Орыс тіліне қатысты халықаралық ұйым құру идеясы Қазақстанның мемлекеттік тіл саясатына балама жасау ниетінен туған жоқ – Тоқаев 

Жарияланды
Фото: Ақорда

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев орыс тіліне қатысты халықаралық ұйым құру идеясына не түрткі болғанын және ұйым қызметінен нақты не күтетінін «Известия» газетіне берген сұхбатында айтты.

Мемлекет басшысы орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйым құру туралы бастама көтерген кезде әлемдік тәжірибені басшылыққа алғанын, кезінде француз, неміс, испан және басқа да тілдерді дамыту үшін осындай халықаралық ұйымдар құрылғанын мысалға келтірді.

«Бүгінде БҰҰ-ның ресми тілдерінің бірі саналатын әрі халықаралық тіл мәртебесіне ие орыс тілі – мемлекеттеріміз арасындағы достық қарым-қатынасқа демеу болатын ұйыстырушы фактор. Сондай-ақ өңірлік кооперацияны, ынтымақтастық пен өзара сенімді нығайтатын  пәрменді құрал рөлін атқарып отырғаны жасырын емес. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды деп ойлаймын. Мына нәрсеге баса назар аударғым келеді. Орыс тіліне қатысты халықаралық ұйым құру идеясы ТМД елдерінің, соның ішінде Қазақстанның мемлекеттік тіл саясатына балама жасау ниетінен  туған жоқ.  Ұйымның құқықтық субъект ретінде танылуы және оған ТМД-ға мүше емес өзге мемлекеттердің қосылуына ашық болуы маңызды», деді мемлекет басшысы.

Тоқаев ортақ мәдени-гуманитарлық кеңістік Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын біріктіруші маңызды фактор болғанын әрі алдағы уақытта да солай қала беретінін айтқан. Сонымен бірге ТМД елдері халықтарының тілдері мен орыс тілінің үйлесімді әрі теңгерімді дамуы осы бағыттағы өзара тиімді ынтымақтастықтың табысты болуына себеп болатынын баса айтқан.

«Биыл ТМД аумағында Орыс тілі жылы болып жарияланды. Мұның символдық мәні зор. Санкт-Петербург Достастық елдерінің 2023 жылғы мәдени астанасы болды. Ол ТМД елдері арасындағы мәдени байланыстардың нығаюына зор үлес қосты. Бұл ретте екіжақты мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастар Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың маңызды  бағыты болып қала береді. Соңғы кездері бұл саладағы ықпалдастығымыз айтарлықтай жандана түсті. Қазақстанда және Ресейде екі елдің мәдениет күндері, Қазақстан немесе Ресей киносының күндері  ұйымдастырылып тұрады. Биыл өтіп жатқан «Орыс маусымы» жобасы елімізде көрермен ықыласына бөленді. Сонымен қатар шығармашылық білім беру, музей-кітапхана ісі салаларындағы ынтымақтастығымыз нығайып келеді. Қазақстанның әртістері мен шығармашылық ұжымдары Ресейде ұйымдастырылатын мәдени іс-шараларға белсенді түрде қатысады. Өзара құрмет пен екі елдің мүддесіне сай келетін осынау игі дәстүр келешекте де жалғасады деп сенемін. Қазақ мәдениетін әлемге таныту, сонымен қатар Ресейдің өзіне тән ерекше мәдениетін жақынырақ білу біз үшін маңызды»,- деді ол.

Президент ТМД ұйымының отыз жылдық қалыптасу кезеңінде мәдениетаралық диалог Достастық кеңістігіндегі мәдени және гуманитарлық ортақ құндылықтарды тарату ісінде маңызды рөл атқарғанына ерекше тоқталып, бұл бағытты ТМД-ның рухани бірлігінің арқауы, елдеріміз бен халықтарымыздың арасын жалғаған «алтын көпірге» балаған.

Еске сала кетсек, Ғылым министрлігі орыс тілін қолдайтын халықаралық ұйым құру туралы жарлық жобасын ашық талқылауға қыркүйекте шығарған болатын. Жоба ратификациядан өткен соң, оны жүзеге асыруға мемлекет қазынасынан қаржы бөлінеді.

Ал 18 қазанда Президент ТМД елдері аясында орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйым құру жөніндегі келісімге қол қойды.

2023 жыл ТМД елдерінде 2023 жыл орыс тілі жылы болып жарияланды.

ТМД Атқару комитетінің мәліметінше, бұл тілде дүние жүзінде 250 миллион адам сөйлейді. Орыс тілі – БҰҰ-ның алты ресми тілінің бірі.

Сондай-ақ оқыңыз