Жаңалықтар

Алматы қаласында тау бөктеріндегі бірнеше тұрғын үй кешені мен клуб үйлері бұзылады

Алматыда бірнеше ТҮК бұзылады / Алматы қ. әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматының тау бөктерінде орналасқан бірнеше тұрғын үй кешендері мен клуб үйлері бұзылады. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Қала басшысы Ерболат Досаевтың тапсырмасымен Алматының таулы аймағындағы заңсыз құрылысқа бақылау күшейтілді. Қала құрылысын бақылау басқармасы заң талаптары мен құрылыс нормаларын сақтамай салынып жатқан 52 нысанды анықтады» делінген хабарламада.

Сот 20 нысанды толық немесе жартылай бұзу, учаскені бастапқы қалпына келтіру және нұсқаманы мәжбүрлеп орындау туралы шешім шығарып, ол заңды күшіне енген.

Бұзылатын үйлер тізіміне қандай тұрғын үй кешендері кіреді:

1. «Pain Hill» клуб үйі, Бостандық ауданы, Ерменсай ш/а., 7-көше, уч. 8/1 уч.
2. «Швейцария» ТҮК, Бостандық ауданы, Нұрлытау ш/а., 1480/1, 1480/10, 1480/8, 1480/6, 1480/23, 1480/22 уч.
3. Тұрғын үй құрылысы, Бостандық ауданы, Нұрлытау ш/а., 932/79 уч.
4. Тұрғын үй құрылысы, Медеу ауданы, Нұрмағамбетов көшесі, 374/1
5. Клуб үйдің құрылысы, Медеу ауданы, Горный гигант ТК, 554
6. «Domino Life» клуб үйі, Медеу ауданы, Жамақаев көшесі, 308
7. «Pine Hill Residence» клуб үйі, Медеу ауданы, 2-көше, 33 уч.
8. Тұрғын үй құрылысы, Медеу ауданы, Обсерватория көшесі, 104/4
9. Тау бөктерін кесу, Медеу ауданы, Бутаковка ш/а., 31/1 уч.
10. Тірек қабырғаның құрылысы, Медеу ауданы, Шоқай көшесі, 203, 205, 207
11. «Граф» ТҮК,
Бостандық ауданы, Ремизовка ш/а., 7-көше, 71,73, 75 уч. 12. «Люксембург» ТҮК, Наурызбай ауданы, Қарғалы ш/а., Қали Нәдіров көшесі, 71,73,75 уч.
13. КФТҮК, Наурызбай ауданы, Кенесары хан көшесі, 98 уч.
14. Тұрғын үй құрылысы, Бостандық ауданы, Ерменсай ш/а., Жәңгір хан көшесі, 46
15. «Rich» клуб үйі, Бостандық ауданы, Мирас ш/а., 24/1, 24/2 уч.
16. Бақша үйлері, Бостандық ауданы, Жанару ТК, 556
17. Клуб үйдің құрылысы, Медеу ауданы, Оспанов көшесі, 87/2, 87/4, 87/5
18. Тірек қабырға, Медеу ауданы, 2-ші Ладушкин көшесі (Құрмет), 35А
19. «Француз үйі» ТҮК, Наурызбай ауданы, Қарағайлы ш/а., Чапаево ШҚ, 426 уч.
20. «KHAN» клуб үйі, Бостандық ауданы, Витебская көшесі 44/3, 44а.

«Қалған 23 нысан бойынша қазір сот талқылауы өтіп жатыр, 9 нысанға қатысты талап-арыз жазуға бастама көтерілді», делінген хабарламада.

Бұған дейін, Алматы қаласындағы құрылысы күмәнді, рұқсат құжаты толық емес тұрғын үй кешендерінің тізімі жаңаланғанын хабарлаған едік. Қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметі бойынша, қаладаңы бірнеше құрылыс нысанының не сараптамасы, не рұқсат қағазы жоқ.

Сонымен қатар, шілде айында Алматы қалалық урбанистика басқармасының басшысы ұсталған болатын. Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы басшысының жер учаскелерін беру және объектілердің құрылысын келісу кезінде лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны анықталған.

«Ол жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелерінде, нысаналы мақсатына қарамастан және құрылыстың тығыздығын ескермей, жекелеген құрылыс компанияларының мүддесі үшін 2020-2023 жылдары 3 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысына заңсыз келіскен», делінген баспасөз хабарламасында.

Нәтижесінде мемлекетке 307 млн теңгеден астам сомаға жер учаскелерінің төленбеген кадастрлық құны түрінде залал келтірілген.