Жаңалықтар

ІІМ шетелдік автокөліктерді заңдастыру қашан аяқталатынын айтты

легализация
Фото: shutterstock

ІІМ шетелдік автокөліктерді заңдастырудың аяқталуына екі айдан аз уақыт қалғанын ескертеді.

Ішкі істер министрлігі ағымдағы жылдың 23 қаңтарынан 30 маусымына дейін елімізге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыруға өтінімдер қабылдаған болатын. Бұл өтінімдер осы жылдың 31-ші желтоқсанынан дейін қаралады. Яғни өтініш берген азаматтар осы мерзімге дейін құжаттарын реттеп, көліктерін тіркеп үлгеруі керек.

«Бір реттік заңдастыруды ескере отырып, автокөлік иелеріне 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін заңдастыруға берілген өтінімдер ағымдағы жылдың 31 желтоқсанына дейін ғана қаралатынын хабарлаймыз. Бүгінгі күні нормативтік құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізілуде. Яғни, шетелдік автокөліктерді заңдастыруға екі айдан аз уақыт қалды. Уақыттың шектеулі екенін ескере отырып, біз автокөлік иелерін заңдастыру процесін аяқтауға және көлік құралдарын тіркеуге шақырамыз», – деді ҚР ІІМ ӘПК басқарма бастығының орынбасары Алтынбек Жамалиев.

Министрлік сонымен бірге 2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін әкелінген көлік құралдары заңдастыруға жатпайтынын ескертеді. Жалпы науқан кезінде барлығы 237 мыңнан астам шетелдік автокөлік заңдастырылған.

Еске сала кетсек, елімізге қосалқы бөлшек ретінде әкелінген автокөліктер заңдастырылатыны туралы көктемде хабарланған болатын.

Ал 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыру осы жылдың 23 қаңтарынан басталып, 1 шілдеге дейін жалғасты.