Ресейдің Украинаға соғыс ашуы Қазақстан қаржы нарығына қалай әсер етеді?

Жарияланды (жаңартылды )
Үкімет пен Ұлттық банк бірлесе қимылдайды

Үкімет пен Ұлттық банк бірлесе қимылдайды

Ресейдің Украинаға басып кіруі Қазақстан қаржы нарығына да салқынын тигізіп үлгерді. Теңгенің кешеден бері 30 теңгеге дейін құлдырағаны белгілі. Ұлттық банк 24 қаңтар күні 138 млн, 25 қаңтар күні 176 млн долларға интервенция жасап, теңгенің толқынысын біршама тізгіндегендей болды. Десе де қауіп әлі сейілген жоқ. 24 ақпан күні АҚШ президенті Джо Байден Ресей әрекетін қатаң айыптап, ауыр санкциялар салынатынын мәлімдеді.

АҚШ-тың алты ресейлік банк – «Сбербанк», ВТБ, «Газпромбанк», «Открытие» банкі, «Совкомбанк» және «Новикомбанкке» санкция салатыны жарияланды. Сондай-ақ бүкіл америкалық қаржылық институттарға 30 күн ішінде «Сбербанктің» барлық корреспонденттік және өтпелі шоттарын жабуды және «Сбербанк» пен оның еншілес шетелдік қаржы ұйымдарының қатысуымен жүзеге асатын кез келген операциядан бас тартуды міндеттеді.

«Альфа-Банк» пен «Сбербанк» еншілес ұйымдарының және ВТБ-ның еншілес ұйымдары Қазақстанда да жұмыс істейтіні белгілі. Осыған орай аталған қаржы институттарының біздегі өкілдіктері пікір білдірді. «Альфа-Банк» баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, санкция операциялық қызметтерге кедергі келтірмейді, шектеулер батыс нарықтағы жаңа акциялар мен облигацияларға қатысты болмақ.

«Банк штатты режимде жұмыс істеп жатыр және клиенттерге банк қызметін ұсынуда. Шетел валютасындағы төлемдер мен аударымдар, төлем карталарымен жасалатын операциялар әдеттегідей жүзеге асырылуда. Бір ғана шектеу – банк уақытша жаңа еурооблигациялар шығара алмайды немесе батыс нарықта акциялар орналастыра алмайды. Бірақ «Альфа-Банк» онсыз да сыртқы нарықта акция мен облигация орналастырмайды, сондықтан мұндай шектеу банк жұмысына кедергісін келтірмейді» делінген банктің баспасөз хабарламасында.

«Сбербанк» баспасөз қызметі де банк және оның барлық жүйесі штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын, жеке және заңды тұлғаларға толыққанды қызмет көрсетілетінін және олардың қаражаты қолжетімді екенін мәлімдеді.

«Кеңселерде, банкоматтарда, Sber KZ және «СберБизнес» мобилді қосымшаларында шетел валютасымен де, теңгемен де шоттарды толтыру немесе шоттан ақша алу операциялары қолжетімді. Тауарлар мен қызметтер үшін төлем, барлық төлем жүйесінде пластикалық карталар бойынша операциялар мен аударымдар толық көлемде жүргізіліп жатыр. Валюта айырбастау да шектеусіз жүруде. Банкте қажетті ресурстар, қиын жағдайда жұмыс істеуге мүмкіндік беретін экспертиза мен тәжірибе бар» деп түсіндіреді банк.

Банктің хабарлауынша, қабылданған шектеулер клиенттер қаржысының қолжетімділігі мен сақталуына кері әсерін тигізбейді.

«ВТБ» Банк (Қазақстан) те тура осындай мәлімдеме жасаған. Қазір банк клиенттерге негізгі қаржылық қызметтерді ұсынуды жалғастырып жатыр. Клиенттердің барлық шоттары белсенді және бүкіл қаржысы кез келген банк бөлімшесі мен дистанционды каналдарда қолжетімді.

«Оларды Қазақстан аумағында ұлттық валютадағы барлық операциялар үшін әлі де толық пайдалануға болады. Қолма-қол ақшаны ВТБ және бүкіл ел бойынша серіктес банктердің кез келген банкоматында алуға болады. Ал қазір шетелде жүрген клиенттерге басқа банктен қолма-қол ақша алу немесе карточкамен төлеу ұсынылады» делінген банк хабарламасында.

Банктерге қауіп төнуге байланысты қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев мынадай пікір білдіреді.

«Банктерді әлемдік төлем жүйесінен ажыратпауы және Visa мен Master-ге шығарылған картаға қызмет көрсетуді тыйым салмағаны себепті қазақстандық клиенттерге қатер төну-төнбеуі белгісіз. Бір қарағанда АҚШ-та шоты, соның ішінде осы банктер арқылы толтырылып жүрген брокерлік шоттары бар клиенттер зардап шегеді. Аталған банктердің карталарын шетелде қолдануға болмайды деген ақпарат тарап жатыр. Бірақ бұл ақпарат әлі расталған жоқ. Қандай жағдай болмасын, карталарды қолданыстан шығарып тастау үшін белгілі бір уақыт мерзімі қажет болады. Бұл сценарийді де ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл туралы OFAC шетелдік активтерді бақылау басқармасының «санкцияға іліккен банктердің корреспонденттік шоттары 26 наурызға дейін жабылуы тиіс» деген мәлімдемесі де көзір бола алады. Азаматтардың байбаламға салынбауын, төзімділік танытуын сұрар едім. Қай жағдайда да біздің салымдарымызға Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры кепіл болады, яғни біздің ақшамыз ешқайда жоғалмайды».

Геосаяси ахуалға байланысты Үкімет пен Ұлттық банк бірлескен іс-қимыл жоспарын іске асырмақ. Нарықтағы ахуал түбегейлі нашарлаған жағдайда Ұлттық Банк пайыздық саясат шеңберінде одан әрі шешім қабылдау үшін кеңістік қалдырып отыр.

«Ұлттық Банк қаржылық тұрақтылықты қолдауға бағытталған іс-қимылдарды, ал Үкімет дағдарысқа қарсы шаралар кешенін іске асыруда. Бюджет қаражаты есебінен жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері бойынша өтемақы (сыйақы) есептеуді қарастыратын теңгедегі салымдарды қорғау бағдарламасы жарияланды. Бұл шара банк секторының өтімділігін сақтауға, сондай-ақ теңгедегі депозиттердің тартымдылығын арттыруға бағытталған. Базалық мөлшерлеменің артуынан кейін Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры ұсынатын теңгедегі салымдар бойынша шекті мөлшерлемелер арттырылды» делінген хабарламада.

Ұлттық Банк қаржылық тұрақтылық тәуекелдері күшейген жағдайда одан әрі валюталық интервенциялар жүргізу құқығын сақтайды. Осы құралды қолдана отырып, Ұлттық Банк бейтараптық қағидатын басшылыққа алады және нарықтық баға белгілеуге кедергі келтірмейді. Айырбастау бағамының қандай да бір деңгейі таргеттелмейді. Теңгенің икемді бағамы сыртқы сектордың тәуекелдері іске асырылуы аясында маңыздылығы өскен алтынвалюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Ақша-кредит саясаты жөніндегі бұдан былайғы шешімдер геосаяси жағдайдың дамуына және қаржы нарықтарының ықпалына байланысты болады.

Сондай-ақ оқыңыз