Жаңалықтар

Жұманғарин Қазақстанды «Путиннің артқы ауласына» балаған Bloomberg мақаласына қатысты пікір білдірді

Фото: kursiv.media

Осыдан бірнеше күн бұрын Bloomberg басылымы Қазақстанды «Путиннің артқы ауласына» балады. Басылымның мұндай теңеуіне премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин пікір білдірді.

«Қазақстан ешкімнің де ауласы емес. Қазақстан терең тарихы бар тәуелсіз, мәңгілік ел! Жақында комиссия аралық жиын болды. Ол Түркістанда өтті. Онда ресейлік әріптестерімізді шақырдым. Жиынна кейін оларды Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне апардым. Сол кезде гид: «Міне мына залда хан елшілерді қабылдаған», деп таныстырып жатты. Сонда менің ресейлік әріптестерім «біз сіздердің тарихыңыз жайлы ештеңе білмейді екенбіз ғой» деп таңданыстарын білдіріп жатты. Нәтижесінде, Мәскеу-Түркістан тікелей рейсін ашуға келістік. Қайдағы, кімнің ауласы? Бәрі бос әңгіме», деді Жұманғарин.

Ал Қазақстанға Путиннің келуін ескі достық ілтипат деп бағалады.

«Бұл – біздің ежелден келе жатқан қарым-қатынасымыз, достық пен тату көршілікке құрылған. Біз сауда-экономикалық қарым-қатынастамыз. Оны ең қызықтыратыны да осы. Ол форумға қатысуға келе жатыр. Биыл 20-шы форум өткізіледі. Онда біз ең бірінші кезекте халыққа қатысы бар маңызды мәселелерді талқылаймыз. Осы жолы ауылшаруашлығын цифрландыру, бұл салаға жастарды тарту секілді мәселелер талқыланады. Мұнда қандай саясат болуы мүмкін? Екі тарап таза экономикалық жағдайларды қозғайды. Бірінші экономика, содан кейін ғана саясат деген ұстанымдамыз. Қазақстанның Ресеймен тауар айналымы 27 млрд долларды құрайды. Ол біздің сауда серіктесіміз. Өткен жылы бұл елге экспорт 9 млрд болса, қазіргі күні бұл сома айтарлықтай көтерілген», – деді Серік Жұманғарин.

Еске сала кетсек, Bloomberg дәстүрлі ортасында сүйкімі кеткен соң Франция президенті Макронның алысты бағындыруға кіріскені туралы жазған болатын. Путиннің артқы ауласы туралы теңеу сонда айтылған. Басылым Франция пост кеңес мемлекеттерін Ресейге тәуелділік мәселесін қайта қарауға шақыратынын,   Эммануель Макрон Украинадағы соғыс аймақтағы бұрыннан қалыптасып қойған қатынасты бұзып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылғанын меңзейтінін атап өткен. Сонымен бірген Орталық Азия қойнауындағы мұнай, газ бен пайдалы қазбаның мол қоры оны осы аймақтағы орны үшін күрестің басты фигруанты етеді. Бұл орын бұған дейін Ресейге тиесілі  болып келгені туралы жазған Bloomberg.

Макронның соңын ала Қазақстанға Ресей президенті Путин де келе жатыр.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 9 қараша күні Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Астанаға ресми сапармен келеді. Сапар барысында екі ел басшылары келіссөз жүргізіп, Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестіктің өзекті мәселелерін талқылайды деп жоспарланып отыр», деп хабарлады Ақорда.