Жаңалықтар

Өнеркәсіп министрі ArselorMittal Temirtau акционерлері Қазақстаннан қандай шарттармен кетіп жатқанын білмей ме?

Сенат отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев «ArselorMittal Temirtau» АҚ жаңа инвесторларына билік тарапынан қандай шарттар қойылатынын айтып берді.

«Бүгінде барлық қазақстандықтарды қазан айында Костенко шахтасында 46 кеншінің өліміне алып келген апат мәселесі толғандырады. Бұқаралық ақпарат құралдарының ақпараты бойынша үкімет «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның акционерлерімен алдын-ала уағдаластыққа қол жеткізген және кәсіпорынның меншік құқын Қазақстанның пайдасына беру жөніндегі мәмілені рәсімдеуді аяқтаған. Осыған байланысты бірқатар сұрақтар туындайды. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қандай шарттар қолданылады? Жалпы келіссөздер қалай жүріп жатыр? «АрселорМиттал Теміртаудың» осы уақытқа дейін банктер мен үшінші тұлғалар алдында қандай қарызы бар? Жаңа инвесторларға қандай талаптар қойылады?» деп сұрады депутат Серік Шайдаров.

Шарлапаев екі тараптың қандай шарттар жасағанын әзірге айта алмайтынын, бірақ осы жылдың соңына дейін бұл жұмыстардың аяқталатынын айтты.

«Қазіргі таңда біз «АрселлорМитал Теміртау» акционерлерімен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Біз акционерлердің Қазақстанна шығуын жылдам жүзеге асырамыз деп келістік. Оны осы айдың аяғына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Алайда халықаралық ережелерге сәйкес, бұл келісім ресми рәсімделіп, аяқталғанға дейін оның шарттары туралы айта алмаймын. Өйткені «АрселорМиттал Теміртау» акционерлері әлемге танымал компания. Келісім шарттарын біз ресми қол қойылып болған соң ғана аша аламыз. Әзерге біз Арселор Миттал қойып отырған құпиялылықты сақтау туралы шарттарды сақтауымыз керек. Арселор Миттал Қазақстаннан кетеді. Біздің ендігі міндетіміз бұл кәсіпорынның ұзақмерзімді әрі табысты жұмыс істеуін қамтамасыз ету», деді министр.

Шарлапаев кәсіпорнның Орталық Азиядағы жалғыз металлургиялық комбинат екенін, онда 32 мың адам жұмыс істейтінін айтты.

«Осы ауыспалы кезеңде біздің негізгі міндетіміз кәсіпорынның жұмысын тоқтатып алмау. Өздеріңіз де білесіздер болат құю зауытының жұмысы тоқтап қалса, оны іске қосу оңай болмайды. Домна пеші тоқтап қалса, оны қайтадан қыздыруға талай уақыт пен күш кетеді. Сол себепті біз негізінен құжаттарды рәсімдеу шараларын жүзеге асыруға және кәсіпорынның жұмысын тоқтатпауға баса мән беріп отырмыз. Қазір асығыстық танытып, бірдеңені бүлдіріп алмауға барымызды салуымыз керек. Өйткені түптеп келгенде Қазақстан Арселор Миттал кеткен соң да жұмыс істейтін және көптеген адамды жұүмыспен қамти алатын кәсіпорынмен қалуы керек», деді ол.

Ол сонымен бірге жаңа инвесторлар бірінші кезекте өндірістегі қауіпсіздік шараларын сақтауға қатысты талаптар қойылатынын атап өтті. Сонымен бірге жаңа инвестор кәсіпорнның қуатын арттыруға келісуі тиіс.

«Арселормиттал Теміртау» компаниясына шұғыл түрде өнеркәсіптік қауіпсіздікке инвестиция салу керек. Сондай-ақ қазіргі таңда АМТ 3,2 млн тонна болат өндіреді. Кәсіпорынның бұл көлемді 4,2-4,8 млн тоннаға жеткізу мүмкіндігі бар. Біз бірінші кезекте инвестордан осыларды талап етеміз. Яғни жаңа инвестор өндірісті кеңейтіп, оның қуатын арттыруы тиіс. Біз мұндай жұмыстарға қажетті инвестициялар көлемін 3 млрд доллар көлемінде бағалап отырмыз. Алғашқы уақытта ол қаражаттың 1 млрд доллары өндіріс көлемін арттыруға және өндірістегі қауіпсіздік талаптарын сақтауға жұмсалады»,- дейді министрлік басшысы.

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов та осыған дейін 3 млрд долларсыз кәсіпорынның жұмысын жүргізу қиынға соғатынын айтқан.

«Бізге жеке инвестор тарту қажет. Ол 3 млрд доллар инвестиция құюы керек. 1,3 млрд доллар дереу салынуы тиіс. Жағдай шұғыл шешімді талап етеді. Алдағы 3 жылға кем дегенде 3 млрд доллар қаржы қажет. Мұндай инвестициясыз кәсіпорынды қалыпты жағдайда дамыта алмаймыз. Отандық инвестор болады деп жоспарлап отырмыз», – деді ол.

Мәжіліс депутат Арман Қалықов компания соңғы төрт жылда 200 миллиард теңге табыс тауып, оның көп бөлігін шетелге шығарғанын айтты. Ол сонымен бірге бұл оқиғалардың барлығы жұмысшылардың өміріне салғырт қараудың салдарынан болғанын, осы кезге дейін компания қазақстандық кеншілердің өлімі есебінен байып келгенін атап өтті.