмайтынын көрсетіп отыр.

Дегенмен, Таяу Шығыстағы шиеленістің күшеюі жағдайында Bloomberg сарапшылары «мұнай бағасы барреліне 150 долларға дейін өсуі мүмкін», деп есептейді.

Ал Capital Economics сарапшылары «қара алтынның» құны 110-130 доллар деңгейіне қалыптасады деген байламға келген.

Goldman Sachs сарапшылары Brent бағасы барреліне 100 долларға жетеді деп болжайды.

Қолданбалы экономикалық зерттеулер орталығының талдауына сүйенсек, биылғы жылдың қазан айының ортасына дейін ресейлік шикізаттың қымбаттауы Қытай мен Үндістан тарапынан сұранысының артуына байланысты.

Ресей бірінші рет Біріккен Араб Әмірліктерін басып озып, Қытай мен Үндістанға «қара алтынның» негізгі импорттаушысына айналды. Сондай-ақ, Ресей 2023 жылдың қазан айынан бастап Бразилияға мұнай жеткізуді қалпына келтірген болатын. 24 қазанға дейін байқалған Urals бағасының оң динамикасына осы елге экспорттың өсуі сеп болды.

Тағы бір айт кететіні, Ресей Федерациясы «қара алтын» жеткізуді тәулігіне 300 мың баррельге қысқарту туралы ұстанымынан айныған жоқ.  Шешім желтоқсанда қайта қаралады.

«Ресей 2023 жылдың қыркүйек және қазан айларында күшіне енген әлемдік нарықтарға мұнай мен мұнай өнімдерін жеткізуді тәулігіне 300 мың баррельге қосымша ерікті түрде қысқартуды 2023 жылдың желтоқсан айының соңына дейін жалғастырады», – деді РФ премьер-министрінің орынбасары Александр Новак.

Сонымен қатар Сауд Арабиясы қараша айында мұнай өндіруді ерікті түрде қысқарту көлемін 2023 жылдың соңына дейін тәулігіне 1 миллион баррель деңгейінде сақтап қалды. Бұл туралы корольдіктің Энергетика министрлігі мәлім етті.

Жалпы сарапшылардың пайымынша, әлемдік мұнай нарығының бағыты 26 қарашадағы ОПЕК+ министрлерінің кездесуінен кейін айқындалады.

Шикізат осы факторлардың ықпалынан алдыңғы сессияда аздап қымбаттаған еді. Алайда кешкі 7 қараша қайта құлдырады.

Лондонның ICE Futures биржасында Brent маркалы мұнайдың қаңтардағы фьючерстерінің сейсенбі күні барреліне 84,77 долларды құрады, бұл алдыңғы сессияның жабылуындағы көрсеткіштен 0,41 долларға (0,48%) төмен. 6 қараша бұл келісімшарттардың бағасы барреліне 0,29 долларға (0,3%) өсіп, 85,18 долларды құрады.

 Нью-Йорк тауар биржасындағы (NYMEX) электронды саудада желтоқсан айындағы WTI мұнай фьючерстері осы уақытқа дейін 0,36 долларға (0,45%) арзандап, барреліне 80,46 долларды құрады. Алдыңғы сауда-саттық нәтижелері бойынша бұл келісімшарттардың құны барреліне 0,31 долларға (0,4%) өсіп, 80,82 доллар болған.

Сондай-ақ оқыңыз