Ұлттық экономика министрі қосылған құн салығы бойынша “Атамекен” палатасының ұсынысын қолдамайды

Жарияланды

Сәрсенбі Мәжілістің жалпы отырысынан кейін өткен брифингте Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров қосылған құн салығының базалық мөлшерлемесі 12%-дан 16%-ға жоғарыласа не болатынын мәлімдеді.

Ол қосылған құн салығының мөлшерлемесі жоғарыласа экономиканың инвестициялық тартымдылығы нашарлайды, салықтың өсуі тауарлар мен қызметтерді қымбаттатады, халықтың сатып алу қабілеті мен тұтынушылық сұранысы төмендейді, көлеңкелі экономика қанат жаяды және жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны бәсеңдейді деген қорқынышты жоққа шығарып, қосылған құн салығының өсімі инфляцияны небары 1%-ға көтеретінін айтты.

«Қараңыздаршы, қосылған құн салығының 20%-дан 12%-ға төмендегенде көлеңкелі экономика жоғалған жоқ. ЭЫДҰ елдерінде қосылған құн салығы 20%-ды құрайды, ал көлеңкелі экономикасы шамамен біздегідей. Бізде қосылған құн салығын төлейтіндер көп емес. Тіпті 6%-дан аз. Салық төлеушілердің басым бөлігі ерекше режимде, олар бөлшек салық, жеңілдетілген салық төлейді. Оларға қосылған құн салығы базалық мөлшерлемесінің жоғарылағаны әсер етпейді. Біз қосылған құн салығының базалық мөлшерлемесінің жоғарылауы 2025 жылы инфляцияға 1% шегінде бір рет әсер етуі мүмкін екенін болжап отырмыз», – деді Ә.Қуантыров.

Ұлттық экономика министрі бұған дейін қосылған құн салығы мен салықты көлемін ұлғайту жағымсыз тақырып екенін, себебі ешкім салық төлеуді жақтырмайтынын жариялады. Сонымен қатар қосылған кұн салығын 12%-дан 16%-ға дейін көтерудің нәтижесінде ел бюджетіне 2-2,4 трлн теңге түсетінін түсіндірді. Бұл сома – Ұлттық қордан республикалық бюджетке бөлінетін кепілдендірілген трансферт көлемімен бірдей екенін айтты.

Өз кезегінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы қосылған құн салығының базалық мөлшерлемесін өзгертуге қарсы болды.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Райымбек Баталов: «Бұл мәселе егжей-тегжей зерттеуді қажет етеді және жаңа Салық кодексіндегі ең маңызды мәселе болып табылады», – деді.

Кеше 7 қарашада «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы қосылған құн салығының мөлшерлемесін 12%-дан 10%-ға дейін төмендетуді ұсынды.


Бүгін 8 қарашада kursiv.media тілшісі Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтан ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасына қатысты ұстанымын білді.

«Олар осындай ұсыныспен шығып жатыр, бірақ бұл пысықталмаған мәселе. Қорытындысы қандай болатыны белгісіз. Біз бұл бастаманы қолдамаймыз!» – деп жауап берді Ә. Қуантыров

Сондай-ақ оқыңыз