Фото: islamnews
Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік бизнесмендерді халал өнімдер экспортын бірлесіп дамытуға шақырды.
«Қазақстан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының негізін қалаушылардың бірі саналады. Оның құрамына халық саны 1,5 млрд-тан асатын 37 мемлекет кіреді.Қос ел бұл нарыққа сертификатталған халал өнімдері экспортын бірлесіп ілгерілете алар едік. Біз ресейлік бизнесті осы бағытта тығыз ынтымақтастыққа шақырамыз», – деді ол.
Президенттің айтуынша, алдағы 5 жылда Қазақстанның агросекторына 2,7 трлн теңге инвестиция құйылады. Бұл қаржыға 900-ге жуық инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Осы ретте мемлекет басшысы экологиялық таза экспортқа бағдарланған, халықаралық, оның ішінде халал стандарттарына сай келетін бәсекеге қабілетті өнім шығаруға басымдық берілетінін айтты.
«Біз 3 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға дейін арттыру міндетін қойып отырмыз. Оны іске асыру үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша импортқа тәуелділікті төмендетуге бағытталған ірі инвестициялық жобаларды іске асыру басталды. Алдағы жылдары 115 тауарлы-сүт фермасы салынады. Бұл сүт өндіру көлемін 600 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Біз жылына 120 мың тоннадан астам ет өндіретін 15 ірі құс фабрикасын саламыз. Алдағы 5 жылда Қазақстан агросекторда 2,7 трлн теңге сомасына 900-ге жуық инвестициялық жобаны іске асыруды жоспарлап отыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бейсенбі күні Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға ресми сапармен келді. Қос ел басшысы Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысына бейнебайланыс режимінде қатысып, Тоқаев форумға қатысушылардың назарын бірқатар өзекті мәселеге аударған. Мемлекет басшысы 2050 жылға қарай Орталық Азиядағы құрғақшылық пен су тасқыны өнім алу көрсеткішін 30%-ға дейін төмендетуі мүмкін деп мәлімдеді.