Қызылорданың шенеуніктері бұрын жөнделген жолға 1,7 млрд теңге жұмсамақ болған

Жарияланды
Шығарушы редактор

Қызылорда қаласының шенеуніктері бұрын жөнделген жолға тағы да 1,7 миллиард теңге жұмсамақ болған. Олардың бұл әрекеті заңсыз болғандықтан, қалалық прокуратура тендердің күшін жойған.

Прокуратура органдары мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнаманың сақталуына талдау жүргізіп, жергілікті билік бюджет қаржысына заңмен белгіленген мерзімнен бұрын жол жөнемек болғанын анықтаған.

Қалалық прокуратураның араласуынан кейін, мемлекеттік сатып алудың күші жойылып, 1,7 млрд теңге бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына жол берілмеген.

Мәселен, 2020 жылы Қызылорда қаласының Қызылжарма ауылдық округіндегі Батырбаев көшесіне 49 миллион теңгеге орташа жөндеу өткен. Заң бойынша, келесі күрделі жөндеу 6–9 жылдан кейін жүргізілуі тиіс. Бірақ ауылдық округ әкімдігі араға 3 жыл ғана салып, жол жөндемекке 653,9 миллион теңгенің тендерін жариялапды.

«Қабылданған шара нәтижесінде жалпы сомасы 1,7 млрд теңгені құрайтын төрт мемлекеттік сатып алу конкурсының күші жойылды», – делінген прокуратура хабарламасында.

Бұған дейін прокурорлар Астанадағы спорт мектебі 178 млн теңгені жөнсіз жұмсамақ болғанын анықтаған еді.

Сонымен қатар Павлодар қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі 6 млрд теңгеге заңсыз шарт жасағаны анықталған.

Сондай-ақ оқыңыз