Қазақстандықтарды сапалы интернетпен қамту құны – 1,5 трлн теңге

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Қазақстан Үкіметі «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасын бекітті, Премьер-Министрі Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Үкімет үйінің баспасөз қызметі.

Ұлттық жобаның негізігі мақсаты – халықты жылдамдығы кемінде 100 Мбит/с кең жолақты интернетпен қамту. Мемлекет басшысының республиканың интернет саласын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында қабылданған бұл шара 2024 жылдан бастап 2027 жылға дейінгі кезеңді қамтиды және оны іске асыруға 1,5 трлн теңгеден астам қаражат көзделген.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл соманың 1,3 трлн теңгеден астамы – бюджеттен тыс қаражат. Негізгі қаржы сымды және сымсыз байланыс инфрақұрылымын дамытуға бағытталмақ.

Мәселен, ауылдық жерлерде талшықты-оптикалық байланыс желілерінің тармақталған жүйесін салынады және мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы 3 мыңнан астам ауылда тиісті байланыс желілерін монтаждау жоспарланып отыр.

Сонымен бірге бұл қаражатқа шағын және орта байланыс операторларына қолдау көрсетіліп, 400 мың үй шаруашылығына жылдамдығы жоғары интернет тартылады.

Ұлттық жоба аясында республикалық және негізгі облыстық автожолдарды мобильді интернетпен қамту үшін цифрлық инфрақұрылым салу жоспарланған. Атап айтқанда, жобаны жүзеге асыру үшін 487 антенна-діңгек құрылысын орнату жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде 17 мың шақырым автожолды мобильді интернетпен қамтуға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге 5G желісін одан әрі таратыла бастайды. 2025 жылдың соңына дейін 5G технологиясы республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарының барлығына енгізіледі.

Осы жоспарды жүзеге асыру үшін байланыс операторларының шамамен 300 млрд теңгені құрайтын инвестицицялары да пайдаланылады.

«Жалпы ұлттық жобаны іске асыру 2027 жылға дейін қазақстандықтарды жылдамдығы жоғары интернетпен қамту деңгейін 100%-ға дейін жеткізуге және елдің өңірдегі цифрлық хаб ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді», делінген баспасөз хабарламасында.

Еске сала кетсек осыған дейін ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Илон Масктің SpaceX компаниясы Қазақстанның екі мыңға жуық ауылының мектептерін интернетпен қамтамасыз ететінін айтқан болаын. Ол еліміздің операторлары ауылға интернет жеткізуге келіспеген соң, амалсыздан SpaceX-ке жүгінгенін мәлімдеді.

Министр сонымен бірге мұндай интернет түріне қанша қаражат жұмсалатынын да тілге тиек еткен.

«Сіз интернет байланысының құны туралы айтқанда, бірінші кезекте мектептердің қазіргі уақытта секундына 4 МБ интернетке қанша қаражат жұмсайтынын сұрағаныңыз жөн. Қазіргі мектептер жұмсап жүрген қаражат шығындары Starlink-тің техникалық қызметіне және осы қызметті мектеп оқушыларына жеткізуге жұмсайтын сомаға тең. Біз мұнда 100-ден аспайтын оқушысы бар шағын мектептер туралы айтып отырмыз», деді ол.

Сондай-ақ оқыңыз