Банк пен қаржы

Ресей банктері Қазақстанда 205 корреспонденттік шот ашқан

Қазақстан мен Ресей арасында төлем жүйесін жеңілдету үшін екі ел банктерінде корреспонденттік шот ашуға болады. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова айтты.

«Екі ел арасындағы сауда айналымы жоғары деңгейде болғандықтан, жеке және заңды тұлғалар арасындағы төлем жүйесінің ақаусыз жұмыс істеуі маңызды. Бізде Ресей Орталық банкімен санкцияға ілінбеген ресейлік банктерде корреспонденттік шот ашу туралы келісім бар. Былтыр екі ел банктерінде де көптеген жаңа шот ашылған. Әсіресе қазақстандық банктерде корреспонденттік шот ашу деңгейі жоғары», – деді Әбілқасымова. 

Оның айтуынша, қазір Қазақстанда 65 ресейлік банк 205 корреспонденттік шот ашқан. Ал Ресейде 19 қазақстандық банк 137 корреспонденттік шот ашқан. Бұл шоттарды заңды тұлғалар арасындағы сауда қатынасы үшін ғана емес, жеке тұлғалардың ақша аударуына да қолдануға болады.

«Егер Ресей тарапынан корреспонденттік шот ашу туралы тағы өтініш келіп түсетін болса, біз өтінішті қарастыруға даярмыз», – деді Әбілқасымова. 

Агенттік төрағасының ақпаратына сүйенсек, соңғы 7 айда екі ел арасындағы өзара сауда айналымы 11,5% өсіп, 9,2 трлн теңгеге жеткен. 2022 жылы сауда айналымы 55% өскен.

Айта кетейік, 2022 жылдың 24 ақпанында Ресей Украинаға толыққанды басып кіргеннен кейін АҚШ пен Еуро Одақ Ресейдің Ұлттық компанияларымен банктеріне санкция салды.

Ресей банктері өз тұтынушыларына «дос» елдердің валютасында депозит ашуды жиі ұсына бастады.

Қазақстандық банктер Ресей кәсіпкерлерінен рубльдегі төлемдерін қабылдаудан бас тартып жатқаны белгілі болды.