Кремльде қызғаныш жоқ, біздің көпвекторлық саясатқа құрметпен қарайды – сарапшы

Жарияланды

Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстанға ресми сапармен келді. РФ басшысының елімізге келудегі мақсаты қандай? Сапар барысында қай бағыттағы мәселелер талқыланып, қандай бастамалар көтеріледі? Бұл туралы kursiv.kz тілшісі Еуразиялық интеграция институтының директоры, саясаттанушы Оразғали Селтеевтен сұрады.

– Алғашқы сауал, Владимир Путиннің Қазақстанға келудегі мақсаты туралы болмақ. Бұл экономикалық іс-сапар ма, әлде оның саяси астары бар ма?

Бұл алдын ала Қостанай қаласында өтетін Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында жоспарланған іс-сапар. Мемлекет басшылары аталған жиынға онлайн қатысты. Неге ресми сапармен Астанаға келді? Меніңше, кездесу барысында өңіраралық келісімдерден бөлек, мемлекетаралық келісімдер жасалады. Ол болашақта нақты жобаларға айналатын түрлі меморандумдар және өзге де құжаттар.

– Бұл құжаттар қандай салаларды қамтуы мүмкін?

Біз әрдайым жұмыс істеп келе жатқан бағыттарды қамтиды. Оның ішінде негізгі үш бағытты атап өтуге болады. Олар сауда-экономикалық, энергетикалық және гуманитарлық салалар. Жалпы Кремль Қазақстанға деген көзқарасын, позициясын қайта қарағанын атап өткен жөн. Қызғаныш жоқ, біздің көпвекторлық саясатқа құрметпен қарайды. Бұған дейін біздің Қытай, Батыс Еуропа елдері, АҚШ, Түркиямен ынтымақтастығымызға қырын қараса, қазір ондай жоқ. Қазір олардың қарым-қатынасында тұрақты прагматизм байқалады. Олар Қазақстан қандай жағдай болмасын барлығымен достық қарым-қатынасты сақтап қалатынын түсінгендей. Ал бүгінде Ресейдің санциялық шектеулер шырмауында қалғанын ескерсек, көрші ел бізбен ортақ жобаларды арттыру керек екенін түсіне бастады. Оның ішінде өндірістік кооперациялар, энергетика саласы бар. Сол арқылы Ресей мұның ұтымды тұстарын пайдаланады. Дәл сол сияқты біз де өзімізге ыңғайлы, еліміздің ұлттық, экономикалық мүддесіне сай келетін, тиімді жобаларға басымдық береміз.

– Ал Каспий құбыр консорциумы, мұнай тасымалы бойынша серіктестік туралы не айтасыз?

Көпшілік Қазақстан Каспий құбыр консорциумы арқылы, Атырау-Самара мұнай құбыры бойынша Батысқа мұнай тасымалдау жағынан Ресейге «тәуелді» деп жатады. Иә, әрине. Бірақ енді Ресей де бізге осы жағынан «тәуелді» екенін атап өту керек. Біріншіден, Ресей Қытайға мұнайын біздің ел аумағы арқылы тасымалдап келді. Енді олар Қазақстанның аумағы арқылы газын Өзбекстанға жөнелтеді. Логистикалық жағынан осындай байланыс бар. Мұны бәрі түсініп отыр. Сонымен қатар, біз Қытай, Түркия, Еуропадағы әріптестерімізбен Транскаспий халықаралық маршрутын дамытып жатырмыз. Бұл балама жол, сондай-ақ, өз логистикамызды диверсификациялауға мүмкіндік беретін қосымша жол.

– Ынтымақтастық, әріптестік деп отырсыз. Осындай сапарлар барысында оның қай бағытын нығайту керек?

Меніңше, ЕАЭО аясындағы байланыс болғанына қарамастан, кеден саласында екіжақты келіссөздер жүргізу керек. Себебі Ресей өз бизнесінің мүддесін қорғайды. Сондықтан кеденде түрлі мәселелер туып жатады. Мәдени-гуманитарлық бағыт бойынша айтар болсақ, бізде көпвекторлылық стратегия саясат, экономикамен қатар, білім-ғылым салаларында жүзеге асуда. Мәселен, елімізде АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Польшаның оқу орындарының бөлімшелері ашылды. Соның ішінде Ресейдің де оқу ордалары бар. Біз ғылыми-техникалық жағынан біздің экономикамызға керек бағыттағы ЖОО-лардың филиалдарын ашып жатырмыз.

Сонымен қатар, Президент жолдауында айтқан жылу, жарық желілерінің тозуы сынды инфрақұрылымдық мәселелер бар. Бұл тұста Ресейдің потенциалын пайдалануға болады. Солтүстіктегі көршіміз санцияларға байланысты өндірістік жағынан көптеген елдермен байланысын үзгенін білеміз, осыны біз ұтымды қолданып қалуымызға болады.

–Бұл сапардың саяси астары бар ма?

Жоқ, бұл әс-сапардың ешбір саяси астары жоқ. Бұл тек экономикалық сарап. Мәселен, «Росатом» Қазақстанда АЭС салуға дайын. «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында Путин осылай деп мәлімдеді. Бірақ «Росатом» бұрынан бұл позицияны айтып келеді. Біріншіден, Тоқаев референдум болатынын мәлімдеді, екіншіден, ең дұрысы АЭС-ті халықаралық консорциум салғыны дұрыс. Ал оның құрамына саладағы ең мықты компаниялар кіреді. Олар АҚШ, Франция, Қытай, Корея, Жапония. Бұл саяси тұрғыда емес, экономикалық және қауіпсіздік тұрғыда ең сенімді жол. Сонда АЭС ең қауіпсіз жоғары технологиялар негізінде салынады. Бұл сұрақ та «сахна артында» талқылануы мүмкін. Ал бұл сапар өңіраралық мәселелерге негізделген. Оның барысында біз ауылшаруашылығы өнім өндірушілерінің Ресей нарығына шығуына қатысты мәселелерді талқылауымыз керек. Біздің шаруалардың осыған қатысты шағымы көп. Себебі ресейлік бизнес ЕАЭО нарығына еш кедергісіз шығады, ал қазақстандық кәсіпкерлер көптеген шектеулер арқылы өтеді. Бұл кездесуді біз барынша өз мүддеміз үшін тиімді пайдалануымыз керек деп есептеймін.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сондай-ақ оқыңыз