Қуаңшылық, жауын-шашын: биыл жиналған астық көлемі былтырғы көрсеткіштен анағұрлым төмен

Жарияланды
Биыл қазақстанда аз астық жиналды / shutterstock

Биыл 24 млн гектар егіс даласынан астық жиналған. Бұл 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 652 мың гектарға көп екен. Бірақ соған қарамастан биылғы жиналған астық көлемі 11,4 млн тонна болған. Бұл көрсеткіш өткен жылғыдан айтарлықтай төмен. 2022 жылы Қазақстанның астық қоймаларына 17 млн тонна бидай жиналып, экспортта рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізген болатынбыз. Астықтың бұлайша аз шығу себебін Үкімет отырысында ауыл шарушылығы министрі Айдарбек Сапаров түсіндіріп берді.

«Биылғы жыл фермерлер үшін оңай болған жоқ. Жекелеген өңірлердегі аптап ыстықтан кейін негізгі астық егетін өңірлерге келген нөсер жаңбыр 25 күннен астам уақытқа созылды.өңірлердегі аптап ыстықтан кейін негізгі астық егетін өңірлерге келген нөсер жаңбыр 25 күннен астам уақытқа созылды. Бұл ретте жауын-шашын нормасы жылдық орташа көрсеткіштен 3 есе артық болды», дейді министр.

Ол бұл қиындықтардың салдарымен күресу үшін барлық қажетті шаралар қабылданғанын айтты. Барлық туындаған мәселелерді жедел шешу мақсатында Министрлік жанынан жедел штаб құрылып, оған жергілікті атқарушы органдардың, мүдделі мемлекеттік органдардың, ұйымдардың өкілдері кірген. Нәтижесінде 24 млн гектар жерден астық жиналған.

«Ағымдағы жылы жалпы ауыл шаруашылығы дақылдары жиналатын алаң 24 млн гектарды құрады бұл 2022 жылмен салыстырғанда 652 мың гектарға көп. Оның ішінде астық жиналатын алаң 17,1 млн га құрайды. Ағымдағы жылғы егін жинау науқанына шамамен 150 мың бірлік трактор, 39 мың астық жинайтын комбайн, 14 мың орақ және 140 мың бірлік басқа техника қатысты. Бүгінгі таңда еліміздің барлық өңірлерінде астық жинау аяқталу сатысында. Облыстар әкімдіктерінің деректері бойынша орташа өнімділігі 9,7 ц/га бастапқы салмақта 16,4 млн тонна астық бастырылды, оның 11,4 млн тоннасы бидай», деді министр.

Ал дақылдар бөлінісінде бидай жиналатын алаң 13,4 млн га құраған, ол жерден 11,4 млн тонна өнім бастырылған. Майлы дақылдар 1,9 млн га немесе 68%. Орташа өнімділігі 8,4 ц/га болғанда 1,6 млн. тонна май тұқымы жиналса, күнбағыстың орташа өнімділігі 11,6 ц/га болып, 747,5 мың тонна болған. Картоп 168,8 мың га аумақтан толығымен алынып тасталды, жалпы алым өнімділігі 206,4 ц/га болып, 3,5 млн тоннаны құраған. Көкөніс дақылдары 162,4 мың га алаңнан жиналды, жалпы алым 263,7 ц/га өнімділікте 4,3 млн тоннаға жеткен.

Лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына барлығы 4,7 млн тонна астық құйылған, оның ішінде 1,8 млн тоннасы 3-санаттағы астық саналады.

Сапаров сонымен бірге осы жағдайға байланысты кредит мерзімдерін ұзартуға қатысты «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «ҚазАгроҚаржы» АҚ желісі бойынша қазіргі уақытта 7,2 млрд теңге сомасына 147 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден міндеттемелерді орындауды ұзартуға арналған құжаттардың толық пакетімен өтініштер келіп түскенін айтты. Осы орайда министр шаруалардың «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «ҚазАгроҚаржы» АҚ консультациялық көмегіне жүгіне алатынын айтты.

«Қолайсыз ауа-райынан зардап шеккен басқа қарыз алушылар тарапынан шарттар, ұсынылатын құжаттар тізбесі және міндеттемелерді қайта құрылымдау мәселелері бойынша өтініштер әлі де келіп түсуде. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «ҚазАгроҚаржы» АҚ филиалдарының қызметкерлері осы мәселелер бойынша қажетті консультацияларды көрсетеді, міндеттемелерді жеке тәртіппен ұзартуға өтінімдер қабылдайды және қарайды», деді.

Еске сала кетсек, өткен жылы Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаудағы рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Былтыр ауыл шаруашылығы өнімін өндіру көлемі 9,1% артқан.

Дихандар 2022 жылы соңғы он жылда көрмеген өнімді жинаған. Яғни 22,8 млн тонна дәнді және бұршақты дақылдар бастырылса, бидай жинау 44%-ға артып, 17 млн тоннаны құраған екен. Астық пен ұн экспорттауда да еліміз Тәуелсіз Қазақстан тарихында болмаған үздік нәтижеге қол жеткізген. Шетелге 13,2 млн тоннадан астам өнім сатылған. Өткен жылғымен салыстырғанда бұл көрсеткіш екі есе артық. Мәселен 2021 жылы 6,8 млн тоннаға жуық астық пен ұн экспортталған. Ал жалпы дәнді және бұршақты дақылдар көлемі 2021 жылы 16,4 млн тоннаны құрапты.

Сондай-ақ оқыңыз