2050 жылға қарай Орталық Азиядағы құрғақшылық пен су тасқыны өнім алу көрсеткішін 30%-ға дейін төмендетуі мүмкін – Тоқаев

Жарияланды
Орта Азияға су тапшылығы қаупі төніп тұр / коллаж: kursiv.media

Қазақстанға су ресурстары тапшылығының қаупі төніп тұр. Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумында осылай деді.

«Жағдайды экономикамыздың негізгі салаларының, әсіресе ауыл шаруашылығы саласының су тұтыну көрсеткішінің жоғары болуы ушықтырып тұр. Сарапшылардың болжамы бойынша, 2050 жылға қарай Орталық Азиядағы құрғақшылық пен су тасқыны өнім алу көрсеткішін 30%-ға дейін төмендетуі мүмкін. Біздің аграрлық сектор 60%-дан астам су тұтынады және жергілікті жерде су үнемдеуді талап етеді. Бұл аса өзекті мәселе. Біз осы сын-тегеуірінге жауап ретінде су секторын жаңғыртуға көшеміз. Алдағы уақытта 20 жаңа су қоймасын құрып, 15-тен астам қолданыстағы су қоймасын қалпына келтіру жоспарланған», – деді Мемлекет басшысы.

Қ.Тоқаев елімізде 3,5 мыңнан астам су арнасын цифрландыру және жаңғырту жоспарланғанын жариялап, бұл бастама 2027 жылға қарай шамамен 2 мың текше шақырым сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін баяндады.

Президент Қазақстанда су ресурсының тапшылығын жоюға бағытталған жаңа Су кодексі әзірленіп жатқанын жариялады. Сонымен қатар Ресеймен бірлесіп, Орал, Ертіс сияқты үлкен өзендердегі бассейндерді зерттеу жұмысын жандандыруға бағытталған бірыңғай жол картасы жүзеге асырылатынын айтты.

«Мұндай күрделі мәселе бір елдің ғана күшімен шешілмейтініне назар аударғым келеді. Бұл мәселені мүдделердің ақылға қонымды тепе-теңдігін ескере отырып қарастыру керек. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Ресеймен стратегиялық серіктестігіміз екі ел халқының мүддесі үшін су ресурстарын ұтымды пайдалануға теңгерімді көзқарас қалыптастыруға кепілдік береді деп үміттенемін», – деп қорытты сөзін Тоқаев.



Сондай-ақ оқыңыз