Байқоңыр қаласының барлық мектептерінде Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен әдебиеті пәндері оқытылатын болады

Жарияланды
байконур
Байқоңыр мектептерінде қазақ тілі оқытылады / shutterstock

Қазақстан тарихы мен қазақ тілі және әдебиеті пәндері қазақстандық және ресейлік оқыту стандарттарына қарамастан, Байқоңыр қаласының барлық мектептерінде оқытылатын болады. Бұл туралы екі елдің үкіметаралық комиссиясының отырысында келісілді, деп хабарлады Хабар24.

Телеарнаның ақпаратына сәйкес, қаладағы 12 мектептің 5-уінде қазақстандық, 7-уінде ресейлік стандартпен білім беріледі. Ресейлік стандарт бойынша оқытатын мектепте 2 мыңға жуық Қазақстан азаматы білім алады. Байқоңыр қаласы аудандық білім бөлімінің басшысының дерегінше, әзірге бұл пәндер қаладағы №7 мектепке енгізіле бастаған.

ҚР Президентінің арнайы өкілі Қайрат Нұртайдың айтуынша, қаладағы барлық мектептерде сауалнама жүргізіліп, осы пәндерді оқуға құлшынысы бар оқушылар анықталмақ. Оның дерегінше, Ресей тарапы оқулықтармен және мұғалімдермен толық қамтамасыз ететін болады.

«Бұл біздің қаламызда оқитын балаларға болашақта қазақстандық ЖОО-да білім алуға мүмкіндік береді», деді Қайрат Нұртай.

Сонымен қатар, Байқоңыр қаласының көшелерінде сыртқы жарнамалар да қазақ тілінде жазыла бастаған. Соңғы 30 жылда тұңғыш рет қазақ ақындары мен батырларының атымен аталатын көшелер пайда болды, деп хабарлапты телеарна.

Сонымен қатар, тілшінің дерегінше бұдан былай Байқоңыр қаласында Қазақстанның ұлттық және мемлекеттік мерекелерін атап өтуге байланысты да келісім жасалыпты. Сондай-ақ, қызылордалық оқушылар ендігі жерде ғарыш айлағына экскурсия жасауға да мүмкіндік алатын болды.

Бұған дейін 1 желтоқсаннан бастап, қазақстандықтар үшін Байқоңыр қаласына кіріп-шығу жеңілдейтінін хабарлаған едік. Бұл туралы Қазақстан президентінің Байқоңыр кешеніндегі арнайы өкілі Қайрат Нұртай айтқан.

«Қазір Байқоңырдың халқына қонақ келетін болсын 10 күн бұрын өтініш жазып, комиссиядан рұқсат алу керек еді. Бұл Ресеймен өзара келісім», – дейді Qyzylordatv арнасына сұқбат берген Қазақстан президентінің Байқоңыр кешеніндегі арнайы өкілі Қайрат Нұртай.

Айта кету керек, Ресей «Байқоңыр» ғарыш айлағын жылына 115 млн доллар төлеп жалдап отыр. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабековтың дерегінше, жалдау мерзімі 2050 жылға дейін ұзартылған.

Сондай-ақ оқыңыз