АИИБ «Шоқпар» ЖЭС жобасына 36 млн доллар несие бермек

Жарияланды (жаңартылды )
Шығарушы редактор

Фото: kursiv.media

Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі (АИИБ) Жамбыл облысында салынатын «Шоқпар» ЖЭС-і құрылысына 36 млн доллар несие береді. Жел электр станциясының қуаттылығы – 100 мегаватт.

Ұйымның баспасөз қызметінің хабарлауынша, қарызды жобаны әзірлеушілер – China Power International Holding және Visor International DMCC компаниялары алған. Еуропалық Қайта құру және даму банкі жобаны қоса қаржыландырады.

«Сонымен қатар, жобаны жасыл климат қорынан 10 млн АҚШ долларына дейін және экологиялық таза технологиялар қорынан 5,7 АҚШ долларына дейін жеңілдікті қаржыландыру есебінен қолдау көзделген. Жоба бойынша тартылған қаражат электр станциясын салуға, пайдалануға және оны энергия жүйесіне біріктіруге бағытталатын болады», – делінген хабарламада.

Орталық Азияда жел энергетикасын дамыту Қазақстанның жаңартылатын энергетикасының қуатын арттыруға мүмкіндік беріп, өңірде парник газ шығарындыларын қысқартуға ықпал етеді. Электр станциясы пайдалануға берілгеннен кейін жылына атмосфераға көмірқышқыл газы шығарындылары 200 мың тоннаға қысқарады деген болжам бар.

«Қазақстандағы жел энергетикасына екінші рет инвестиция салуымыз «жасыл экономикаға» көшуде Қазақстан үкіметін қолдауға ерекше мән беретінімізді байқатады, – деді АИИБ-нің Пәкістан, Ауғанстан, Орталық Азия, Шығыс Азия, Батыс Азия, Еуропа, Африка және Латын Америкасы қарайтын №2 өңірдегі инвестициялық операциялар жөніндегі вице-президенті Константин Лимитовский. – Бұл жоба энергетика саласындағы стратегияға және АИИБ басымдықтарына толық сәйкес келеді. Ол жаңартылатын энергетика инфрақұрылымын одан әрі нығайтуға және Қазақстанда электр энергиясын өндірудің көміртегі сыйымдылығын төмендетуге ықпал етеді».

Қуаттылығы 100 МВт «Шоқпар» жел электр станциясы көршілес орналасқан «Жаңатас» жел электр станциясын пайдалануға берілген соң салынады. АИИБ «Жаңатас» жобасын 2019 жылы мақұлдап, ал 2021 жылдан бастап жел электр станциясының барлық 40 турбинасы жобалық қуатқа шыққан. Қазіргі кезде АИИБ Қазақстандағы жобаларға 836 млн доллардан астам қаржы бөлген.  

«Шоқпар» ЖЭС-і Жамбыл облысы Сарысу ауданында орналасады, жоба құны – 60 миллиард теңге. Станция келер жылы іске қосылуы тиіс.

Мамандардың айтуынша, жел электр станциясы жылына 350 миллион киловатт сағат электр энергиясын өндіреді. Бұл 50 мың абонентті жарықпен қамтуға жетеді.

Қазіргі кезде Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерінің белгіленген қуаты 2,5 мың МВт, бұл бір жыл бұрынғыдан бірден 22,3%-ға артық.

Белгіленген қуаттың басым бөлігі күн электр станцияларынан алынады. Оның үлесі 45,5 пайызды немесе 1,1 мың МВт-ты құрайды. Жылдық өсім – 5,1%. Елдегі барлық жаңартылатын энергия көздерінің тағы 43,9%-ы жел электр станцияларына тиесілі: 1,1 мың МВт, бір жылда 61,9%-ға өскен. Қалған қуаттар шағын су электр станцияларына (267,4 МВт, бір жылда 4,8%-ға азайған) және биоэлектр станцияларына (1,8 МВт, 4,4 есе азайған) тиесілі.

«Астана» халықаралық қаржы орталығының хабарлауынша, Қазақстан Үкіметі ЖЭК объектілері өндіретін электр энергиясының бірыңғай сатып алынуын қамтамасыз етіп, салықтық және кедендік жеңілдіктер, мемлекеттік заттай гранттар бере отырып, ЖЭК жобаларын белсенді қолдап келеді.

«Ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығының соңында елде белгіленген қуаты 2500 МВт-тан асатын 133 ЖЭК объектісі жұмыс істейді. Бұл объектілердің жұмысы 2018 жылдан бастап аукциондық сауда-саттық тетігінің енгізілуінің арқасында мүмкін болды. Аталған тетіктің енгізілуі инвесторлар тарапынан ЖЭК жобаларына сұраныстың артуына ықпал еткен болатын. 2023-2027 жылдар ішінде шамамен 6770 МВт-ты құрайтын ЖЭК-тің белгіленген қуатын аукциондық сауда-саттыққа шығару жоспарлануда», делінеді орталық хабарламасында.

Энергетика министрлігі болса 2030 жылға таман жаңартылатын энергия көзінің үлесі 15 пайыздан кем болмайды деп мәлімдеме жасады.

«Қазақстан өңірдегі энергетикалық лидер мәртебесін нығайта түсуге талпынады. 2030 жылға қарай энергияны экологиялық таза ету үшін жыл сайын 4 трлн доллар инвестиция құйып отыру керек», – дейді Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев.

Сондай-ақ оқыңыз